Үй жануарларын асырау – азаматтардың құқығы ғана емес, сонымен қатар олардың өмірі, саулығы және амандығы үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алуды білдіреді. Жануарларға жауапкершілікпен қарау қоғамдық қауіпсіздікті, санитариялық-эпидемиологиялық қолайлылықты қамтамасыз етуге және қоршаған ортаға ізгі көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді.
Үй жануарларының иелері оларды тиісті жағдайда ұстауға, толыққанды азықпен, үнемі таза ауыз сумен қамтамасыз етуге, уақтылы ветеринариялық қызмет көрсетуге, профилактикалық ветеринариялық іс-шаралар (вакцина егу, дегельминтизация, паразиттерге қарсы ем-дом жасау) жүргізуге, қажет болған жағдайда дер кезінде емдетуге міндетті.
Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнама талаптарын сақтауға, оның ішінде есепке алу ақпараттық жүйесінде үй жануарларын міндетті түрде тіркеуге, вакцина егуге және жануарлардың бақылаусыз көбеюіне жол бермеу шараларын қолдануға ерекше көңіл бөлген жөн.
Иелері иттерін серуендету кезінде айналадағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қарғыбаумен жетектеп жүруге, ал жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамада көзделген жағдайларда тұмылдырық кигізуге, сондай-ақ жануарлардың өз бетімен қараусыз жүруіне жол бермеуге міндетті.
Жануарлардың өз бетінше жүруіне жол бермеу – жол-көлік оқиғаларының, жануарлардың адамдарға шабуыл жасауының және қаңғыбас жануарлар санының көбеюінің алдын алудағы маңызды шаралардың бірі.
Жануарларға қатыгездік көрсетуге, оларды асырауға қатысты міндеттерді орындаудан жалтаруға, сондай-ақ иесіз қалдыруға немесе көшеге тастауға жол берілмейді. Мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, қаңғыбас жануарлар санының көбеюіне себеп болады және заңнамада көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.
Әрбір азамат үй жануарын асырап алмас бұрын, оны өмір бойы тиісті жағдайда ұстауға жеткілікті материалдық және уақыт мүмкіндіктерін шынайы бағалауы тиіс.
Үй жануарларына жауапкершілікпен қарау – қоғам мәдениетінің көрсеткіші. Ол азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жануарлар мен қоршаған ортаға ізгі қарым-қатынасты қалыптастыруға, сондай-ақ өскелең ұрпақтың жауапкершілік сезімін тәрбиелеуге ықпал етеді.