Қолданыстағы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес үй жануарларының иелері үй жануарларына чип салуды және оларды үй жануарларын есепке алу бірыңғай ақпараттық жүйесінде тіркеуді қамтамасыз етуге міндетті. Бұл норма иелердің жауапкершілігін арттыруға және жануарларды ұстаудың жүйелі тәсілін қалыптастыруға бағытталған.
Бүгінгі таңда облыста 15 510 үй жануары, оның ішінде 9 406 бас ит, 6 103 бас мысық тіркелген.
Чип салу процедурасы бір рет жасалады және жануар үшін қауіпсіз. Иттер мен мысықтарға арналған микрочип – бұл тері астына енгізілетін 15 таңбалы коды бар биоүйлесімді капсула болып табылатын сенімді, өмірлік бірдейлендіру әдісі. Чип қоюды кәдімгі инъекция қоюмен салыстыруға болады және оны қойғаннан кейін арнайы күтім қажет емес. Бірдейлендіру нөмірі TANBA үй жануарларын есепке алу ақпараттық жүйесіне енгізіледі, бұл жануар жоғалған жағдайда иесін қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік береді.
Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін үй жануарларына тегін чип салу ұйымдастырылған. Қызметті аудандар мен Петропавл қаласының ветеринариялық станциялары ұсынады.
Қаңғыбас жануарларға ерекше назар аударылады. Ауланғаннан кейін олар міндетті ветеринариялық тексеруден өтеді. Одан әрі оларға чип салынады, үй жануарларын есепке алу ақпараттық жүйесінде тіркеледі, содан кейін вакцина егіліп, стерилденеді. Мұндай тәсіл қаңғыбас жануарлардың санын бақылауға, эпизоотиялық жағдайды қадағалауға және олардың популяциясын ізгілікпен реттеуге мүмкіндік береді.
Үй жануарларын есепке алу талаптарын сақтамау әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады және айыппұл салуға әкеп соғады. Жеке тұлғалар үшін айыппұл мөлшері 10 айлық есептік көрсеткішті (АЕК), лауазымды тұлғалар үшін — 20 АЕК, заңды тұлғалар үшін — 30 АЕК құрайды. Бұл шара үй жануарларын ұстауға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған.
Үй жануарларын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін жүргізу жоғалған жануарларды иелеріне жедел қайтаруға, қаңғыбас және қараусыз қалған жануарлардың санын азайтуға, вакцина егілуін және үй жануарларының саулығын бақылауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында басқарушылық шешімдер қабылдау үшін сенімді статистиканы қалыптастыруға ықпал етеді.