Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын сою ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) нормаларға сәйкес келетін сою пункттерінде немесе ет өңдеу кәсіпорындарында жүзеге асырылады.
Сою пункттері немесе ет өңдеу кәсіпорындары болмаған кезеңде ауыл шаруашылығы жануарларын сою және жануар мен оның сойылған өнімін ветеринариялық қарап тексеру белгіленген ветеринариялық талаптарға сәйкес келетін сою алаңдарында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында) жүзеге асырылады.
Сою алаңдарында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында) жануарларды сою кезде мал дәрігері:
- союға келіп түскен ауыл шаруашылығы жануарларына (немесе жеке жануарға) ілеспе ветеринариялық құжаттың (ветеринариялық анықтама немесе ветеринариялық сертификат) болуына және ауыл шаруашылығы жануарларының (немесе жеке жануардың) ілеспе ветеринариялық құжатқа сәйкестігін тексеруді;
ауыл шаруашылығы жануарында жеке нөмірінің, ветеринариялық паспортының ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорда немесе одан алынған үзінді-көшірмеде жүргізілген ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар мен диагностикалық зерттеулер туралы мәліметтердің болуын тексеруді;
ветеринариялық қағидаларға сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларының термометриясын жүргізе отырып, сою алдында ветеринариялық қарап-тексеруді және ұшалар мен ішкі ағзаларды сойылғаннан кейін қарап-тексеруді, ұшаларды таңбалауды жүргізеді.
Ауыл шаруашылығы жануарлары сою алаңдарында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында) сойылған кезде облыстардың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың ветеринария саласындағы маманы немесе жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың ветеринариялық нормативтерге сәйкестігін анықтау жөніндегі өндірістік бақылау бөлімшесінің мал дәрігері берген, жануарды сою алдында ветеринариялық қарап-тексеру және сойылғаннан кейін ұшалар мен ағзаларды ветеринариялық қарап-тексеру нәтижелері көрсетілген тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағының салауаттылығы туралы ветеринариялық анықтама ұшамен бірге жүреді.
Сою алаңында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңында) ауыл шаруашылығы жануарларын сою нәтижесінде алынған ұшалар мен ағзалар өткізу алдында ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өтеді.
Ауыл шаруашылығы жануарларын сою пункттерінде немесе ет өңдеу кәсіпорындарында сойған кезде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің диагностикасы және ветеринариялық-санитариялық сараптама нәтижелері бойынша ветеринариялық зертханалар берген сараптама актісінің (сынақ хаттамасының) негізінде Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларына сәйкес берілген ветеринариялық анықтама ұшамен бірге жүреді. Ветеринариялық анықтамада сараптама актісінің (сынақ хаттамасының) берілген күні мен нөмірі көрсетіледі.
Жануарлардан алынатын өнімдер (ет және ет өнімдері) мен шикізатты ішкі сауда объектілерінде өткізуге ауыл шаруашылығы жануарының сойылғандығын растайтын ветеринариялық құжаттар болған кезде ғана жол беріледі.
Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға сәйкес келмейтін орындарда союға жол берілмейді.