Жануарлардан алынатын шикізат пен өнімге ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізу сияқты қызмет түрі міндетті түрде лицензиялауға жатады, өйткені бұл жұмыстың сапасы азық-түлік қауіпсіздігіне, халықтың денсаулығына тікелей әсер етеді және ветеринария саласындағы заңнаманы мүлтіксіз сақтауды талап етеді.
Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы «Электрондық үкімет» веб-порталында (www.egov.kz, www.elicense.kz) жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатқа ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізу жөніндегі қызметпен айналысуға лицензия беру жөніндегі мемлекеттік қызметті электрондық түрде алу мүмкіндігі ұсынылды.
Қызмет ақылы негізде электрондық форматта көрсетіледі. Көрсетілетін қызметті алушы заңнамада белгіленген мөлшерде лицензиялық алымды төлейді және лицензия алғаннан кейін ішкі сауда объектілерінде, ет өңдеу кәсіпорындарында, сою пункттерінде ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізу құқығын алады.
Ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыруды жоспарлаған кәсіпкерлер «ветеринария саласындағы қызметке қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығында бекітілген біліктілік талаптарына сәйкес келуі қажет.
Лицензияны немесе лицензияға қосымшаны беру кезінде мемлекеттік қызметті көрсетудің мерзімі 5 жұмыс күнін құрайды.
«Электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы мемлекеттік қызметті алу көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды, сол арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде ветеринария басқармасының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
Ветеринария саласында, оның ішінде электрондық форматта мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы ақпарат ветеринария басқармасының интернет-ресурсында, Мемлекеттік қызметтерді алу орындарындағы ақпараттық стенділерде орналастырылған. Бұл ақпарат өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес үнемі жаңартылып отырады.
Ветеринария саласында мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы мен уақтылығы бойынша жедел шаралар қабылдау мәселелері бойынша Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының 8 (7152) 501681 телефоны бойынша, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Департаментінің 8(7152) 360162 телефоны бойынша хабарласуға болады.