Жануарлар трихофитиясы (бұзаутаз): белгілері, емдеу, алдын алу

Жануарлар трихофитиясы (бұзаутаз): белгілері, емдеу, алдын алу

Трихофития немесе бұзаутаз – теріде күрт шектеулі дөңгелек дақтардың пайда болуымен, терінің және фолликулалардың қабыну реакциясымен сипатталатын жануарлар мен адамның жұқпалы зең ауруы.

Ауру барлық жерде, әсіресе жануарлар үшін қалыпты зоогигиеналық жағдайлар жасалмаған шаруашылықтарда кездеседі.

Ірі қара, жылқы, ит, мысық ауруға тез шалдыққыш келеді. Шошқалар, қойлар мен ешкілер сирек ауырады. Жабайы кеміргіштер де ауру жұқтырады.

Инфекция қоздырғышының көзі – ауру және ауырып жазылған жануарлар, қызмет көрсетуші персонал, ластанған жемшөп, малдың астына төсейтін төсеме, құрал-жабдықтар, қи, топырақ. Зең споралары ауа арқылы тасымалдануы мүмкін. Сондай-ақ, ауру кеміргіштер, яғни егеуқұйрықтар, үй және дала тышқандары арқылы да тасымалданады.

Трихофития ауруына жыл бойы шалдығуы мүмкін, бірақ қыста және көктемде жиірек ауырады, бұған ауа райының ылғалдылығы, сондай-ақ жануарлардың ылғалды, ластанған, нашар желдетілетін жерлерде тұруы, әсіресе азық сапасының төмендігі мен біркелкілігі себеп болады.

Ауыл шаруашылығы жануарларындағы клиникалық белгілер: ірі қара малдың негізінен бас терісі, құлақ жарғағының түбі, танауының ұшы, қабақтары, мойны зақымданады. Жылқылардың көбінесе бас терісі, құйрығының түбі және аяқтары зақымданады. Қой-ешкі мен шошқалар трихофитиямен сирек ауырады, негізінен арқа, бас және денесінің басқа да тұстары зақымданады.  

Трихофитияның қышыма, экзема, дерматиттен ерекшелігі – онда зақымданған жер анық көзге көрінетін дөңгелек пішінді, қалың қабыршақты болады.    

Емдеу шаралары уақытында басталса, инфекция таралуының алдын алуға болады. Емдеу кезінде ауру жануарларды оқшаулау керек. Профилактикалық және емдік мақсатта нұсқаулыққа сәйкес ЛТФ-130 вакцинасын қолдануға болады. Зақымданған жерді емдеу үшін «Ям» жақпа майы, салицил жақпа майы, йод тұнбасы негізінде жасалған салицил қышқылының ерітіндісі және басқа да препараттар қолданылады.

Шаруашылықтарда ветеринариялық-санитариялық ережелерді сақтау, жануарлар үшін қалыпты зоогигиеналық жағдайлар жасау, балансталған қоректік заттармен азықтандыру, жүйелі түрде дезинфекция мен дератизация жүргізу, трихофитияға қарсы уақтылы вакцина егу арқылы профилактикалық іс-шаралар жүргізілуі қажет.