Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттың 2022 жылғы 28 қыркүйектегі № 21/3 шешімімен Солтүстік Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидалары, № 21/4 шешімімен Солтүстік Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидалары бекітілді.
2023 жылға қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды аулауды, бірдейлендіруді, вакциналауды және стерилизациялауды ұйымдастыруға, иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын бірдейлендіруге 28 млн. 877 мың теңге қаржы бөлінді.
Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша «Қаңғыбас жануарларды стерилизациялау, операциядан кейінгі күтім жасау, бірдейлендіру және вакциналау бойынша көрсетілетін қызметтер» жеңімпазы болып ЖК «Шевелева К.С.» («ВетЛекарь» ветеринариялық клиникасы) айқындалды.
2023 жылғы 10 сәуірден бастап қаңғыбас жануарларды стерилизациялау жұмыстары басталды. Бүгінгі күнге дейін 298 бас қаңғыбас үй жануары (295 ит, 3 мысық) стерилизацияланды, вакциналанды және чиптелді.
Аудандар мен Петропавл қаласының ветеринариялық станциялары иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын бірдейлендіру жұмыстарын бастады. Бүгінгі күні 1890 бас үй жануарын бірдейлендірді.
Облыста жануарларды есепке алу жөніндегі «TANBA» ақпараттық сервисі жұмыс істейді. Бұл жүйеде жануарларға қарау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын 25 ұйым тіркелген (14 ветеринариялық станция, 7 ветеринариялық клиника, 2 аулау қызметі, 1 панажай, 1 қоғамдық қор). Үй жануарларын есепке алу қағидаларына сәйкес 6878 үй жануары (4030 ит, 2848 мысық) есепке қойылды. Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық инспектордың 4 куәлігі берілді. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда.
Қазіргі уақытта облыста 3 жеке меншік панажай бар және жұмыс істейді, оның ішінде Петропавл қаласында – 2 («Белый Бим», сыйымдылығы 400 ит, «Исаков Андрей» ЖҚҚ, сыйымдылығы 300 мысық, 500 ит), Қызылжар ауданы Вишневка ауылында – 1 («Шанс на жизнь», сыйымдылығы 500 ит). Сонымен қатар, Петропавл қаласында 3 зооқорғау ұйымы бар («Верный друг» қоғамдық қайырымдылық қоры, «Фауна» жастар қоғамдық бірлестігі, «Северо-Казахстанское Зоозащитное движение Ковчег» қоғамдық бірлестігі). Ынтымақтастық туралы 4 меморандум жасалды. Телеграмм чат құрылды. Аудандар мен Петропавл қаласының әкімдіктері жануарларды уақытша ұстау пункттерін салу үшін жер учаскелерін бөлу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі күні уақытша ұстау пункттері үшін 5 ғимарат, 9 учаске бөлінді. 45,8 млн. теңге мөлшерінде қаражат бөлінді.
Облыстың білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандар арасында жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелерін 417 психологиялық қызмет жүзеге асырады, оның ішінде 456 педагог-психолог және 424 әлеуметтік педагог бар.
Білім беру ұйымдарында оқушылардың жануарларға деген адамгершілік қарым-қатынасын тәрбиелеу мақсатында 90-нан астам іс-шара (пікірталастар, дәрістер, әңгімелер, сынып сағаттары, сурет байқаулары және т.б.) өткізілді.
Сондай-ақ, «Дүниетану» (1-4-сыныптар), «Жаратылыстану» (1-6- сыныптар), «Көркем еңбек» (1-7-сыныптар) пәндерінің сабақтарында; орта және жоғары буындарда «География» (7-11-сыныптар); «Биология» (6-11-сыныптар), «Адам. Қоғам. Құқық» (9-сынып – 7 сағат, 10-11-сыныптар – 7-10 сағат) пәндері шеңберінде оқушылар экологиялық білімді қалыптастыру бойынша жеткілікті білім алады, жануарларға мейіріммен және жанашырлықпен қарауды тәрбиелеудің кепілі ретінде қызығушылық, жағымды эмоциялар білдіреді.
Облыста жануарларды қорғау ұйымдарының өкілдеріменжануарларды қорғау, оның ішінде БАҚ пен әлеуметтік желілерде кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастыру мәселелері жөнінде өзара іс-қимыл ұйымдастырылған.
Ресми интернет-ресурстарда және әлеуметтік желілерде жануарларға жауапкершілікпен қарау, иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету қағидалары туралы 90-ға жуық ақпараттық материал орналастырылды. Ветеринария басқармасының ресми интернет-ресурсында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» қосымша бет құрылды.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің 2023 жылғы 10 айға арналған деректері бойынша ит тістегеннен 792 адам зардап шеккен (иесі бар иттер бойынша – 463 жағдай, қаңғыбас иттер бойынша – 328 жағдай, қызметтік иттер бойынша – 1 жағдай), оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар бойынша 320 жағдай (иесі бар иттер бойынша – 201 жағдай, қанғыбас иттер бойынша – 119 жағдай), құтыруға қарсы емдік-профилактикалық вакцина егуге 792 адам жүгінді (алды).
Полиция органдарының 2023 жылғы 10 айға арналған деректері бойынша облыста иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету қағидаларын бұзғаны үшін 659 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылып, шамамен 17 млн. 595 мың теңге сомасына 654 әкімшілік айыппұл салынды.
Бүгінгі күні облыс аумағында азаматтардың ит тістегеннен қаза болу жағдайлары тіркелген жоқ.
Петропавл қаласының аумағында үй жануарларын стерилизациялау, вакциналау және чиптеу бойынша қызметтер көрсететін 7 ветеринариялық клиника жұмыс істейді:
- «Надежда» ветеринариялық клиникасы, Жабаев көшесі, 156, телефоны 39-70-65;
- «Айболит» ветеринариялық клиникасы, Интернациональная көшесі, 21, телефоны 36-35-89;
- «Центр ветеринарной диагностики и терапии «Верный друг» ЖШС, Васильев көшесі, 123, телефоны 87776076843;
- «Городская ветеринарная клиника» ЖШС, Нұрсұлтан Назарбаев көшесі, 130, телефоны 46-78-78;
- «Ветеринарный центр» ЖШС, Нұрсұлтан Назарбаев көшесі, 121, телефоны 37-37-91;
- «ВетЛекарь» ветеринариялық клиникасы, Тепловское лесничество көшесі, 33, телефоны 87713888111;
- ЖК «Центр ветеринарной хирургии Пегас», Ярослав Гашек көшесі, 1А/3 56А, телефоны 87003203030.
Заңды іске асыру бойынша жұмыс жалғасуда.