
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ветеринария басқармасында Қазақстан халқы тілдерінің күніне орай басқарма қызметкерлерінің қатысуымен «Тіл – ұлттық қазына» атты сайыс түрінде іс-шара өткізілді. Қызметкерлер екі топқа бөлініп, сайысқа түсті.
Іс-шара барысында Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауындағы тіл мәселесі, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен еңбегі аталып өтті, қызметкерлер қазақ ақындарының Отан, тіл туралы өлеңдерін оқып, қазақтың тарихын, әдебиетін, мәдениетін, салт-дәстүрлерін білу тұрғысында білім жарыстырды.
Осы шара қызметкерлер арасында достық пен бірлікті нығайтуға, мемлекеттік тілге деген құрметін, қызығушылықтарын арттыруға, тілді білу, ойлау, сөйлеу деңгейін көтеруге, мемлекеттік тілдегі сөздік қорларын байытуға септігін тигізді. Сайыс соңында әділ қазылар алқасы әділ бағасын беріп, әр топ басқарма басшысының дипломдарымен марапатталды.