Меню

Страницы

Статья

2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы Жамбыл ауданының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары

2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы

Жамбыл ауданының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары

 

Құрметті  жиынға қатысушылар!

 

 Бүгін дәстүр бойынша біз жарты жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылап және ауданның одан әрі даму перспективаларын белгілеу үшін халық алдында есеп беру кездесулерін бастаймыз.

Жергілікті атқарушы органдардың жұмысы нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізуге, проблемалық мәселелерді шешуге және аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Жалпы, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша барлық негізгі көрсеткіштерде оң динамикаға қол жеткізілді.

2026 жылдың 6 айында аудан бойынша 4,9 млрд теңгенің ауыл шаруашылығының жалпы өнімі өндірілді. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 104,3%-ды құрады (негізінен мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемінің артуы есебінен).

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 7,0 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 118,3% болды. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі                   6,5 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 123,7%-ға жетті.

Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының негізгі салаларының бірі болып қала береді. Бүгінде ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен 239 ауыл шаруашылығы құрылымы айналысады. Бұл салада экономикалық белсенді халықтың                          45 пайыздан астамы еңбек етеді.

Биылғы жылы егіс алқаптарының құрылымы дәстүрлі түрде негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге бағытталды. Егіс алқаптарының шамамен 60 пайызын дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 34,5 пайызын майлы дақылдар алып жатыр. Мал азықтық дақылдар 17,3 мың гектар алқапқа орналастырылды. Картоп                         638 гектарға, көкөніс 27 гектарға егілді.

Өнімділікті арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Көктемгі-жазғы кезеңде 24 мың тоннадан астам минералдық тыңайтқыш енгізілді. Салыстырмалы түрде айтқанда, өткен жылдың осы кезеңінде 299 мың гектар алқапқа 22,5 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізілген болатын.

Жазғы кезеңде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егістіктерді химиялық өңдеу, өсімдіктерді зиянкестер мен аурулардан қорғау сияқты барлық қажетті агротехникалық іс-шараларды жүргізуде. Бұл – болашақ өнімнің мол болуына тікелей әсер ететін маңызды жұмыстардың бірі.

Жыл басынан бері ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы құны 3,7 млрд теңгені құрайтын 87 бірлік заманауи ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Салыстырмалы түрде айтқанда, өткен жылдың осы кезеңінде 927 млн теңгеге 55 бірлік техника алынған болатын. Машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады.

Пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары да жалғасуда. Жылдық жоспар 3 мың гектар болса, бүгінгі күнге дейін 2 004 гектар жер қайтарылды. Бұл жылдық жоспардың 66,7 пайызын құрайды.

Мал шаруашылығын жемшөппен қамтамасыз ету де маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Ауданда шөп шабу науқаны қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі таңда 52 мың тонна шөп дайындалып, бұл жоспардың 87 пайызын құрайды. Сондай-ақ 6,2 мың тонна пішендеме дайындалып, жоспардың орындалуы 55,4 пайызға жетті.

Мал шаруашылығы саласында да оң өсім сақталуда. Өткен жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы жануарларының барлық негізгі түрлері бойынша мал басы көбейді. Сонымен қатар ет, сүт және жұмыртқа өндіру көлемі де артып келеді.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 миллиард 528 миллион теңгені құрады.

Бүгінде ауданымызда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар табысты жұмыс істеуде. Благовещенка ауылындағы «Династия Агро» ЖШС майлы дақылдарды өңдейді. Кабань ауылындағы «Астық» шаруа қожалығы ет өнімдерін, жартылай фабрикаттар мен шұжық өнімдерін өндіреді. Бұл өнімдер ауданымыздағы дүкен сөрелеріне жеткізіліп, тұрғындарымыздың сапалы әрі жергілікті өнімдерді тұтынуына мүмкіндік беріп отыр.

Сондай-ақ, «Шатило и К» ЖШС-нің Преснов астық қабылдау кәсіпорнын жаңғырту жобасын ерекше атап өткім келеді. Жобаға                  2,3 миллиард теңге инвестиция салынуда, нәтижесінде 10 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны ағымдағы жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланған. Бұл – инвестициялардың аудан экономикасын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға қосып отырған нақты үлесінің айқын көрінісі.

Бүгінде ауданда 777 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бұл – жаңа жұмыс орындарын ашып, салық төлеп, ауылдарымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып отырған кәсіпкерлер.

(Анықтама: Ағымдағы жылдың алты айында бөлшек сауда көлемі                              3,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда                15 пайызға артты.)

Пресновка ауылында 50 миллион теңге инвестиция есебінен ашылған «Мегабит» супермаркеті табысты жұмыс істеуде. Сонымен қатар, аудан тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсететін «Феникс» мейрамханасы да сұранысқа ие қоғамдық тамақтану орындарының біріне айналды.

Ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Бүгінде әлеуетті қатысушылар тізімінде 36 адам бар. Оның ішінде                   10 тұрғын өтінім беріп, 3 кәсіпкер өз жобаларын іске асыруға қаржыландыру алды. Өтінімдерді қабылдау жалғасуда. Өз кәсібін ашуды немесе кеңейтуді жоспарлаған азаматтарды осы мүмкіндікті пайдалануға шақырамыз.

Сонымен қатар, ауданда тауарлық несие беру тетігі іске асырылуда. Биыл 16 қатысушыға өсіру үшін 1100 бес күндік қаз балапаны берілді. (Бағдарлама шарттарына сәйкес, алынған құстың тек                       10 пайызын қайтару қажет, ал қалған 90 пайызы қатысушылардың иелігінде қалады.) Бұл – жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуға және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған нақты қолдау.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және жеке бастамаларды қолдау нәтижесінде 470 адам жұмыспен қамтылды. Бұл жылдық жоспардың 60,6 пайызын құрайды. Жыл басынан бері 300-ден астам аудан тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасты, ал алты ай ішінде 240 жаңа жұмыс орны ашылды.

Әрбір 10 мың тұрғынға шаққанда жаңа жұмыс орындарын құру көрсеткіші бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жоспар            96 жұмыс орнын құрайды. Бүгінгі таңда осы көрсеткіш бойынша 21 жаңа жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін жұмыс берушілермен және инвесторлармен бірлесіп, белгіленген межеге қол жеткізу бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.

Ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша ауданда ресми тіркелген жұмыссыздар саны 207 адамды құрайды.

Халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Біздің басты міндетіміз – әрбір аудан тұрғынының тұрақты жұмысқа орналасуына және тұрақты табыс табуына жағдай жасау.

Азаматтарды еңбек күші артық өңірлерден қоныс аудару мәселесі де өзекті бағыттардың бірі болып қала береді.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 7 ауылдық округке             38 отбасы, яғни 153 адам өңіраралық қоныс аудару квотасына енгізілді. Қоныс аударған отбасыларға 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көшуге арналған субсидия және тұрғын үйді жалға алу шығындарын өтеу түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Еңбекке қабілетті                      68 адамның 19-ы жұмыспен қамтылды.

Жол инфрақұрылымын дамыту – ауданымыздың басым бағыттарының бірі.

Қазіргі таңда облыстық бюджет қаражаты есебінен екі өтпелі жоба іске асырылуда.

Бірінші жоба – «Мирное – Айымжан – Пресновка – Қайранкөл» автомобиль жолын орташа жөндеу. Жобаны «Ани-2012» ЖШС жүзеге асыруда. Жобаның жалпы құны 476,3 миллион теңгені құрайды.

2025 жылы ұзындығы 800 метр болатын жолдың ісінген учаскелерін қалпына келтіру және жол негізін төсеу жұмыстары орындалды.

Биыл құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда нысанның дайындық деңгейі шамамен 90 пайызды құрайды. Мердігер ұйым жол негізін нығыздау және жол жиегін салу жұмыстарын аяқтауда. Барлық технологиялық жұмыстар толық аяқталғаннан кейін жол пайдалануға беріледі.

Екінші жоба – Казанка ауылына кіреберіс ұзындығы                            12,5 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеу. Жобаның жалпы құны 719 миллион теңгені құрайды.

(Мердігер ұйым «Искер-Т» ЖШС жол құрылысы барысында келісімшарт талаптарын тиісінше орындамаған. Тексеру нәтижесінде анықталған көптеген кемшіліктер бүгінгі күнге дейін жойылған жоқ. Осыған байланысты аудан әкімдігі сотқа жүгініп, мердігермен жасалған шартты бұзу, төленген қаражатты қайтару, оны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және сақтандыру төлемін өндіріп алу туралы талап қойды.)

Мердігер ұйыммен байланысты заңнамада көзделген барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін аталған нысанды жаңа мердігерді тарта отырып аяқтау жөнінде шешім қабылданатын болады.

Сонымен қатар, Пресновка – Қайранкөл – Петровка – Жаңажол – Бауман станциясы автомобиль жолының 11-30 шақырым аралығын орташа жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 120 миллион теңгені құрайды. Бюджеттік өтінім жолданды. Қаржыландыру бөлінген жағдайда аудан тұрғындары үшін маңызды бұл жобаны іске асыру жұмыстары басталады.

Сонымен қатар, биыл Пресновка, Благовещенка, Қайранкөл және Троицкое ауылдарында ауылішілік көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Бүгінде ауданның 42 елді мекені, яғни халықтың 100 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген.

Есепті кезеңде Айымжан ауылындағы су тарату желілеріне және Благовещенка ауылындағы су құбыры желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ауданда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясындағы жұмыстар жалғасуда. Бүгінгі күнге дейін               5 857 тонна қоқыс шығарылып, 13 сенбілік ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 2 864 ағаш пен 75 бұта отырғызылды.

Елді мекендердің ішкі жолдарын қиыршық таспен төсеу және тегістеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстарға мердігер ұйымдардың техникасы мен ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің ресурстары тартылуда.

Халықпен кері байланысты күшейту мақсатында әлеуметтік желілерде @TazaQazBot Telegram чат-боты іске қосылды. Бұл сервис тұрғындарға экологиялық мәселелерді жедел хабарлауға мүмкіндік береді. Пайдаланушылар проблемалы учаскені суретке түсіріп, орналасқан жерін көрсетіп және мәселенің сипаттамасын жіберу арқылы өтінім жолдай алады.

Сонымен қатар, 0,4 кВ әуе электр желілері мен 10/0,4 кВ кешенді трансформаторлық қосалқы станцияларын салу жөніндегі екі жылдық жоба іске асырылуда. Есепті кезеңде қуаты 100 кВА-дан 400 кВА-ға дейінгі 13 кешенді трансформаторлық қосалқы станция орнатылып, қорғаныштық жерге тұйықтау контурлары жасалды. Темір-бетон тіректері орнатылып, траверстер, ажыратқыштар, қорғаныс құрылғылары және нысанды пайдалануға беруге қажетті электр желісінің басқа да элементтері монтаждалды.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жаңа құрылыс нысандарын салу жұмыстары жүргізілген жоқ.

  Аудан тұрғындарына медициналық көмекті 26 дәрігер,                     1 провизор және 120 орта буын медицина қызметкері көрсетуде. Сонымен қатар, кадр тапшылығы мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Биыл ауданға бір жалпы практика дәрігерінің келуі күтілуде. Дегенмен, әлі де кардиолог, терапевт, жалпы практика дәрігері және 5 орта буын медицина қызметкері қажет.

Тұрғындардың қажетті медициналық көмекті тұрғылықты жерінде алуына жағдай жасау мақсатында ауданда невропатолог, функционалдық диагностика дәрігері, рентгенолог және эндокринолог қоса атқарушылық негізде қызмет көрсетуде.

Сонымен қатар, ауылдық елді мекендерде жылжымалы медициналық кешен тұрақты жұмыс істейді. Оның көмегімен тұрғындар аудан орталығына бармай-ақ акушер-гинекологтың, терапевтің, гастроэнтерологтың және басқа да мамандардың қабылдауынан өтіп, қажетті медициналық кеңес ала алады.

Аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасуда. Меншікті қаражат есебінен 7,4 миллион теңгеге медициналық жабдықтар мен жиһаз сатып алынды. Сондай-ақ,                        31 миллион теңгеге жаңа толық жетекті жедел медициналық жәрдем автокөлігі алынып, пациенттерді қауіпсіз тасымалдауға пайдаланылуда. Железное ауылындағы медициналық пунктке су құбыры тартылып, ғимараттың шатыры жаңартылды. Жылдың екінші жартысында автоклав кабинеттеріне жөндеу жүргізу және стационардағы бейнебақылау жүйесін жаңғырту жоспарлануда.

Ауданда 24 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде                    21 орта мектеп және 3 негізгі мектеп бар. Жалпы оқушылар контингенті 2 397 оқушыны құрайды.

Есепті кезеңде «Лесная поляна» жазғы сауықтыру лагеріне                   91,3 миллион теңге көлемінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жаңа оқу жылына дайындық аясында аудан мектептері үшін                   8 079,2 тонна көмір сатып алуға шарттар жасалды. Сонымен қатар, 10,9 миллион теңгеге оқулықтар сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бірінші сыныпқа құжат қабылдау жалғасуда. Биыл 220 бірінші сынып оқушысын қабылдау жоспарланып отыр.

Мәдениет саласында материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстары жыл сайын жалғасуда. Биыл 21 миллион теңгеге «Газель» автокөлігі, 16 миллион теңгеге көшпелі сахна және               13 миллион теңгеге LED экран сатып алынды. Жалпы бөлінген қаражат көлемі 50 миллион теңгені құрады.

Сонымен қатар, 2026 жылы Пресновка ауылындағы өлкетану музейінің ғимаратына арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаржы бөлінді. Сондай-ақ Жаңажол ауылдық мәдениет үйінің шатырына күрделі жөндеу жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттама дайын.

Аудан тұрғындарының игілігіне 122 спорт нысаны қызмет көрсетуде. Оның ішінде стадиондар, хоккей корттары, спорт алаңдары, жасанды жабындысы бар футбол алаңдары, стрит-воркаут алаңдары, сондай-ақ тартан жабыны бар волейбол және баскетбол алаңдары бар.

Спорт саласының материалдық-техникалық базасы да тұрақты түрде жаңартылып келеді. Биыл спорттық құрал-жабдықтар сатып алуға 6 миллион теңге бөлініп, толық игерілді.

2026 жылы аудан спортшылары «Солтүстік», «Үміт», «Ұлттық спорт түрлері» және «Ақ бидай» облыстық спартакиадаларына қатысты. Қысқы «Солтүстік» спартакиадасында Жамбыл ауданының құрамасы жалпыкомандалық бірінші орынды иеленді. Ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық спартакиадада аудан 7-орынға тұрақтады.

Ал «Ақ бидай» жазғы облыстық спартакиадасының финалында аудан спортшылары еркін күрес, жеңіл атлетика, ауыр атлетика және гір спортынан жоғары нәтижелер көрсетті.

Құрметті жерлестер!

23 тамыз күні Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді.                         Бұл – әрбір азамат үшін маңызды саяси науқан. Өз таңдауыңызды жасау арқылы еліміздің болашағын айқындауға үлес қосасыз. Әрбір сайлаушының дауысы маңызды және ол азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Баршаңызды сайлау күні белсенділік танытып, сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауыңызды жасауға шақырамын. Елдің болашағы мен демократиялық құндылықтарының нығаюы – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.

 

Дата публикации
04 августа 2026
Дата обновления
04 августа 2026
Тип

Сейчас читают

23 октября 2026
Ақпараттық хабарлама ЕАЭО елдерінде еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде азаматтардың еңбек және азаматтық-құқықтық шарттар жасасуының маңыздылығы туралы
23 октября 2026
Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыларға сеніп тапсыратын салымшылар саны артып келеді
16 октября 2026
БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын кесте бойынша төлеу: төлем мөлшері қалай есептеледі және қайда жүгіну қажет?

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы