Балық және балық өнімдеріне ветеринариялық құжаттарды беру кезінде ветеринариялық талаптарды сақтау туралы

Балық және балық өнімдеріне ветеринариялық құжаттарды беру кезінде ветеринариялық талаптарды сақтау туралы

2025 жылғы 08 қаңтарда «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ Солтүстік Қазақстан облысының балық инспекциясы бөлімінің басшысы Ильдар Әлімжанұлы Кәкімовтің қатысуымен аудандардың ветеринариялық станцияларының директорларымен және Петропавл қаласы ветеринариялық станциясының басшысымен, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсететін жауапты мамандармен «Балықтар мен басқа да су жануарларының мониторингі қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі бұйрығының, «Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларын және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы № 7-1/453 бұйрығының талаптарын сақтау туралы бейнеконференц-байланыс режимінде кеңес өткізілді.

          Кеңес барысында И.Ә. Кәкімов балықтар мен басқа да су жануарларының мемлекеттік мониторингі ақпараттық жүйесін енгізу мәселесін қозғады. Балықтар мен басқа да су жануарларының мониторингі қағидаларына сәйкес жергілікті атқарушы органдарға есеп беретін ветеринариялық қызметтердің қызметкерлері тиісті облыстың әкімшілік шекаралары шегінде балықтарды және басқа да су жануарларын өткізу, тасымалдау үшін арыз иесінің өтініші бойынша белгіленген мерзімдерде балық және басқа да су жануарлары мониторингі ақпараттық жүйесінде балықтың қайдан ауланғаны туралы анықтама берілгені туралы мәліметтер болған кезде ғана ветеринариялық анықтама береді.

          Ветеринария басқармасының ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар бөлімінің басшысы Наталья Евгеньевна Тараканова ветеринариялық құжаттарды беру тәртібін реттейтін заңнаманың және нормативтік құқықтық актілердің негізгі талаптарын атап өтті. Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларына сәйкес бес килограмнан астам балыққа, артемия салинаға (цисталар) № 2 үлгідегі ветеринариялық анықтама беру кезінде «Басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі» ақпараттық жүйесінде қайдан ауланғаны туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы тіркелуі тиіс.

          Кеңес барысында талқыланып отырған тақырыптар бойынша сұрақтар қойылып, жауаптар алынды.