салтанатты түрде марапаттау

салтанатты түрде марапаттау

Ақордада су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысқан қазақстандықтарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Президент марапаттағандар қатарында біздің әріптесіміз – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы ветеринариялық станциясының Якорь ауылдық округінің ветеринар фельдшері Ғабит Есілбайұлы Мусин де болды. 

Салтанатты шарада Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы табиғи апат еліміздің тарихындағы ең жойқын оқиғалардың бірі болғанын атап өтті.

«Сын сағатта еліміз ырысты ынтымағын танытты. Біз табиғи апат кезінде жұрт болып жұмылдық. Біртұтас ел екенімізді көрсеттік. Құтқарушылар, әскерилер, ішкі істер органдары мен әкімдік қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеді. Олар Отан алдындағы парызын мінсіз атқарды. Бір сөзбен, антқа адал болды», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Барлығы 11 солтүстікқазақстандық жоғары марапатқа ие болды. Олардың арасында төтенше жағдайларда жұмыс атқарған Қызылжар ветеринариялық станциясының Якорь ауылдық округінің ветеринар фельдшері Ғабит Есілбайұлы Мусин де бар.

Қазақстан Республикасының Президенті оған жанқиярлық еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалін табыс етті.