Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары әлеуметтiк желiлер мен мессенджерлерде алаяқтар тарапынан телефон шабуылдарына қатысты жалған ақпарат таратылып жатқаны туралы хабарлайды. Олар өздерiн зейнетақы қорының қызметкерлерi ретiнде таныстырып, банк картасының нөмiрiн бiлуге тырысады және зейнетақыны қайта есептеуге керек деген желеумен оның деректемелерiн атауды сұрайды. БЖЗҚ мұндай спам-жiберiлiмнiң Ресей Федерациясында бiрнеше ай бойы жүзеге асырылғанын және қазақстандық жинақтаушы зейнетақы жүйесiне ешқандай қатысы жоқ екенiн анықтады.
БЖЗҚ кезектi рет осындай жiберiлiмдердi жүзеге асырмайтынын және телефон арқылы жеке деректер мен сiздiң банктiк картаңыздың деректерiн сұрамайтынын хабарлайды.
Сондай-ақ, Қор бейтаныс сайттарға күдiктi сiлтемелер бойынша өтпеуге кеңес бередi және ақпаратты тек enpf.kz ресми сайтында немесе БЖЗҚ-ның әлеуметтiк желiлердегi ресми парақшаларында тексерудi сұрайды.