«СҚО әкімдігінің ветеринария басқармасы» КММ сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу нәтижелері жөніндегі АНЫҚТАМА
СҚО әкімдігінің ветеринария басқармасы басшысының 2024 жылғы 27 мамырдағы № 107 бұйрығы негізінде «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді.
Талдауды жұмыс тобы жүргізді, оның құрамында Басқарма басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты, Басқарманың бөлім басшылары, мамандары болды.
Талданатын кезең: 2023 жылғы 01 маусым – 2024 жылғы 31 мамыр аралығы.
Талдау жүргізу кезеңі: 2024 жылғы 03-28 маусым аралығы.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы № 12 бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына сәйкес мынадай бағыттар бойынша жұмыс жүргізілді:
1) нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
2) ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.
Талдау жүргізу барысында мынадай заңнамалық актілерде қайшылықтар анықталды.
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң нормаларының қолданылуына қарамастан, оны орындаудың белгілі бір қиындықтары бар.
Аудандардың ветеринариялық қызметі қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою жөніндегі қызметті тоқтатты. Осының барлығы қаңғыбас жануарлар санының, жұқпалы аурулардың (құтыру) пайда болу және таралу қаупінің, қаңғыбас иттердің адамдар мен ауыл шаруашылығы жануарларына шабуыл жасау жағдайларының көбеюіне ықпалын тигізді.
Бүгінгі күні жануарларды уақытша ұстау пункттерінің болмауына байланысты, қаңғыбас жануарларды аулау, ауланғандарын тіркеу, стерилизациялау бойынша жұмыс жүргізу мүмкін емес. Ал жануарларды ұстай тұру пункттері қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын ізгілікпен азайтуға жағдай жасайды.
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңды одан әрі іске асыру жөніндегі ұсыныстар.
Біріншіден, Қазақстан Республикасының бірыңғай бюджеттік сыныптамасына «Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды стерилизациялау, вакциналау, чип салу және уақытша ұстау» бірыңғай бюджеттік бағдарламасын құру бойынша өзгеріс енгізу қажет.
Жануарларға жауапкершілікпен қарау шараларын жүргізу нәтижесінде бір қаңғыбас жануар бойынша 4 түрлі мердігер ұтады.
Аулау бойынша ұтқан мердігер ұстап алынған жануарды вакцина егу, стерилизациялау, бірдейлендіру үшін басқа мердігерге апаруы тиіс, содан кейін операция жасалған жануарды операциядан кейін ұстау және т.б. үшін тағы басқа мердігерге апарады.
Ақыр соңында бюджет қаражатының игерілуі және тиісті тапсырмалардың атқарылуы ұзаққа созылады, тіпті қаражаттың игерілмеуіне әкеп соғады.
Әуре-сарсаңды болдырмау үшін барлық бағдарламаларды бір бағдарламаға біріктіру ұсынылады.
Екіншіден, жануарларға арналған жеке меншік панажайларды субсидиялау қағидаларын әзірлеу туралы мәселені қарастыру.
Үшіншіден, үй жануарларын есепке алудың мемлекеттік бірыңғай жүйесін әзірлеу.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінде иттер мен мысықтарды есепке алуға арналған ақпараттық жүйені әзірлеуге бірыңғай тәсіл жоқ, сонымен қатар бірыңғай дерекқорды құруға республикалық бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Бұл жұмыс облыстардың жергілікті атқарушы органдарына жүктелді.
Әр облыстың ақпараттық жүйені өздігінен әзірлеуі мынадай бірнеше себептерге байланысты дұрыс емес деп санаймыз:
Төртіншіден, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату аясында жануарларды аулауды, уақытша ұстауды және жансыздандыруды ұйымдастыру функциясын мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарға тән емес функция ретінде алып тастау мақсатында облыстың жергілікті атқарушы органдарынан аудандық маңызы бар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдеріне берген орынды деп санаймыз.
Осылайша, жергілікті жерлерде қаңғыбас иттердің шоғырлануы мәселелері бойынша жағдайға мониторинг жүргізу және бақылау, сондай-ақ халық арасында әлеуметтік шиеленістің өсуіне жол бермеу, сондай-ақ қаңғыбас иттердің адамдар мен жануарларға шабуыл жасау жағдайларын азайту мақсатында қаңғыбас иттердің санын ізгілікпен реттеу жөнінде шешімдер қабылдаудың тиімділігі мен жеделдігін арттыру қамтамасыз етіледі.
«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 134-бабына сәйкес мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар нысанында жұмыс істейді.
Заңның 140-бабына сәйкес мемлекеттік кәсіпорынның қызметі даму жоспарына сәйкес өз табысы және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалған тәртіппен алынған бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады. Мемлекеттік ветеринариялық ұйымның бюджеті жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын манипуляциялар құны есепке алына отырып, ветеринариялық іс-шаралар көлемінен қалыптасады.
Осылайша, облыстың ЖАО құрған мемлекеттік ветеринариялықө ұйымдары ветеринариялық іс-шаралар бойынша көрсеттілетінқызметтер есебінен қаржыландырылады (012 «Ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті ауруларының профилактикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралар жүргізу», 013 «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру бойынша іс-шаралар жүргізу», 014 «Эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізу» бюджеттік бағдарламалары).
2024 жылға ветеринариялық іс-шаралар жүргізуге жергілікті бюджеттен 2 570,0 млн. теңге бөлінді, оның 80%-ы кәсіпорын қызметкерлеріне жалақы төлеуге жұмсалса, қалған 20%-ы кәсіпорынның ағымдағы шығындарына жұмсалады (коммуналдық қызметтер, «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» дерекқорына және басқа да ақпараттық жүйелерге қызмет көрсету, арнайы автокөлікті ағымдық жөндеу, жанар-жағар май материалдарын, көмір, отын, шаруашылық және кеңсе тауарларын сатып алу, қызметкерлердің өмірі мен автокөлікті сақтандыру және басқалары).
Демек, ветеринариялық станцияларда қаңғыбас иттерді уақытша ұстау пунктін күтіп-ұстауға қаражат жоқ, бұл объектіні балансқа қабылдау мүмкін емес.
Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 28 қыркүйектегі № 21/4 шешімімен бекітілген Аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларына сәйкес ауланған қаңғыбас жануарлар уақытша ұстау пунктіне орналастырылады және үй жануарларын есепке алу дерекқорында тіркелуі тиіс.
Анықтама үшін: жануарларды уақытша ұстау пункті – табылған, ауланған қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардан алып қойылған немесе тәркіленген үй жануарларын (компаньон жануарларды) уақытша ұстауға әдейі арналған және жабдықталған мүліктік кешен.
Уақытша ұстау пунктінде ауланған жануарларды клиникалық қарап-тексереді, дерекқорда тіркейді, азықтандырады, серуендетеді, стерилизациялайды, жаңа қожайындар іздейді.
Жануарларды ұстау, азықтандыру, қарап-тексеру, жансыздандыру, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау бойынша іс-шараларды уақытша ұстау пункті қамтамасыз етеді.
Осылайша ауланған қаңғыбас жануарларды уақытша ұстауды, есепке қоюды бюджет қаражаты есебінен жеке кәсіпкерлер мен мемлекеттік емес заңды тұлғалар (бәсекелі орта) жүзеге асыра алады. Осы көрсетілетін қызмет бойынша әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша айқындалады. Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2022 жылғы 24 мамырдағы № 527 бұйрығымен Бірыңғай бюджеттік сыныптамаға толықтырулар енгізілді, онда «Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» 458-бюджеттік бағдарламалар әкімшісі бойынша жаңа бюджеттік бағдарламалар көзделген:
- 056 «Үй жануарларына арналған панажайлар, уақытша ұстау пункттерін салу»;
- 057 «Үй жануарларына арналған панажайлар, уақытша ұстау пункттерін күтіп-ұстау».
Ветеринариялық станциялардың негізгі міндеттері – ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті ауруларының алдын алу, осылайша өңірдің эпизоотиялық салауаттылығын қамтамасыз ету. Сондықтан мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар базасында уақытша ұстау пункттерін ұйымдастыру ветеринариялық қызметке тән емес функция болып табылады.
Ұсынымдар: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы функцияны аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне беру мәселесін қарастыру туралы хат жолдау.
Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізілуіне байланысты ветеринария басқармасы мынадай функцияларды іске асырмайды:
11) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерін, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөпті және жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарды пайдалануға қабылдау жөніндегі мемлекеттік комиссияларды ұйымдастыру;
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы қолданыстағы заңнамамен мемлекеттік қабылдау комиссияларына қатысты нормалар алынып тасталған (78-бап 2014 жылғы 29.12 № 269-V ҚР Заңымен алынып тасталды (2016 жылғы 01.01 бастап қолданысқа енгізілген).
30) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерін, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарды пайдалануға қабылдайтын мемлекеттік комиссияларға қатысу;
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі № 242 Заңының 75-бабында объектілерді пайдалануға қабылдау тәртібі бекітілген.
Мердігерден (бас мердігерден) объектіні қабылдауды тапсырыс беруші техникалық және авторлық қадағалаумен бірлесіп жүзеге асырады.
2023 жылы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы функцияларды ветеринария саласындағы жергілікті атқарушы органдардың құзыретінен алып тастау туралы мәселені қарау жөнінде ұсыныстар жолданды.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары бастамашылық еткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына осы функцияларды облыстардың жергілікті атқарушы органдарының құзыретінен алып тастауға қатысты қосымша түзетулер енгізілді.
Ұсынымдар: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы функцияларды ветеринария саласындағы жергілікті атқарушы органдардың құзыретінен алып тастау туралы мәселені қарау жөнінде хат жолдау.
1.2. Құқықтық олқылық
1.2.1. Артық әкімшілік тосқауылдардың болуы.
«Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1-тармағы 2) тармақшасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 9 ақпандағы № 7-1/86 бұйрығымен бекітілген Шектеу іс-шараларын және карантинді белгілеу немесе алып тастау қағидаларына сәйкес облыстың аумағында орналасқан екі және одан көп ауданда жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда, тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша карантинді немесе шектеу iс-шараларын белгілеу туралы шешімдер қабылдау облыстың жергілікті атқарушы органының құзыретіне кіреді.
Бұрын Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы мәселе бойынша хат жолданды.
Ұсыным: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 9 ақпандағы № 7-1/86 бұйрығымен бекітілген Шектеу іс-шараларын және карантинді белгілеу немесе алып тастау қағидаларына өзгеріс енгізу.
Мысал ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 239 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағында шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді жүзеге асыру қағидаларына сәйкес коронавирус пандемиясы кезеңінде карантин немесе шектеу іс-шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің құзыретін алуға болады.
1.2.2. Қазіргі уақытта ветеринариялық препараттар мен вакциналар конкурс, аукцион немесе баға ұсыныстарын сұрату тәсілдерімен сатып алынатын жалпы тауарларға жатқызылды. Бұл ретте көбінесе мемлекеттік сатып алу нәтижелері бойынша тапсырыс беруші вакциналар мен ветеринариялық препараттарды жұмыс тәжірибесі, тиісті үй-жайлары, тасымалдауға арналған арнайы көлігі және биологиялық қасиеттерін сақтау үшін басқа да жағдайлары жоқ өнім берушілерден сатып алады. Сайып келгенде, вакцина соңғы тұтынушыға жеткенше жарамсыз болып, қасиеттерін жоғалтуы мүмкін және мұндай препаратты қолдану тиімсіз, бұл вакциналау бойынша ветеринариялық іс-шаралардың бұзылуына және аурудың өршуіне әкеп соғады.
Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамамен әлеуетті өнім берушілерге қанда да бір арнайы талаптар белгілеуге тыйым салынған, өйткені бұл аясын шектеу болып табылады.
Ветеринариялық препараттар – жануарлар ауруларының профилактикасына, диагностикасына және оларды емдеуге арналған, қаннан, қан плазмасынан, сондай-ақ жануарлардың ағзаларынан, өсімдіктерден, минералдардан синтез әдістерімен немесе биологиялық технологиялар қолданыла отырып алынған заттар. Өз кезегінде вакциналар – өндірілуін, сатып алынуын, сатылуын және пайдаланылуын мемлекет қатаң бақылауы тиіс биологиялық қару.
Ветеринариялық препараттарды сатып алу рәсімі «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңымен регламенттелген тәсілдермен жүзеге асырылады. Бұл ретте шыққан жері белгісіз ветеринариялық мақсаттағы сапасыз бұйымдар мен ветеринариялық атрибуттарды сатып алу қаупі бар, осылайша мұндай препараттарды қолдану жануарлардың саулығына және жалпы эпизоотиялық жағдайға теріс әсер етуі мүмкін.
Бір көзден сатып алуға болатын тауарлардың тізімін кеңейту қажет. Бұл шара сатып алу мерзімін едәуір қысқартуға, сондай-ақ тауарды адал өнім берушілерден сатып алуға мүмкіндік береді, бұл жануарларды вакциналау бойынша жұмысты жедел және сапалы жүргізуге көмектеседі. Осы тауарларды жалпы қабылданған тәсілдермен сатып алу бүтіндей ветеринариялық қауіпсіздікке әсер етуі мүмкін.
Ұсыным: «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының 39-бабы 3-тармағын мынадай мазмұндағы тармақпен толықтыру: «Жануарлар ауруларының алдын алу және емдеу үшін вакциналар мен ветеринариялық препараттарды сатып алу», жоғарыда көрсетілген тауарларды мемлекеттік сатып алу өндірушілермен немесе ресми дилерлермен тікелей мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу арқылы бір көзден жүзеге асырылуы тиіс.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің алдында «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының 39-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, атап айтқанда, ветеринариялық препараттарды, ветеринариялық мақсаттағы бұйымдар мен атрибуттарды тікелей өндірушіден немесе ресми дилерлерден «бір көзден алу» тәсілімен сатып алуға бастамашылық ету.
1.2.3. «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының «Монополияға қарсы органның ұқсас тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіруді жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жоқтығы туралы қорытындысының болуы жөніндегі талап ұлттық қауіпсіздік органдарының, сайлау комиссияларының қызметін қамтамасыз ететін ұйымдардан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қолданылмайды» делінген 39-бабы 3-тармағы 27) тармақшасына сәйкес бұл талап артық, өйткені «Ветеринария туралы» ҚР Заңының 10-бабы 1-тармағы 14) тармақшасына сәйкес «жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы мен диагностикасына арналған ветеринариялық препараттарды, олардың профилактикасы мен диагностикасы жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, ветеринариялық препараттарды сақтауды және тасымалдауды (жеткізуді), жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы мен диагностикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралар жүргізуді ұйымдастыру» жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді.
Ұсыным: «жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы мен диагностикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралар жүргізу» мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде монополияға қарсы органның қорытындысының болуы жөніндегі талапты алып тастауды ұсынамыз.
1.3. Құқықтық олқылық.
Бүгінгі күні «Ветеринариялық анықтама беру» және «Ветеринариялық паспорт беру» мемлекеттік қызметтерін «Электрондық үкімет» порталы арқылы көрсету қолжетімсіз. «Басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі» және «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйелері басқа ақпараттық жүйелермен (жеке және заңды тұлғалардың, сот органдары мен мемлекеттік кірістер органдарының дерекқорымен) интеграцияланбаған.
Ұсыныс: тиісті мемлекеттік органдарға жоғарыда көрсетілген ұсыныстармен хат жазу.
1.4. Құқықтық олқылық.
Қолданыстағы «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесінің нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігін функционалдық талдау кезінде кемшілік анықталды.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 7-1/68 бұйрығымен бекітілген Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларының 3-тарауының 32-тармағына сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларына ветеринариялық паспорт жеке беріледі. Көрсетілетін қызметті алушының таңдауы бойынша ветеринариялық паспортты ұсақ мал мен шошқалар тобына (отарына) беруге жол беріледі.
Алайда «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесінде ветеринариялық паспорт ұсақ мал мен шошқаның бір басына беріледі, бұл ветеринар маман үшін көп уақытты қажет ететін жұмыс.
Сондай-ақ, бұл кемшіліктер жұмыс уақытын тиімді пайдалануға және басқа функционалдық міндеттерді орындауға кері әсерін тигізеді.
Осы мәселе бойынша бұрын Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолданды.
«Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесіне жүйені нормативтік құқықтық актілерге сәйкестендіру мақсатында мал иесіне 500 бас ұсақ мал мен шошқа үшін ветеринариялық паспорт беру жөніндегі есепті қосуды ұсынамыз.
2.1. Персоналды басқару, соның ішінде кадрлар алмасушылығы.
Талданатын кезеңде жұмысқа қабылданған қызметкерлердің үлестестігі анықталған жоқ.
Көтермелеу тәжірибесінің қолданылуына қатысты қызметкерлерге мемлекеттік мерекелерге орай, сондай-ақ жыл қорытындысы бойынша сыйлықақы беру бұйрықтары зерделенді. Барлық бұйрықтар Қазақсьтан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы № 1127 қаулысымен бекітілген Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының жұмыскерлеріне сыйлық беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу ережесінің нормаларына сәйкес келеді. Осы Ережелерге сәйкес басшының бұйрығымен «Мемлекеттік қызметшілерге сыйлық беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу туралы» ереже бекітілді.
Сыйлықақы беру кезінде қызметкерлердің құқықтары бұзылмайды, барлық төлемдер мемлекеттік қызмет саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес және басқарма мен бөлім басшыларының ұжымдық пікірінің негізінде жүргізіледі.
Әкімшілік-құқықтық бөлімнің бас маманы тоқсан сайын құқықтық статистика органдарына басқарманың барлық қызметкерлері мен ветеринариялық станция директорларына қатысты олардың әкімшілік жауаптылыққа тартылуын тексеру үшін сұрау салу жолдап тұрады.
Нәтижесінде қызметкерлердің қолданыстағы заңнамада лауазымды адамдар үшін белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен тыйымдарды бұзғаны туралы мәліметтер анықталған жоқ.
2.1.1. Кадрлардың алмасушылығы.
Сонымен қатар талдау барысында аудандық ветеринариялық станциялардың 13 директорының ішінде 2012 жылдан бастап (аудандық ветеринариялық станциялар құрылған сәттен бастап) ветеринариялық станция директоры лауазымында жұмыс істейтіндері:
- Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның ветеринариялық станциясы – 2012 жылдан бастап 12 жылдан аса;
- Тайынша ауданының ветеринариялық станциясы – 2012 жылдан бастап 12 жылдан аса;
- Ақжар ауданының ветеринариялық станциясы – 2014 жылдан бастап 10 жылдан аса;
- Жамбыл ауданының ветеринариялық станциясы – 2015 жылдан бастап 9 жылдан аса;
- Аққайың ауданының ветеринариялық станциясы – 2015 жылдан бастап 9 жылдан аса,
бұл директорлардың дамуға деген ынтасы мен ұмтылысының жоғалуына әкеп соқтырады. Бұл ынталандырудың төмендеуіне, жұмыста жаңа тәсілдердің болмауына және заттардың барлық кемшіліктерімен бірге қазіргі жағдайына дағдылануға әкеп соғуы мүмкін, бұл да сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне алып келуі мүмкін.
ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы № 70 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау жүргізу, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларында басшыны алмастыру туралы норма жоқ, Қағидаларға квазимемлекеттік сектор басшыларын ротациялау туралы толықтыру енгізуді ұсынамыз.
Ұсыным: Мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын мысалға ала отырып, Ұлттық экономика министрлігіне Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау жүргізу, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларына квазимемлекеттік сектор басшыларын ротациялауды жүргізуге қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс жолдау.
2.2. Мүдделер қақтығысын реттеу.
Талданатын объект қызметкерлерінің жеке істерін зерделеу барысында, мүдделер қақтығысы, сондай-ақ жақын туыстардың, ерлі-зайыптылар мен жекжаттардың бірге қызмет ету (жұмыс істеу) фактілері анықталған жоқ.
2.3. Мемлекеттік қызметтер көрсету.
2.3.1. Бүгінгі күні Басқарма мемлекеттік қызметтің бір түрін көрсетеді, ол: «Ветеринария саласындағы қызметпен айналысуға лицензия беру».
Талданатын кезеңде мемлекеттік қызметтер көрсетуге арыздар түскен жоқ. Басқарманың фойесінде көрсетілетін қызметті алушының өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы бар, онда электрондық-цифрлық қолтаңбасы бар кез келген адам ветеринария саласы бойынша ғана емес, кез келген басқа да мемлекеттік көрсетілетін қызметті ала алады. Көрсетілетін қызметті алушыға қолайлы болуы үшін бұрыш интернет желісіне қосылған және көп функциялы құрылғы (принтер, сканер, көшіргіш аппарат) орнатылған дербес компьютермен жабдықталған.
2.4. Рұқсат беру функцияларын іске асыру.
2.4.1. Талдау барысында «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ветеринария саласындағы қызметпен айналысуға арналған лицензия бірінші санаттағы рұқсаттарға жататындығы және қолданыстағы заңнамаға сәйкес электрондық форматта берілетіні анықталды.
2.5. Бақылау-қадағалау функцияларын іске асыру.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР 2019 ж. 28.10 № 268-VI Заңына сәйкес «Ветеринария туралы» ҚР 2002 ж. 10.07 № 339 Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, соған сәйкес бақылау-қадағалау функциялары ветеринария саласындағы уәкілетті органға берілді.
2.6. Өзге де мәселелер:
Мемлекеттік орган қызметінің «ашықтығы мен айқындығы» мақсатында Басқарма фойесінде азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асыру үшін ашық аймақ құрылды.
2.7. Мемлекеттік сатып алу: Артық әкімшілік тосқауылдардың болуы
2023 жылғы 31.12 жағдай бойынша мемлекеттік сатып алудың бекітілген жылдық жоспары 2 593 476 мың теңгені құрады, жоспар тармақтарының саны – 250. Мемлекеттік сатып алудың 2023 жылға арналған жоспарына айына екі реттен асырмай өзгерістер уақтылы енгізілді. Ведомстволық бағынысты ұйымдармен шарттарға қосымша келісімдер жасау, ветеринариялық іс-шаралар жүргізу үшін қосымша қаржы бөлу себебінен жыл бойы жоспар тармақтары көбейді.
2023 жылдың қорытындысы бойынша өнім берушілермен жалпы сомасы 2 519 710,3 мың теңгеге 197 шарт жасалды, оның ішінде:
- ашық конкурс тәсілімен – 28 696,0 мың теңгеге 1 шарт;
- шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен — 2 449 666,4 мың теңгеге 144 шарт;
- баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен — 15 983,2 мың теңгеге 35 шарт;
- өткізілмеген сатып алу бойынша бір көзден алу тәсілімен — 25 364,7 мың теңгеге 17 шарт.
2023 жылы бейбәсеке тәсілмен шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен 144 шарттың 109 шарты ведомстволық бағынысты ветеринариялық станциялармен «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 39-бабы 3-тармағы 27) тармақшасы («мемлекеттік органның дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) бір жүз пайызы мемлекетке тиесілі, тиісті өкілеттіктері Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында белгіленген акционерлік қоғамдардан және шаруашылық серіктестіктерден; өзі Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес басқаруды жүзеге асыратын, тиісті өкілеттіктері Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында белгіленген мемлекеттік кәсіпорындардан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы») негізінде жасалды. 2024 жылғы 01 маусымдағы жағдай бойынша шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен 55 шарт жасалды, оның ішінде 49 шарт ведомстволық ветеринариялық станциялармен, 6 шарт басқа өнім берушілермен жасалды, оның ішінде: жылу және электр энергиясы бойынша көрсетілетін қызметтер, ақпараттық қызметтер (ЭҚАЖ, МОИП-на ілеспе қызмет көрсету), мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру.
2023 жылмен салыстырғанда, 2024 жылы бейбәсеке тәсілмен өткізілген мемлекеттік сатып алу үлесінің кемуі -83% құрады. Бұл статистика өткізілетін мемлекеттік сатып алудың ашықтығын көрсетіп отыр.
«Ветеринария туралы» ҚР Заңының 35-бабы аясында, сондай-ақ «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының 39-бабы 3-тармағы 27) тармақшасымен шарттардың негізгі үлесі ведомстволық бағынысты мемлекеттік ветеринариялық ұйымдармен жасалады. Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын ескере отырып, мемлекеттік сатып алуды жоспарлау мәселесі тұрақты бақылауда. Мемлекеттік сатып алу рәсімін жүзеге асыру кезінде үлестестік фактілері анықталған жоқ.
Жұмыс тобы мемлекеттік сатып алу шарттарын бәсекелі тәсілмен жасасу тәжірибесін жалғастыруға кеңес береді.
Ветеринариялық препараттарды, ветеринариялық мақсаттағы бұйымдар мен атрибуттарды сатып алу Ветеринария басқармасының функцияларына кіреді. Бұл рәсім «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңына сәйкес регламенттелген тәсілдермен жүзеге асырылады. Бұл ретте шыққан жері белгісіз ветеринариялық мақсаттағы сапасыз бұйымдар мен атрибуттар сатып алу қаупі бар, осылайша мұндай препараттардың қолданылуы жануарлардың саулығына, тіпті тұтастай эпизоотиялық жағдайға зиянын тигізуі мүмкін.
Бір көзден сатып алуға болатын тауарлардың тізбесін кеңейту қажет. Мұндай шара сатып алу мерзімін анағұрлым қысқартуға, сондай-ақ тауарды адал өнім берушілерден сатып алуға мүмкіндік береді, бұл жануарларды вакциналау жұмысын жылдам әрі сапалы жүргізуге жағдай жасайды. Осы тауарларды жалпы жұртшылық қабылдаған тәсілдермен сатып алу бүтіндей ветеринариялық қауіпсіздікке ықпал етуі мүмкін.
Ұсыным: жоғарыда жазылғанның негізінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының 39-бабына өзгерістер енгізу қажет, атап айтқанда, ветеринариялық препараттарды, ветеринариялық мақсаттағы бұйымдар мен атрибуттарды «бір көзден алу тәсілімен» тікелей өндірушіден немесе ресми дилерлерден сатып алу.
2.8. Ақпараттық жұмыс.
Басқарманың сенім телефоны: 42-57-14, Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде ресми парақшалары, https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-.veterinary интернет-ресурсы жұмыс істейді.
Сондай-ақ басқарманың ғимаратында мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары бар стенд орналастырылған, шағымдар мен ұсыныстарға арналған жәшік бар. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін ғимарат көтергіш платформамен және шақыру түймешігімен жабдықталған.
Бұқаралық ақпарат құралдарында Басқарманың қызметі туралы жағымсыз жарияланымдар жарияланған жоқ.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағына сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілерінде негізгі міндеті тиісті ұйымның және оның жұмыскерлерінің Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету болып табылатын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің функцияларын атқаратын құрылымдық бөлімшелер айқындалады.
Бүгінгі күні облыстың ветеринариялық станцияларында комплаенс-қызметтер құрылды.
2.9. Шаруашылық жүргізу құқығындағы ведомстволық бағынысты мемлекеттік кәсіпорындардың (ветеринариялық станциялардың) қызметін ішкі бақылау.
Заңнамаға ветеринариялық қызметтің вертикалін құруды көздейтін өзгерістердің енгізілуіне байланысты, ветеринариялық қызметтің әрекеттегі құрылымы қайта ұйымдастырылды.
Аудандардың 13 ветеринариялық станциясы, ауылдық округтердегі 173 ветеринариялық пункт облыстық коммуналдық меншікке өтті. Аудандар мен Петропавл қаласының ветеринария бөлімдері жабылды.
«Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы» КММ туралы ереженің 2-тармағына сәйкес ветеринариялық станциялар мемлекеттік органның қарамағында.
Осы кәсіпорындардың Жарғысына сәйкес Басқарма басқару органы болып табылады (5-тармақ), өз кезегінде оның мынадай өкілеттіктері бар (19-тармақ):
- Басқарманың құрылымдық бөлiмшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдары басшыларының мiндеттерi мен өкiлеттiктерiн айқындайды;
- қолданыстағы заңнамаға сәйкес Басқарманың қызметкерлерi мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшыларын қызметке тағайындайды және қызметiнен босатады;
- Басқарма қызметкерлерi мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшыларын көтермелеу мәселелерiн шешедi және тәртiптiк жазалар қолданады;
- Басқарманың бұйрықтарына қол қояды, сондай-ақ Басқарма қызметкерлерi мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары орындауға мiндеттi нұсқаулар бередi;
- мемлекеттiк органдарда, өзге де ұйымдарда Басқарманың атынан өкiлдiк етедi;
- Басқармада мемлекеттiк сатып алу туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етедi;
- ерлер мен әйелдердiң тең құқықтары мен тең мүмкiндiктерiнiң мемлекеттiк кепiлдiктерi туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етедi.
Жұмыс тобы көрсетілген өкілеттіктер аясында осы бағытта Басқарманың қызметіне талдау жүргізді.
Демек, басқарма бөлімдері ветеринариялық станциялардың қызметіне ішкі бақылау жүргізеді және әдістемелік көмек көрсетеді.
Профилактика және ветеринариялық іс-шаралар жүргізу бөлімі жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасы және диагностикасы, жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралар жоспарларын әзірлейді. Осы жоспарлар орындау үшін ведомстволық бағынысты ұйымдарға мәлімделеді. Осыдан кейін бөлім ветеринариялық станциялардың ветеринариялық іс-шараларды жүргізу барысына мониторинг және бақылау жүргізеді. Аталған іс-шараларды өткізуге бюджеттен бөлінген қаражаттың пайдаланылуына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді және тағы басқалары.
Есепке алу және бірдейлендіру бөлімі ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді ұйымдастырады, сондай-ақ «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесіне мәліметтердің енгізілуіне мониторинг жүргізеді және ұйымдастырады. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарға (құралдарға) және атрибуттарға қажеттілікті айқындайды және процессингтік орталыққа ақпарат береді. Талаптарға сәйкестігін анықтау үшін ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) және атрибуттарды беру процесінде ішінара іріктеуді жүзеге асырады және жануарларды бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдар (құралдар) мен атрибуттар қорын қалыптастырады.
Ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар бөлімі ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар саласындағы шараларды іске асыру және олардың нысаналы индикаторларға қол жеткізуі бойынша ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметін жалпы үйлестіруді жүргізеді. Бөлім ветеринариялық станциялармен бірлесіп сібір жарасы көмінділері мен мал қорымдарының жай-күйін есепке алуды жүргізеді. Бөлім жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін, алып қоймай залалсыздандырылған (зарарсыздандырылған) және қайта өңделген жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын иелеріне өтеуге құжаттарды қабылдауды ұйымдастырады.
Қаржыландыру және бухгалтерлік есеп бөлімі жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы мен диагностикасына арналған ветеринариялық препараттарды, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған ветеринариялық мақсаттағы бұйымдар мен атрибуттарды, ведомстволық бағынысты ветеринариялық ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтау үшін, қызметкерлердің жеке қорғану заттарын, аспаптарды, құралдарды, техниканы, жабдықтарды және инвентарды орталықтандырып сатып алуды жүзеге асырады. Ветеринариялық станциялар өткізетін мемлекеттік сатып алуға ішкі бақылау жүргізеді. Ведомстволық бағынысты ұйымдардың теңгеріміндегі негізгі құралдардың болуына және ағымдағы жай-күйіне мониторинг жасайды. Қаржылық есептіліктің уақтылы және сапалы ұсынылуын бақылайды.
Әкімшілік-құқықтық бөлім атқарушылық тәртіпке ішкі бақылауды, заңнама нормаларына өзгерістер енгізу тұрғысында түсіндіру жұмысын, хаттамалық тапсырмалардың орындалуын, құжат айналымының жүргізілуін бақылауды жүзеге асырады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша комплаенс қызмет мамандарының қызметіне әдістемелік сүйемелдейді және үйлестіреді. Салалық медиа-жоспардың орындалуын бақылайды, ветеринариялық станция директорларының жеке істерін жүргізеді. Қызметке тағайындау, қызметтен босату және аттестаттау бойынша конкурстық рәсімдерді ұйымдастырады. Жұмыс тобы жалпы басқарманың ведомстволық бағынысты ұйымдармен жұмысы әдістемелік және практикалық көмек көрсету тұрғысында ретке келтірілгенін анықтады. Осының барлығы өңірдің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, эпизоотиялық салауаттылықты сақтау, халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аса қауіпті аурулардан қорғау сияқты өңірдің ветеринариялық қызметі жұмысының негізгі мақсатына қол жеткізуге ықпал етеді.
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын ішкі бақылау қызметі ведомстволық бағынысты ұйымдарда мемлекеттік қызмет көрсету сапасына ішкі бақылау жүргізеді. Ветеринариялық станциялардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнаманы сақтауын тексереді. Ведомстволық бағынысты ұйымдармен мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын жақсарту тұрғысында үйлестіру және консультациялық жұмыс жүргізеді.
Осы бағытта сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.
Жалпы, жоғарыда көрсетілген фактілер сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына әкеп соқтыруы мүмкін, соған байланысты жұмыс тобы бірқатар ұсынымдар берді.
Жалпы ұсынымдар:
Ұсыным: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне жануарларды аулауды, уақытша ұстауды және жансыздандыруды ұйымдастыру функциясын аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне беру мәселесін қарастыру туралы хат жолдау;
Ұсыным: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы функцияларды ветеринария саласындағы жергілікті атқарушы органдардың құзыретінен алып тастау туралы мәселені қарау туралы хат жолдау:
- жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерін, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөпті және жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарды пайдалануға қабылдау жөніндегі мемлекеттік комиссияларды ұйымдастыру;
Ұсыным: ҚР АШМ-ға мынадай ұсыныстар енгізу:
- Қағидалардың 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларынан «ауданның (қаланың) мемлекеттік ветеринариялық бас дәрігері және олардың орынбасарлары» деген сөздерді алып тастау;
Ұсыным: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 9 ақпандағы № 7-1/86 бұйрығымен бекітілген Шектеу іс-шараларын және карантинді белгілеу немесе алып тастау қағидаларына өзгеріс енгізу;
Ұсыным: «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының 39-бабы 3-тармағын мынадай мазмұндағы тармақпен толықтыру: «Жануарлар ауруларының алдын алу және емдеу үшін вакциналар мен ветеринариялық препараттарды сатып алу», жоғарыда көрсетілген тауарларды мемлекеттік сатып алу өндірушілермен немесе ресми дилерлермен тікелей мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу арқылы бір көзден жүзеге асырылуы тиіс.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің алдында «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының 39-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, атап айтқанда, ветеринариялық препараттарды, ветеринариялық мақсаттағы бұйымдар мен атрибуттарды тікелей өндірушіден немесе ресми дилерлерден «бір көзден алу» тәсілімен сатып алуға бастамашылық ету;
Ұсыным: «жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы мен диагностикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралар жүргізу» мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде монополияға қарсы органның қорытындысының болуы жөніндегі талапты алып тастауды ұсынамыз;
Ұсыным: «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесіне жүйені нормативтік құқықтық актілерге сәйкестендіру мақсатында мал иесіне 500 бас ұсақ мал мен шошқа үшін ветеринариялық паспорт беру жөніндегі есепті қосу;
Ұсыным: Мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын мысалға ала отырып, Ұлттық экономика министрлігіне Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау жүргізу, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларына квазимемлекеттік сектор басшыларын ротациялауды жүргізуге қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс жолдау.