
Облыста көктемгi ветеринариялық iс-шаралар жүргiзiлiп жатыр. Жыл басынан берi ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстардың 74%-дан астамына дауалау шаралары жүргiзiлдi.
Мал ұстаған жағдайда, оларды жыл сайын бруцеллезге, туберкулезге зерттеу, сiбiр жарасына, құтыруға, нодулярлық дерматитке және басқа да ауруларға қарсы вакциналау — мiндеттi шарт болып табылатынын және мал иелерi үшiн тегiн жүргiзiлетiнiн еске саламыз.
Сонымен қатар, мамыр айының соңына дейiн бұрын бiрдейлендiрiлмеген жануарларды «заңдастыру» мүмкiндiгiн пайдалануға кеңес беремiз. Ауыл шаруашылығы жануарларының төлдерi де жұмыс тәртiбiмен бiрдейлендiрiлуi тиiс.
Ветеринариялық қызмет жануарлар ауруларының профилактикасы мен диагностикасы, оларды бiрдейлендiру бойынша жүргiзетiн барлық iс-шаралар тиiстi нормативтiк-құқықтық актiлермен регламенттелген және эпизоотиялық салауаттылықты сақтауға бағытталған.
Тек iндеттен таза болған жағдайда ғана жануарлардан алынатын өнiмдер денсаулыққа қауiпсiз болады.
Барлық мал иелерiн ветеринария саласындағы заңнама талаптарын сақтауға шақырамыз. Ветеринариялық дауалау шаралары жүргiзiлмеген немесе бiрдейлендiрiлмеген малдары бар азаматтарға елдi мекендерiңiзге бекiтiлген ветеринар мамандарға жүгiнуге кеңес беремiз.
Облыстың жергiлiктi атқарушы органдарының ветеринариялық қызметi мал иелерiн бiрлесе отырып эпизоотиялық салауаттылықты сақтауға шақырады.