
Жануарларды қорғау, оларға қарау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам мен жануарларға ортақ аса қауіпті құтыру ауруы бойынша эпизоотиялық жағдайды сақтау, адамгершілікті нығайту және қоғамның ізгілік қағидаттарын сақтау мақсатында жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық қатынастар «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы Заңымен реттелген.
Осы Заңның талаптарына сәйкес жануардың иесіне немесе жауапты адамға белгілі бір жауапкершілік жүктелген.
Атап айтқанда, олар үй жануарларына қарау және оларды ұстау кезінде:
- ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалардың, ветеринариялық және гигиеналық нормативтердің талаптарын сақтауға;
- үй жануарларын есепке алу қағидаларына сәйкес үй жануарларын есепке алуды жүргізуге;
- үй жануарына Қазақстан Республикасының ветеринария туралы заңнамасына сәйкес ветеринариялық көмектің уақтылы көрсетілуін және профилактикалық ветеринариялық іс-шаралардың, оның ішінде вакциналаудың уақтылы жүргізілуін қамтамасыз етуге;
- адамның және (немесе) жануардың өмірі мен саулығына, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне үй жануарының зиян келтіруін болғызбау үшін қажетті қауіпсіздік шараларын қабылдауға;
- стерилизациялау арқылы үй жануарларының қалаусыз ұрпағын болғызбау бойынша шаралар қабылдауға;
- үй жануарларының тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды, оның ішінде кондоминиум объектілерін, қоғамдық орындарды ластауына, сондай-ақ үй жануарларының қоршаған ортаға зиян келтіруіне жол бермеуге міндетті.
Жануарларға қарау кезінде:
- жануарлар және (немесе) олардың ұрпағы жануарларға арналған панажайларға орналастырылғанға немесе өзге де заңды тәсілмен иеліктен шығарылғанға дейін жануарлар иелерінің немесе жауапты адамдардың оларды ұстау жөніндегі міндеттерін орындаудан бас тартуына;
- иттердің өз бетінше серуендеуіне;
- үй жануарларының мінез-құлқын бақылай алмайтын, оның ішінде алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамдардың оларды серуендетуіне;
- жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануары жануардың иесіне және (немесе) жауапты адамға меншік құқығымен немесе өзге де заңды негізде тиесілі қоршалған аумақта болатын жағдайларды қоспағанда, серуендету орнына қарамастан, жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарларын тұмылдырықсыз және қарғыбаусыз серуендетуге;
- он алты жасқа толмаған адамдарға жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарларын серуендетуге тыйым салынады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің «Жануарларға қатыгездікпен қарау» туралы 407-1-бабына, «Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасын бұзу» туралы 407-2-бабына сәйкес жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылады.