Соңғы жылдары қаңғыбас жануарлар проблемасы азаматтар арасында да, мемлекеттік органдар деңгейінде де талқыланатын өзекті тақырыптардың біріне айналды. Қалалар мен ауылдық елді мекендер көшелерінде қаңғыбас иттер мен мысықтарды жиі кезіктіруге болады.
Алайда, бұл проблеманың шешімі бар — ол ізгілікпен, өркениеттілікпен тиімді шешу жолы. Бұл жерде бүгінгі күні «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы аясында іске асырылып жатқан стерилдеу бағдарламасы туралы сөз болып отыр.
Стерилдеу – бұл үй жануарларының санын бақылаудың кешенді тәсілі, бұл бақылаусыз көбеюдің алдын алып, көшедегі қаңғыбас жануарлардың санын азайтуға мүмкіндік береді. Қайтарымсыз аулау сияқты ескірген әдіспен салыстырғанда, стерилдеу әдісі жануарлардың құқықтарын бұзбайды және төрт аяқты достарымызға қараудың халықаралық стандарттарына сәйкес келеді.
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға сәйкес, ауланған қаңғыбас иттер мен мысықтарды стерилдейді, құтыруға қарсы вакцина егеді және агрессия танытпаған жағдайда бұрын мекендеген жеріне қайта босатып жібереді. Бұл әдіс «Аулау-Стерилдеу-Вакциналау-Босатып жіберу» деп аталады және бүкіл әлемдегі ең ізгілікті әдістердің бірі болып табылады. Стерилденген жануарлар көбеймейді және бақылауға алынып, саны реттеліп отырады.
Заң қабылданған сәттен бастап облыс аумағында 681 қаңғыбас жануар (655 ит, 26 мысық) стерилденді.
Алайда, «Аулау-Стерилдеу-Вакциналау-Босатып жіберу» бағдарламасының ойдағыдай іске асуы көбінесе азаматтардың санасына байланысты екенін атап өткен жөн. Үй жануарларының иелері өз жауапкершіліктерін ұмытпауы керек: оларды уақтылы стерилдеп, есепке қойып, өз бетінше жүруіне жол бермеуі тиіс. Бұл ортақ проблеманы шешудің қарапайым, бірақ маңызды қадамдары.
Стерилдеу бағдарламасы – тек жануарлар туралы ғана мәселе емес. Мұның астарында адамгершілік, қауіпсіздік, жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениеті және әр тіршілік иесінің өмір сүруге және лайықты қарым-қатынасқа құқығы бар өркениетті қоғам мәселесі жатыр. Бүгінгі таңда біз тек салдармен күресіп қана қоймай, адамдарға да, жануарларға да қолайлы жағдай жасай отырып, оны сауатты түрде әрі ізгілікпен қолға алуға мүмкіндігіміз бар.