28-30 қыркүйек аралығында Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданында қой мен ешкі блютангының таралуы кезіндегі іс-шараларды пысықтау бойынша симуляциялық оқу-жаттығулар өткізілді. Оқу-жаттығулар Қазақстан Республикасы ветеринариялық қызметінің 2026 жылға бекітілген симуляциялық жаттығулар жоспарына сәйкес ұйымдастырылды
Негізгі мақсаты – ветеринариялық қызметтің жедел ден қоюға, аурудың ықтимал ошағын оқшаулауға және жоюға дайындығын тексеру, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру. Практикалық іс-шаралар барысында мамандар ауруға күдікті анықтау, эпизоотологиялық тексеру жүргізу, сынамалар алып, зертханалық зерттеуге жіберу, күмәнді жануарларды оқшаулау, шектеу аймақтарын белгілеу және эпизоотияға қарсы іс-шаралар кешенін жүргізу кезіндегі іс-қимылдар тәртібін пысықтады. Жедел ақпарат алмасуға, басқарушылық шешімдер қабылдауға және ветеринариялық қызметтің төтенше жағдайлар, ішкі істер және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды. Оқу-жаттығуға Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының, мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар мен ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекцияларының мамандары қатысты.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы ветеринариялық қызметінің аумақтық органдарының блютанг ошағы пайда болған кезде уақтылы ден қоюға және қажетті іс-шараларды өткізуге дайындығы расталды. Өткізілген оқу-жаттығулар мамандардың практикалық дайындығын арттыруға, ден қоюдың қолданыстағы алгоритмдерінің тиімділігін бағалауға және барлық жұмылдырылған қызметтердің өзара іс-қимылын нығайтуға мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес асыранды иттер мен мысықтарды тіркеу және чип салу – міндетті рәсім. Алайда бұл тек заң талаптарын сақтау ғана емес: үй жануарына салынған микрочип — оның өмірін қорғаудың нақты құралы.
Чип жануарды тұрақты түрде сәйкестендіруге мүмкіндік береді және үй жануары қай жерде жүрсе де, оны иесімен сенімді түрде байланыстырады. Егер ит немесе мысық жоғалып кетсе, кез келген панажай қызметкері немесе ветеринар чипті сканерлеп, жануарларды есепке алудың бірыңғай мемлекеттік базасындағы (TANBA) деректерді тексеріп, иесінің байланыс деректерін тауып, үй жануарын бірден иесіне қайтара алады.
2026 жылғы 28 тамыздан бастап Қазақстанда үй жануарларын есепке алудың жаңартылған қағидалары қолданылады. Иттер мен мысықтар үшін микрочип міндетті сәйкестендіру құралына айналды. Қалған үй жануарлары үшін иесі бұрынғыдай есепке алу тәсілін өз қалауы бойынша таңдай алады.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 68-бабына сәйкес халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатына жататын азаматтарға ғана тегін чип салу көзделген.
Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген ардагерлер;
- І және ІІ топтардағы мүгедектігі бар адамдар;
- мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар;
- жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
- жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- қандастар;
- экологиялық зілзалалар, төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар;
- көпбалалы отбасылар;
- толық емес отбасылар жатады.
Чип салу туралы мәліметтер TANBA бірыңғай дерекқорына енгізіледі. Тіркеуден кейін үй жануары туралы ақпарат eGov Mobile қосымшасындағы жануардың цифрлық паспортында көрсетіледі. Чипте қолдан жасауға немесе қайталауға болмайтын бірегей 15 таңбалы нөмір болады.
Үй жануарларын тегін чип салу үшін иелері тұрғылықты жері бойынша ветеринариялық станцияларға жүгіне алады.
Чиптің болуы жануарларға неғұрлым жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді және иесіз иттер мен мысықтар мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
«Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы» КММ 2026 жылғы 01 қазан сағат 10:00-де СҚО Петропавл қаласы Жамбыл Жабаев көшесі, 302 мекенжайы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау нәтижелері жария талқыланатыны туралы хабарлайды.
Талқылауға қатысу мәселелері бойынша әкімшілік-құқықтық бөлімнің бас маманы Спартак Арыстанұлы Қалиевке 8 (715-2) 50-49-68 телефоны арқылы хабарласуға болады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың себептері мен жағдайларын анықтау және зерделеу мақсатында Ветеринария басқармасы 2026 жылғы 01 - 30 қыркүйек аралығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуді жоспарлап отыр.
Барлық мүдделі тұлғалар жұмыс тобының құрамында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдауға қатыса алады.
Талдауға қатысу мәселелері бойынша Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының әкімшілік-құқықтық бөлімінің басшысы С.А. Қалиевке 50-49-68 телефон нөмірі бойынша хабарласуға болады
2026 жылғы 08-10 шілдеде Есіл ауданында «Жазғы кезеңде ТЖ салдарының алдын алу және жою бойынша басқару органдарының, төтенше жағдайлар комиссияларының іс-әрекеттері және азаматтық қорғаныс іс-шараларын орындау» тақырыбы бойынша кешенді оқу-жаттығулар өткізілді.
Осы оқу-жаттығуларға «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы» КММ «Есіл ауданының ветеринариялық станциясы» ШЖҚ МКК негізінде құрылған Азаматтық қорғаудың аудандық жануарларды қорғау қызметі қатысты, оның құрамында 4 адамнан тұратын жеке құрам мен 2 бірлік техника («УАЗ» фермер, «Нива» жеңіл автокөлігі) бар.
Оқу-жаттығулардың практикалық бөлігі басталар алдында аудандық жануарларды қорғау қызметінің жеке құрамы сапқа тұрғызылды, құрал-саймандармен жабдықталуы, жеке қорғану құралдарының бар-жоғы тексерілді, сондай – ақ «УАЗ» фермер автокөлігі көмегімен өрт қаупі бар аймақтан 3 бас ҰҚМ қауіпсіз орындарға көшірілді.
Аудандық жануарларды қорғау командасының құралымдары төтенше жағдайлардағы іс-қимылдарға даярлығын көрсетті.
2026 жылғы 20 маусым - 3 шілде аралығында «Исаков Андрей» ЖҚҚ панажайы негізінде Fondation Brigitte Bardot және Tierschutz Entwicklungshilfe e.V. (Германия) халықаралық зооқорғау ұйымының қолдауымен жануарларға ізгілікпен қарауды дамытуға және ветеринар мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған халықаралық қайырымдылық акциясы сәтті өтті.
Мұндай іс-шараларды өткізу қараусыз қалған жануарлардың санын ізгілікпен реттеуге, жұқпалы аурулардың таралуын болдырмауға және үй жануарларына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ықпал етеді.
Осы кезеңде облыс және Петропавл қаласы аудандары ветеринариялық станцияларының ветеринар мамандары халықаралық сарапшылардың жетекшілігімен иттер мен мысықтарды кастрациялау мен стерилдеудің заманауи технологиялары бойынша теориялық оқытудан өтті. Оқыту қорытындысы бойынша 32 маман иттер мен мысықтарды кастрациялау жөніндегі халықаралық науқанға белсенді қатысқанын және хирургиялық операцияларды жүргізудің заманауи қауіпсіз әдістерін табысты игергенін растайтын атаулы сертификаттар алды.
Сонымен қатар, Петропавл қаласы ветеринариялық станциясының мамандары акция аясында иелері халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын үй жануарларына тегін чип салуды жүргізді. Акцияны өткізу кезеңінде 23 үй жануары, оның ішінде 12 ит пен 11 мысық бірдейлендірілді.
2026 жылғы 10 шілдеде Ветеринариялық қызметкер күні мен Мал шаруашылығы саласы қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Мерекеге қатысушыларға Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қанат Малғаждарұлы Дүзелбаев құттықтау сөз сөйлеп, өңірдің ветеринариялық қауіпсіздігі мен азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етудегі олардың еңбегінің ерекше маңыздылығы мен мәнділігін атап өтті.
Іс-шара барысында ол А. А. Нұрғожинге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Алғыс хатын, Е. А. Касиновқа «Еңбек ардагері» медалін, сондай-ақ Е. С. Дүйсенбеков пен О. А. Жаманаевқа «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілерін табыс етті.
Озаттарды құрметтеуді ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Маратұлы Токужинов жалғастырып, ерекше көзге түскен қызметкерлерге облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыс етті.
Кәсіподақ атынан «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекет Қауасханұлы Нұғыманов еңбек озаттарын «Елеулі еңбегі үшін» медалімен және II дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттап, сала ардагерлеріне «Құрметті ардагер» медальдарын табыс етті.
Ресми бөлімнің соңында Ветеринария басқармасының басшысы Жанат Қабижанұлы Әміржанов мамандарға облыс әкімінің бірінші орынбасары атынан алғыс хаттар табыстап, үздік мамандарды III дәрежелі «Еңбек даңқы» медалімен марапаттады.
Белгілі өнерпаздардың әсерлі музыкалық тартулары мерекелік шараның сәнін келтіріп, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.
Барлық марапат иелерін лайықты марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз!
Мемлекеттік қызметші күніне орай қаржыландыру және бухгалтерлік есеп бөлімінің бас маманы Сүлейменова Ақерке Батырбекқызы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Торсанұлы Нұрмұхамбетовтің Алғыс хатымен марапатталды.
Жоғары марапат көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсіби біліктілігі, өз ісіне деген жауапкершілігі және мемлекеттік қызметті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін табысталды.
Ақерке Батырбекқызын лайықты марапатымен құттықтаймыз және зор денсаулық, қызметте жаңа жетістіктер мен табыстарға жетуді тілейміз!
2026 жылғы 19 мамырда Мемлекет басшысы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Негізгі өзгерістердің бірі – үй жануарларын бірдейлендірудің бірыңғай тәсілі ретінде иттер мен мысықтарға міндетті түрде чип салу және тіркеу.
Солтүстік Қазақстан облысында үй жануарларына чип салу жұмыстары жалғасуда. Аудандар мен Петропавл қаласының ветеринариялық станциялары халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін чипті тегін салады.
Бүгінгі таңда облыста халықтың әлеуметтік осал топтарының 9000-ға жуық үй жануары есепке алынды. Осы жылы аудандардың ветеринариялық станциялары 4000-ға жуық ит пен мысыққа чип салуды жоспарлап отыр.
Ветеринариялық станция мамандары жүйелі түрде аудандардағы елді мекендерге шығып тұрады.
Қызылжар ауданы Бескөл ауылында да үй жануарларын чип салу және тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Үй жануарларына жауапкершілікпен қарау — олардың және айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне деген қамқорлық 🐾
2026 жылғы 22 сәуірде Тимирязев ауылының аудандық әкімдігінде «Тимирязев ауданының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту қорытындылары мен перспективалары» тақырыбында семинар-кеңес өтті. Іс-шара аудан әкімі Ерлан Қайырұлы Жаровтың төрағалығымен өтті.
Кеңес жұмысына Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Арман Қанатұлы Илюкин қатысып, баяндама жасады.
Өз сөзінде ол Тимирязев ауданында 2025 жылы 532 мың вакциналау және жануарларға 55 мың зерттеу жүргізілгенін атап өтті. Бұл жұмыстар аумақтың эпизоотиялық салауаттылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
2026 жылға арналған жоспарларға ерекше назар аударылды. Ауданда шамамен 366 мың вакциналау және 63 мың диагностикалық және аллергиялық зерттеу жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар ауданның ветеринариялық қызметінің материалдық-техникалық базасын дамыту жұмыстары жалғасады (ветеринариялық пункттер сатып алу, ветеринариялық көмекші жабдықтармен қамтамасыз ету, мал қорымдарын салу).