Мемлекеттiк қызмет — мәртебелi мiндет
Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарының бiрiншi бағытында кәсiби мемлекет аппарат құрудың нақты жолдары көрсетiлген. Оның алғашқы қадамы мемлекеттiк қызметкер қабылдау рәсiмдерiн жаңғыртудан басталады. Оған себеп те жоқ емес. Өйткенi, жоғары кәсiби мемлекеттiк қызмет және басқарудың тиiмдi құрылымын құру iсiндегi мiндеттердi мiнсiз iске асыру — ең алдымен мемлекеттiк қызметшiнiң кәсiбилiгiне тiкелей байланысты. Оның үстiне бұл мемлекеттiк қызметшiнiң оң беделiн қалыптастыру және нығайту үшiн өте қажет.
Жалпы, мемлекеттiк қызметшi билiктi, өз өкiлеттiктерiн қолдана бiлуi және адал болуы керек. Қызметте өз қамы үшiн емес, мемлекет игiлiгiне еңбек етуi, мемлекет қаржысын өз қалтасымен шатастырмауы, заң талаптарымен толық сәйкестiкте өмiр сүруi, кез келген орында, лауазымда қандай жағдай болса да халықтың, өз елiнiң азаматтарының сенiмiн жоғалтпай жұмыс iстеуi, әдiлдiктiң, қарапайымдылықтың үлгiсi болып, адамдар арасында өзiн ұстай бiлуi, ұжымға басшылық жасамас бұрын, бағына бiлудi үйренуi, өз қызметкерлерiнен талап етiп отырғанын өзi орындай бiлуi қажет. Бұл — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткен, елдi тиiмдi басқару үшiн мемлекеттiк қызметшiнiң бойында болуы тиiс негiзгi қасиеттер. Әрбiр қызметшi елдiк мүддеге адал болғаны ләзiм. Мәселен, мемлекет мүддесiне нұқсан келiп жатқанын немесе сыбайлас жемқорлық әрекеттерiн көрсе, дереу араласып, шаралар қолдануы тиiс. Жоғары моральдық жауапкершiлiк, кәсiби бiлiм, оны тәжiрибеде қолдана бiлу, әдiлдiк, адалдық, белсендi өмiрлiк позициядан бастау алатын қасиеттер — осы. Мемлекеттiк қызметтегi әрбiр адам өз жұмысының маңыздылығын сезiне бiлгенi жөн.
Мемлекеттiк қызмет үшiн беделдiң функционалдық және мәртебелiк маңызы бар. Ол — халықтың және мемлекетпен жүргiзiлетiн басқарушылық қызметтiң тиiмдiлiгiн бағалау және сенiмдiлiк деңгейiнiң басты көрсеткiштерi. Мемлекеттiк қызметшiнiң оң беделiн қалыптастыру — атқарушы билiктiң имидждiк саясатымен тығыз байланысты болатыны да, сондықтан.
Мемлекеттiк қызметтiң оң имиджiне ұсынылатын негiзгi қағидалар Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметшiлерiнiң Әдеп кодексiнде (Мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметтiк әдеп қағидалары) көрiнiс тапқан. Онда: «Мемлекеттiк қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенiм бiлдiру болып табылады және мемлекеттiк қызметшiлердiң адамгершiлiгiне және моральдық-әдептiлiк бейнесiне жоғары талаптар қояды»,– деп нақты жазылған.
Мемлекеттiк қызметшi болу — зор құрмет және абыройлы мiндет. Сондықтан, қызметшiнiң кәсiби бiлiктiлiгi жоғары болуы тиiс және жоғары адамгершiлiк қасиеттерге ие болған абзал. Әсiресе, қазiргiдей жаңа ақпараттық технологиялар мен БАҚ еркiндiгi туған шақта бұған баса көңiл бөлген жөн. Себебi, бiр терiс қылық жасап, шалыс қадам басса, ол сол сәтте әлеуметтiк желi арқылы қалың бұқараға әшкере болуы мүмкiн. Ал бұл мемлекеттiк қызметшiнiң имиджiн былғап, халықтың сенiмiн азайтады. Мемлекеттiк қызметшi болуға үмiткер адамдар халық алдында жауапкершiлiктi сезiне бiлсе, мемлекеттiк қызметтiң беделiн көтеруге үлес қосады.
Мемлекеттiк қызметшiнiң оң имиджiн қалыптастыру идеологиялық, саяси және мәдени аспектiлердi көздейдi. Ол — қиын және ұзақ үрдiс. Мемлекеттiк қызметкердiң жұмысы мен өзiн-өзi ұстауы жұрттың көз алдында. Сондықтан оның беделi — мемлекет беделi деуге болады. Мемлекеттiк қызметкерлердiң және жалпы билiктегi мемлекеттiк орган басшыларының жұмысына қарап халық билiкке баға бередi. Осыдан-ақ мемлекеттiк қызметкерлерге жүктелген жауапкершiлiктiң үлкендiгiн байқай аласыз.
Мемлекеттiк қызметшiнiң басты мiндетi — халыққа адал қызмет ету. Оны ешуақытта ұмытуға болмайды. Мемлекеттiк қызметке келгендердiң барлығы қарапайым халыққа қызмет ететiнiн есте сақтауы керек. Оның негiзгi қызметi — халықтың игiлiгiне жұмыс жасап, елге қолайлы жағдай туғызу. Мемлекеттiк органға шағымданған, жүгiнген кез келген адам, мемлекет көрсетуге тиiстi қызметтiң барлығын еш кедергiсiз, дер кезiнде және сапалы түрде алуы тиiс. Президент Н.Назарбаевтың: «Мемлекеттiк қызметке бiз жұмыс iстеу үшiн шақырамыз. Себебi, халқымыз бiздi өзiне жұмыс iстеу үшiн жалдайды. Сондықтан, бiз өзiмiздiң халықтың қызметшiсi екенiмiздi ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр iсте әдiл болып, әрбiр адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсiнiп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсiндiрiп, дұрыс жауап берiп, шығарып салу — бiздiң парызымыз. Сонда әкiмшiлiк те, мемлекеттiк қызметкерлер де халыққа жақын болады», — деген сөзi атқарушы органдар басшыларының көкейiнде тұруы қажет.
Серiкбаев Сейiлхан
облыс әкiмi аппаратының әдеп жөнiндегi уәкiлi