
Қазақстанда 2022 жылғы 2 наурыздан бастап «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң қолданысқа енгізілді.
Заңның негізгі қағидаттары мыналар:
- жануарларға ауырсыну мен физикалық қиналуды сезіне алатын тіршілік иесі ретінде қарау;
- жануардың тіршілігі, саулығы мен амандығы үшін иесінің дербес жауапты болуы;
- жануарларды қатыгездікпен қараудан қорғау;
- халықты жануарларға адамгершілікпен және ізгілікпен қарауға тәрбиелеу.
Заңда айқындалғандай, жануарға қатыгездікпен қарау – жануардың өліміне, мертігуіне немесе оның саулығына өзге де зиян келуіне алып келген немесе алып келуі мүмкін қасақана іс-әрекет.
Жануарларға қарау кезінде:
- жануардың өлуіне, мертігуіне немесе саулығына өзге де зиян келтіруге алып келген немесе алып келуі мүмкін жануарды ұрып-соғуға, азаптауға, оның ішінде аштықпен, шөлмен азаптауға және жануарды бөлшектеу, өртеу, суға батыру, тұншықтыру, өлімші етіп ұру арқылы өзге де зорлық-зомбылық әрекеттеріне;
- ауырсынуды басатын препараттар мен анестетиктерді қолдану жануардың саулығына зиян келтіруі мүмкін болатын жағдайларды қоспағанда, жануарларға ауырсынуды басуды немесе анестезияны қолдану көрсетілген ветеринариялық және өзге де емшараларды тиісті заттарды міндетті түрде қолданбай жүргізуге;
- бұзақылық пиғылмен не қызметтік міндеттерді атқаруға немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын аң аулауға байланысты емес мақсаттарда жануарларды адамға және (немесе) басқа жануарларға айтақтауға;
- жануарлар және (немесе) олардың ұрпағы жануарларға арналған панажайларға орналастырылғанға немесе өзге де заңды тәсілмен иеліктен шығарылғанға дейін жануарлар иелерінің немесе жауапты адамдардың оларды ұстау жөніндегі міндеттерін орындаудан бас тартуына;
- егер жануар иесінде және (немесе) жауапты адамда тіршілігі мен саулығы үшін қауіпті жай-күйдегі жануарға көмек көрсету мүмкіндігі болса немесе өздері оны тіршілігі мен саулығы үшін қауіпті жай-күйге түсірсе, жануарға бұл адамдардың көмек көрсетпеуіне;
- жануарлар төбелесін ұйымдастыруға және өткізуге;
- жануарлар пайдаланылатын ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық іс-шараларды қоспағанда, жануардың мертігуіне немесе саулығына өзге де зиян келтірілуіне не жануарлардың өліміне алып келетін ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыруға және өткізуге;
- жануардың мертігуіне немесе саулығына өзге де зиян келтірілуіне не жануардың өліміне алып келетін мүкәммалды және өзге де құрал-жабдықты пайдалануға;
- иттер мен мысықтарды тамаққа пайдалану, сою немесе мертіктіру немесе саулығына өзге де зиян келтіру арқылы осындай жануарлардан өнім мен шикізат алу үшін оларды өсіруге, ұстауға, пайдалануға, сондай-ақ мысықтар мен иттердің жүнін тарау тәсілімен алуды қоспағанда, осындай өнімді өткізуге;
- ветеринариялық дәрігер болып табылмайтын адамның эвтаназиялауды жүргізуіне;
- үй жануарларын және жабайы жануарларды ғылыми мақсаттарда будандастыруды қоспағанда, оларды шағылыстыруға тыйым салынады.
Мыналар жануарларға қатыгездікпен қарау болып табылмайды:
- жануар адамға және (немесе) жануарға шабуыл жасаған жағдайда және жануар адамның, жануарлардың өміріне немесе саулығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндіретін өзге де жағдайларда жануарға қарау;
- дератизациялау;
- жануарларды еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұсталатын басқа жануарларды қоректендіру үшін пайдалану;
- жүзеге асырылатын аң аулау, балық аулау немесе балық шаруашылығын жүргізу, жабайы жануарлардың санын реттеу, ауыл шаруашылығы жануарларын сою, ветеринариялық іс-шаралар, эвтаназиялау;
- Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктердің дін ұстанушылары діни жораларды өткізу кезінде, егер бұл олардың діни ілімінде көзделсе, жануарларды сою.
Сонымен қатар Заңда үй жануарларын есепке алу, оларды тасымалдау талаптары және жансыздандыру қағидалары көзделген.
Жеке және заңды тұлғаларға тиесілі барлық үй жануарлары, оның ішінде жануарларға арналған панажайлардағы, жануарларды уақытша ұстау пункттеріндегі, жануарларға арналған оңалту орталықтарындағы, зоологиялық питомниктердегі үй жануарлары да есепке алынуы тиіс. Жануардың иесі ауысқан жағдайда, үй жануарларын есепке алу қағидаларында көзделген дерекқорда міндетті түрде қайта есепке алынуы тиіс делінген.
Үй жануарларын есепке алуды облыстардың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар немесе ветеринариялық клиника жүзеге асырады.
Әрбір үй жануарына жеке нөмір беріледі.
Бұл ретте үй жануарларын есепке алу үй жануарларын есепке алу бұйымдарын (құралдарын) пайдалана отырып, ақылы түрде жүргізіледі.
Бірақ халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын иелер үшін есепке алу бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
Егер жануар өлсе, онда үй жануарларының иелері бұл туралы жануар есепке алынған ветеринариялық клиникаға он тәулік ішінде хабарлауы керек.
Сондай-ақ құжат жануарларға жауапкершілікпен қарауды, жануарларға қатыгездікпен қарауды насихаттауға тыйым салуды халықтың санасына сіңіруді көздейді.
Жануарларға қатыгездікпен қарағаны және соған үндегені үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылық күшейтілді.
Демек, Қылмыстық кодекстің 316-бабы жануарға қатыгездікпен қарап, оның мертігуіне алып келгені үшін 120 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды не түзеу жұмыстарына, не 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуды, не 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуды көздейді.
Егер жануар қатыгездікпен қарау салдарынан өліп қалса, мұндай әрекет белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бір жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не түзеу жұмыстарына, не 200 дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу арқылы жазаланады.
Қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілерінсіз жануарларға қатыгездікпен қараған жағдайда әкімшілік жауаптылық көзделеді. Мұндай жағдайда жеке тұлғалар үшін 5 АЕК, лауазымды тұлғаларға — 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Мұндай әрекетті қайта жасағаны үшін айыппұлдар төрт есе артады.