
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 18 мамырдағы № 162 бұйрығымен «Жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың үлгілік қағидалары» бекітілді. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабы 1-тармағы 5) тармақшасына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысының аумағында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидалары әзірленді. Бұл Қағидалар барлық келісулерден өтіп, облыстық мәслихаттың таяудағы сессиясында қаралатын болады.
Ағымдағы жылға қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды ұйымдастыруға 52,1 млн. теңге бөлінді. Жыл басынан бері 31,8 млн. теңгеге 8 266 бас қаңғыбас жануар (8 157 бас ит, 109 бас мысық) ауланып, жойылды. Қаржы қаражатының қалдығы 20,3 млн. теңгені құрады.
Бүгінгі күні қаржыландыру тоқтатылды және қалған 20,3 млн. теңге қаражатты Заңның ауланған жануарларды ұстау, бірдейлендіру, вакциналау және стерилизациялау жөніндегі іс-шараларын іске асыруға қайта бөлу жоспарланып отыр.
Облыс орталығында «109» ikomek бірыңғай байланыс-орталығы жұмыс істейді, ол қала тұрғындарымен байланыс жасаудың бірыңғай нүктесі болып табылады, онда тұрғындардан қаңғыбас иттердің топтанып жүргені жөнінде хабарламалар келіп түседі, сондай-ақ аудан орталықтарында хабарламалар тікелей ветеринариялық станцияларға келіп түседі. Жыл басынан бері облыс бойынша азаматтардан 495 өтініш түсті, оның ішінде ikomek бірыңғай байланыс-орталығы арқылы 218 өтініш, ветеринариялық станциялар арқылы 277 өтініш түсті.
Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қаңғыбас жануарлардың санына үнемі мониторинг жүргізіліп тұрады.
Заң қаңғыбас жануарларды жансыздандыруға тыйым салады және оларды уақытша ұстауды, вакциналауды, стерилизациялауды және оларды тіршілік ету ортасына қайта жіберуді көздейді.
Сәйкесінше, облыс әкімдігі аудандар мен қала әкімдіктеріне жануарларды уақытша ұстау пункттерін салу жұмысын ұйымдастыруға тапсырма берді.
Аудандар мен Петропавл қаласының әкімдіктері жануарларды уақытша ұстау пункттерін салу үшін жер учаскелерін бөлу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта Қызылжар ауданы Бескөл ауылында ауданы 0,19 га жер учаскесі бөлінді, «Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Бескөл ауылында жануарларды уақытша ұстау пунктінің құрылысы» бойынша эскиз жобасы әзірленді. Тайынша ауданы Тайынша қаласында жануарларды уақытша ұстау пунктін салуға жер учаскесі бөлінді.
Сонымен қатар облыс және аудан орталықтарында жануарларды уақытша ұстау пункттерін орналастыру үшін қолайлы иесіз бос үй-жайларды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қаңғыбас жануарларды аулау, уақытша ұстау, стерилизациялау, вакциналау және бірдейлендіру жөніндегі іс-шаралар Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті бекіткен жергілікті атқарушы органдардың іс-қимыл алгоритміне сәйкес жүргізіледі. Заңның 9-бабының 2-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жануарларға арналған панажайларды салу мен күтіп-ұстауды ұйымдастыруға, жануарларға арналған жекеше панажайларды қоса қаржыландыруды жүзеге асыруға құқылы. Бірыңғай бюджеттік сыныптамаға өзгерістер енгізіліп, жаңа бюджеттік бағдарламалармен толықтырылды.
Қазіргі уақытта облыста 3 жеке панажай жұмыс істеп тұр, оның ішінде Петропавл қаласында 2 панажай бар («Белый Бим», 400 итке арналған, «Исаков Андрей» ЖҚҚ, 300 мысық пен 500 итке арналған), Қызылжар ауданы Вишневка ауылында – 1 («Шанс на жизнь», 500 итке арналған). Сонымен қатар Петропавл қаласында 2 зооқорғау ұйымы бар («Верный друг» қоғамдық қайырымдылық қоры, «Фауна» жастар қоғамдық бірлестігі).
Жануарларға арналған жеке панажайлар мен зооқорғау ұйымдарының өкілдерімен ауланған қаңғыбас жануарларды орналастыру мәселесі жөнінде өзара іс-қимыл ұйымдастырылды.
Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды бірдейлендіруге және стерилизациялауға жергілікті бюджеттен 8,3 млн. теңге қаржы бөлінді.
Облыста БАҚ және әлеуметтік желілерде тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ресми интернет-ресурстарда және әлеуметтік желілерде жануарларға жауапкершілікпен қарау, иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету қағидалары туралы 30-ға жуық ақпараттық материалдар орналастырылды. Малдәрігерлік клиникалардың, жеке панажайлардың басшыларымен, қаңғыбас иттер мен мысықтарды стерилизациялау мәселелері жөніндегі зооқорғау ұйымдарының өкілдерімен жұмыс бабындағы кездесулер бірнеше рет өткізілді.
Сонымен қатар үй жануарларын стерилизациялау қажеттілігі туралы әлеуметтік бейнеролик әзірленіп, «МТРА», «QYZYLJAR», «Первый Северный» телеарналарында көрсетілді, сондай-ақ әлеуметтік желілерде орналастырылды.
Қазіргі уақытта «ТАNBA» жануарларды есепке алу ақпараттық жүйесіне қолжетімділікті сатып алу мәселесі қарастырылып жатыр.
Петропавл қаласының аумағында үй жануарларын стерилизациялау және вакциналау бойынша қызметтер көрсетілетін 6 малдәрігерлік клиника жұмыс істейді:
- «Надежда» малдәрігерлік клиникасы, Жабаев көшесі, 156, телефоны 39-70-65
- «Айболит» малдәрігерлік клиникасы, Интернациональная көшесі, 21, телефоны 36-35-89
- «Центр ветеринарной диагностики и терапии «Верный друг» ЖШС, Васильев көшесі, 123, телефоны 87776076843
- «Городская ветеринарная клиника» ЖШС, Нұрсұлтан Назарбаев көшесі, 130, телефоны 46-78-78
- «Ветеринарный центр» ЖШС, Нұрсұлтан Назарбаев көшесі, 121, телефоны 37-37-91
- «ВетЛекарь» малдәрігерлік клиникасы, Тепловское лесничество көшесі, 33, телефоны 87713888111.
Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің деректері бойынша 2022 жылғы 6 айдың ішінде ит тістеген 423 адам құтыруға қарсы емдеу-профилактикалық вакцинасын егуге жүгінді (алды).
Бүгінгі күні облыс аумағында азаматтардың ит тістегеннен қаза болу жағдайлары тіркелген жоқ.
Заңды жүзеге асыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.