Өзгерістер мен толықтырулармен Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің 2022 жылғы 23 желтоқсандағы №192-ө өкімімен бекітілген 2023 жылға арналған Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының ішкі аудит қызметі «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Жамбыл аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК (бұдан әрі – Кәсіпорын) 2020 жылғы 1 қаңтардан 2023 жылғы 31 тамызға дейінгі кезеңге тиімділік және сәйкестік аудитін жүргізді.
Аудиторлық іс-шара барысында мынадай бұзушылықтар анықталды: медициналық қызметпен айналысуға лицензияға қосымшалар болмағанына қарамастан Кәсіпорын ересектер мен балаларға амбулаториялық-емханалық көмек көрсетті; еңбекақы төлеу бойынша бұзушылықтарға жол берілді; тар саладағы дәрігерлердің нақты жұмыс істеген жұмыс уақытын дұрыс есепке алмауы; даму жоспарларын әзірлеу, бекіту қағидаларын бұзу; іссапар шығыстары бойынша артық төлеу; тұрақсыздық айыбын өндіріп алу бойынша шаралар қабылданбады; негізгі құралдарды жоюға хаттама жасалмаған, автокөлік құралдарының ақаулы жай-күйін растайтын тексеру актілері жоқ; мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде бұзушылықтар.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 2014 жылғы 05 шілдедегі № 235-V ҚРЗ Қазақстан Республикасы кодексінің 207-бабында көзделген мемлекеттік аудит объектісі лауазымды адамдарының іс-әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылықтардың анықталған фактілері бойынша тиісті аудиторлық дәлелдемелері бар материалдар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау үшін уәкілетті органға - Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне берілді.
Бұдан басқа, лицензияға қосымшалар болмаған кезде медициналық қызметті жүзеге асыру фактісі бойынша аудиторлық есеп «Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті» РММ жіберілді.