
2022 жылғы 2 наурызда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңы күшіне еніп, жануарларды ұстауға, оның ішінде қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларға (иттер мен мысықтарға) қарау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптар белгіленді.
Жануарларға ауырсыну мен физикалық қиналуды сезіне алатын тіршілік иесі ретінде қарау; жануардың тіршілігі, саулығы мен амандығы үшін иесінің дербес жауапты болуы; жануарларды қатыгездікпен қараудан қорғау; халықты жануарларға адамгершілікпен және ізгілікпен қарауға тәрбиелеу жануарларға жауапкершілікпен қарауды реттеу қағидаттары болып табылады.
Жануарларға қатыгездікпен қарау дегеніміз оларды жүйелі түрде ұрып-соғу, ұзақ уақыт бойы тамақ пен сусыз қалдыру, ғылыми емес тәжірибелер үшін пайдалану, ғылыми тәжірибе жасау кезінде негізсіз азап келтіру, азаптап жансыздандыру, әртүрлі жекпе-жектерге пайдалану, оларды бір-біріне қарсы қою. Мұндай әрекеттердің салдары жануарлардың зақым алуына немесе өлуіне әкеп соғады.
Егер жануардың саулығы жасқа байланысты өзгерістер, созылмалы аурулар, жарақаттан кейінгі жағдайда болуы салдарынан өмір сүру сапасы нашарлап, жиі ауырсыну сезімі пайда болса не ағзалар жүйесі бұзылса немесе тірек-қимыл аппараты бұзылса, жануардың иесі ветеринар дәрігердің қорытындысы бойынша эвтаназия туралы шешім қабылдауға құқылы.
Қазір жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылық белгіленген. Сонымен қатар, жануарларға жауапкершілікпен қарау талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген.
Құрметті облыс тұрғындары! Біз сіздерді жануарларды қорғауға және ерте жастан бастап балаларды жануарларға ізгілікпен және адамгершілікпен қарауға тәрбиелеуге шақырамыз.