Жануарларға жауапкершiлiкпен қарау туралы

Жануарларға жауапкершiлiкпен қарау туралы

Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсi депутаттарының бастамасымен «Жануарларға жауапкершiлiкпен қарау туралы» Заң жобасы әзiрленiп, талқыланып жатқаны баршаға мәлiм. Талқылау барысында Заң жобасы өзгерiске ұшырады.

Заң жобасы аясында «жануарларға қатыгездiкпен қарау», «жабайы, үй, қаңғыбас және қараусыз қалған жануарлар», «жануарлардың төбелесi», «жабайы және үй жануарларын қоса алғанда, жануарларға арналған оңалту орталығы», «аулау қызметi», «жануарларға арналған панажай» және басқа да ұғымдар айқындалып, кеңейтiлдi, жануарларды қатыгездiкпен қараудан қорғау, жануарларға қатыгездiкпен қарауды насихаттауға тыйым салу нормалары, жануарларды асырауға, тасымалдауға, өсiруге, тiркеуге, өлтiруге қойылатын талаптар қарастырылды. Ветеринариялық қызметтер көрсету, мәдени, ойын-сауық және көпшiлiкке көрсету мақсаттарында пайдалану, эксперименттiк, жабайы, қызметтiк, үй, қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларға қарау кезiндегi талаптар белгiленген.

Қылмыстық кодекске түзетулер енгiзу көзделiп отыр. Бұл түзетулер жануарларға қатыгездiк жасағаны үшiн қылмыстық жауаптылықты күшейтуге, атап айтқанда айыппұлды 120 айлық есептiк көрсеткiштен 1000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiн, қоғамдық жұмыстар мерзiмiн 120 сағаттан 400 сағатқа дейiн, қамаққа алу мерзiмiн 30 тәулiктен бiр жылға дейiн ұлғайтуға бағытталған және бiр жылдан екi жылға дейiнгi мерзiмге немесе онсыз белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруды көздейдi. Сондай-ақ мұндай терiс қылықты ауырлығы орташа қылмыстар санатына ауыстыру ұсынылып отыр.

Сонымен қатар жануарларды қорғау, жануарларға қарау кезiнде азаматтардың қауiпсiздiгiн, құқықтарын және өзге де заңды мүдделерiн қамтамасыз ету, сондай-ақ адамгершiлiктi нығайту және қоғамның iзгiлiк қағидаттарын сақтау мақсатында жануарларға қарау саласындағы жауапкершiлiктi белгiлеу қажеттiлiгiне байланысты Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгiзу ұсынылды. Заң жобасында жануарларға арналған панажайлар салу және оларды асырау көзделген. Жалпы бұл нормалар қоғамда жануарларға адамгершiлiкпен қарауды қалыптастыру үшiн заңды негiз құруға мүмкiндiк бередi.