
Бруцеллез – жануарлар мен адамның созылмалы ауруы.
Адамдарға бруцеллез инфекциясын жұқтыратын негізгі көздер: қой-ешкі, ірі қара мал, түйе, шошқа, марал және тағы басқа жануар түрлері.
Ауру жұқтырудың басты факторлары – бруцеллалар жұқтырған жануарлардан алынған өнімдер мен шикізат, мал күтіміне, азықтандыруға арналған заттар, төсеме, су, топырақ, адамдардың киімі.
Шаруашылықта табынға басқа шаруашылықтардан әкелінген жануарларды қосқаннан кейін, мал басын карантиндеу қағидаларын сақтамаған кезде, сау жануарлар мен ауру жануарларды бірге баққан, мал суару үшін инфекцияланған су көздері мен мал айдау жолдарын пайдаланған кезде ауру пайда болуы мүмкін.
Бруцеллездің жаңа пайда болған індет ошақтарында бірнеше ай ішінде сезімтал малдың 60%-ы және одан да көбі инфекция жұқтыруы мүмкін.
Аурудың таралуына жол бермеу мақсатында жылына екі рет бруцеллезге диагностикалық тексеру жүргізіледі.
Ауыл шаруашылығы жануарларын ұстаумен және өсірумен айналысатын адамдар бруцеллезге оң әсер берген жануарлар анықталған кезде
мына мәселелерді білуі қажет:
Бруцеллез бойынша ветеринариялық іс-шаралар жүргізу тәртібіне сәйкес мал иелері ауру жануарларды басқа жануарлардан оқшаулап, күнтізбелік 15 күннен аспайтын мерзімде ет комбинаттарына немесе сою пункттеріне санитариялық союға өткізуге міндетті. Малды санитариялық союға өткізгеннен кейін, ауру мал тұрған қораны ветеринариялық қызмет мамандары дезинфекциялау үшін механикалық тазарту (қи мен жемшөптен тазарту) қажет.
Бруцеллез малды санитариялық союға өткізген кезде зертхананың мал дәрігері тікелей сою объектісінде ветеринариялық-санитариялық сараптама жасап, тұтас еттің ветеринариялық-санитариялық бағасын айқындайды.
Ветеринариялық-санитариялық бағалау қағидаларына сәйкес тұтас еті мен ағзаларында патологанатомиялық өзгерістер болмаған кезде бруцеллез малдың еті (қой мен ешкінің тұтас етін қоспағанда) 12 сағат тұрғаннан кейін шектеусіз шығарыла береді.
Мал иелері осындай қорытынды алған кезде берілген ветеринариялық-санитариялық сараптама актісінің негізінде бруцеллезге оң әсер берген малдың етін ішкі сауда объектілерінде (дүкендер, базарлар) нарықтық баға бойынша сата алады немесе етті сою объектісінде келісімді бағамен қалдыра алады.
Сондықтан ірі қара мал, шошқа, түйе мен жылқы бруцеллезбен ауырған кезде етті шектеусіз пайдалану туралы сараптама актісін алған ет иелеріне жануарлардың, жануарлардан алынатын өнім мен шикізаттың құны өтелмейді.
Демек, міндетті түрде залалсыздандыруға (зарарсыздандыруға) және қайта өңдеуге жіберілетін тұтас ет пен ағзаларында патологанатомиялық өзгерістер болғанда ғана бруцеллез малдың құны өтеледі. Құны жануарлардан алынатын өнімнің бір килограмы есебімен орташа айлық нарықтық құнының 30%-ы мөлшерінде жергілікті бюджет есебінен өтеледі, ал орташа айлық нарықтық құнының қалған бөлігін (70%) жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты қайта өңдеу жөніндегі ұйым төлейді.
Сонымен қатар жеке және заңды тұлғалардың «Ветеринария туралы» Заңның 25-бабында белгіленген талаптарды сақтауы өтеу шарттарының бірі болып табылады.
Бруцеллезге оң әсер берген жануарларды алып қоймай мiндеттi түрде залалсыздандыру (зарарсыздандыру) және өңдеу кезінде құнын өтеуге қажетті құжаттар тізбесі:
Барлық меншік нысанының иелері бруцеллез ауруының алдын алу мақсатында жануарларын індетке қарсы міндетті іс-шаралар жүргізу үшін ветеринариялық қызмет мамандарына көрсетіп, жануарларын аудандар мен Петропавл қаласының ветеринариялық станцияларында тіркеуі қажет.
Құрметті Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары! Бруцеллез – адам мен жануарға ортақ аса қауіпті ауру. Қауіпсіздік және бруцеллездің алдын алу шараларын сақтаңыздар!