Меню

Страницы

Статья

Жануарлар бруцеллезі – адам үшін қауіпті ауру

Жануарлар бруцеллезі – адам үшін қауіпті ауру 

         Бруцеллез – жануарлар мен адамның созылмалы ауруы. Ауыл шаруашылығы жануарлары бруцеллезбен ауырған жағдайда жиі кездесетін белгілер: іш тастау (буаздықтың екінші жартысында), іріңді, кейін фибринозды эндометрит, маститтің дамуы салдарынан қағанақтың кідіруі, аналық бездің және фаллопий жатыр түтігінің зақымдануы. Аталық малда  орхит және эпидидимит түрінде сипатталады. Жыныс жолдарының зақымдануы өсіп-өну функциясын бұзып, малдың қысыр қалуына, кейде бедеулігіне әкеп соқтырады. Бруцеллезге ауыл шаруашылығы жануарлары мен басқа да жануар түрлері сезімтал келеді. 

         Адамдарға бруцеллез инфекциясын жұқтырудың негізгі көздері: қой-ешкі, кейде ірі қара мал, түйе, шошқа, марал және тағы басқа жануар түрлері.  Бруцеллез жұқтырған адамның қызуы көтеріліп, қалтырап дірілдейді, ағыл-тегіл терлейді. Асқынған жағдайда тірек-қимыл аппараты, жүйке, несеп-жыныс және жүрек-қан тамырлары жүйесі зақымданады. 

         Ауру жұқтырудың басты факторлары – бруцеллалар жұқтырған  жануарлардан алынған өнімдер мен шикізат, мал күтіміне, азықтандыруға  арналған заттар, төсеме, су, топырақ, адамдардың киімі. Төлдер бруцеллезді азық арқылы, ал ересек малдар азық арқылы және жыныстық қатынас жолымен шырышты қабық пен тері арқылы жұқтырады.

Шаруашылықта ауру табынға басқа жануарларды қосқаннан кейін, мал басын карантиндеу қағидаларын сақтамаған кезде, сау жануарлар мен ауру жануарларды бірге баққан, инфекцияланған су көздері мен мал айдау жолдарын пайдаланған кезде ауру жұғуы мүмкін. Шаруашылыққа қоздырғышты иттер, кеміргіштер, егеуқұйрықтар әкелуі мүмкін, әсіресе қағанақ пен іш тастағанда түскен ұрық жатқан жерге кіре алған жағдайда әкеледі, сондай-ақ аурудың клиникалық көрінісі жоқ қолайсыз табындардың төлдері арқылы да таралады.

         Бруцеллездің жаңа пайда болған індет ошақтарында бірнеше ай ішінде сезімтал малдың 60%-ы және одан да көбі инфекция жұқтыруы мүмкін. Табында алдымен бірен-саран мал басы, кейін көбі іш тастайды. Алдағы уақытта (2-3 жылдан кейін) мұндай табындарда іш тастаулар тіркелмеуі мүмкін, алайда оған жаңадан мал әкелген жағдайда, індет таралу үдерісі жанданады, ауру асқынып, жаңадан әкелінген және бұрын ауырып жазылған жануарларға жұғады. Шаруашылықтағы жануарларды қайта топтастыру бруцеллездің жаңа ошақтарының пайда болуына әкеп соқтырады. Бруцеллездің пайда болуына мал басын ұстаудағы және өсірудегі ветеринариялық-санитариялық жағдайдың нашарлығы, қағанақ пен мал іш тастағанда түскен ұрықтың, қидың уақтылы жиналмауы, дезинфекциялау режимінің сақталмауы да себеп болады.

         Аурудың таралуына жол бермеу мақсатында жылына екі рет бруцеллезге диагностикалық тексеру жүргізіледі.

         Ауыл шаруашылығы жануарларын ұстаумен және өсірумен айналысатын адамдар жануарлары бруцеллезге оң әсер берген жағдайда мына мәселелерді білуі қажет: 

         Бруцеллез бойынша ветеринариялық іс-шаралар жүргізу тәртібіне сәйкес мал иелері ауру жануарларды басқа жануарлардан оқшаулап, күнтізбелік 15 күннен аспайтын мерзімде ет комбинаттарына немесе сою пункттеріне санитариялық союға өткізуге міндетті. Малды санитариялық союға өткізгеннен кейін, ауру мал тұрған қораны ветеринариялық қызмет мамандары дезинфекциялау үшін қи мен жемшөптен тазарту қажет.

         Бруцеллез малды санитариялық союға өткізген кезде зертхананың мал дәрігері тікелей сою объектісінде ветеринариялық-санитариялық сараптама жасап, тұтас еттің ветеринариялық-санитариялық бағасын айқындайды.      Ветеринариялық-санитариялық бағалау қағидаларына сәйкес бруцеллез малдың (қой мен ешкі ұшасын қоспағанда) еті ұшасы мен ағзаларында патологанатомиялық өзгерістер болмаған кезде ет 12 сағат тұрғаннан кейін шектеусіз шығарыла береді.

         Мал иелері осындай қорытынды алған кезде берілген ветеринариялық-санитариялық сараптама актісінің негізінде бруцеллезге оң әсер берген малдың етін ішкі сауда объектілерінде (дүкендер, базарлар) нарықтық баға бойынша сата алады немесе өз қалауымен сою объектісінде нарықтық баға бойынша қалдыра алады.

         Сондықтан ірі қара мал, шошқа, түйе мен жылқы бруцеллезі кезінде етті шектеусіз пайдалану туралы сараптама актісін алған ет иелеріне жануарлардың, жануарлардан алынатын өнім мен шикізаттың құны өтелмейді. 

         Демек, міндетті түрде залалсыздандыруға және қайта өңдеуге жіберілетін ұшалар мен ағзаларында патологанатомиялық өзгерістер болғанда ғана бруцеллез малдың құны өтеледі. Құны жануарлардан алынатын өнімнің бір килограмы есебімен орташа айлық нарықтық құнының 30%-ы мөлшерінде жергілікті бюджет есебінен өтеледі, ал орташа айлық нарықтық құнының қалған бөлігін (70%) жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты қайта өңдеу жөніндегі ұйым төлейді.

            Барлық меншік нысанының иелері бруцеллез ауруының алдын алу мақсатында жануарларын індетке қарсы міндетті іс-шаралар жүргізу үшін ветеринариялық қызмет мамандарына көрсетіп, жануарларын аудандар мен Петропавл қаласының ветеринариялық станцияларында тіркеуі қажет.

         Мал іш тастаған, мерзімінен бұрын төлдеген, қағанақ кідірген жағдайда және бруцеллезге күдік тудыратын белгілер байқалған кезде, малды дереу табыннан оқшаулап, 50-16-81, 34-02-48 телефондары арқылы мемлекеттік ветеринариялық қызметке хабарлау қажет.

Құрметті Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары! Бруцеллез – адам мен жануарға ортақ аса қауіпті ауру. Қауіпсіздік және бруцеллездің алдын алу шараларын сақтаңыздар!

 

Біржан Жұмажан,

СҚО әкімдігінің

ветеринария

басқармасының

ветеринариялық- санитариялық

іс шаралар бөлімі

бас маманының м.а.

Дата публикации
21 сентября 2022
Дата обновления
21 сентября 2022
Тип
Пайдалы ақпарат

Сейчас читают

16 октября 2026
БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын кесте бойынша төлеу: төлем мөлшері қалай есептеледі және қайда жүгіну қажет?
09 октября 2026
Түйткілді тақырыптағы сұхбат!
05 октября 2026
Ақпараттық хабарлама

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы