СҚО Тайынша ауданында жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша симуляциялық оқу-жаттығулары өтті

СҚО Тайынша ауданында жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша симуляциялық оқу-жаттығулары өтті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы (бұдан әрі - ДЖДҰ) арасында қол қойылған Келісімді іске асыру аясында Қазақстан Республикасының ветеринариялық қызметі ағымдағы жылғы 26-28 қазан аралығында жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша, атап айтқанда, ірі қара малдың аусыл жұқпалы ауруын жою бойынша симуляциялық оқу-жаттығулар өткізді.

Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы Новоивановка ауылының аумағында сиырдың өлім-жітімі орын алып, ірі қара малдан алынған биологиялық материалды зерттеу кезінде «А» типті аусыл вирусы анықталғандай жағдай көрсетілді.

Оқу-жаттығуларға төтенше жағдайлар, ішкі істер, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, СҚО әкімдігінің ветеринария басқармасы, ғылыми-зерттеу институттары, мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті аумақтық инспекцияларының өкілдері қатысты.

Оқу-жаттығуларға ветеринариялық қызметтің 43-тен астам қызметкері, 15-тен астам автокөлік құралдары жұмылдырылды. Оқу-жаттығу барысында мәселелер пысықталды:

- төтенше жағдай туындаған кезде қызметтердің ведомствоаралық өзара іс-қимылы;

- «Аусыл» жұқпалы ауруының пайда болуы, диагностикасы, ақпараттандыру, оқшаулау, жою, алдын алу кезіндегі ұйымдастыру мәселелері.

Төтенше жағдай туындаған кезде Солтүстік Қазақстан облысының облыстық және аудандық ветеринариялық қызмет бөлімшелерінің даярлығын тексеру.

«Аусыл» жұқпалы ауруының ошағын жою кезінде жұмыстарды ұйымдастыру және орналастыру бойынша дала жұмыстарының дағдылары меңгерілді. Сондай-ақ, қолайсыз пункттің шекарасын белгілеу және онда жүргізілетін іс-шаралар, қауіп төнген аймақта жүргізілетін профилактикалық іс-шаралар бойынша жұмыс жүргізілді.

Дезинфекция жүргізуге, жұмыстарды жүргізу кезінде заманауи жеке қорғану құралдарын енгізуге арналған заманауи аппараттармен және қондырғылармен жұмыс істеу қабілеті меңгерілді.

ДЖДҰ ұсынымдарына сай болу мақсатында ауруды бақылауға жауапты ұлттық ветеринариялық қызметтердің тиімділігін арттыру арқылы осы іс-шараның қорытындысы бойынша ветеринариялық қызметтің аусыл ошағы пайда болған жағдайға ден қою, аусыл ауруын бақылауды күшейту бойынша даярлығы расталды.