«СҚО әкімдігінің ветеринария басқармасы» КММ
сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау
жүргізу нәтижелері жөніндегі
АНЫҚТАМА
СҚО әкімдігінің ветеринария басқармасы басшысының 2022 жылғы 16 тамыздағы № 107 бұйрығы негізінде «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді.
Талдауды жұмыс тобы жүргізді, оның құрамында Басқарма басшысы, Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі бөлімінің бастығы, Басқарманың бөлім басшылары, мамандары болды.
Талданатын кезең: 2021 жылғы 01 сәуір – 2022 жылғы 31 шілде аралығы.
Талдау жүргізу кезеңі: 2022 жылғы 16-31 тамыз аралығы.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы № 12 бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына сәйкес мынадай бағыттар бойынша жұмыс жүргізілді:
1) нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
2) ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.
Талдау жүргізу барысында мынадай заңнамалық актілерде қайшылықтар анықталды.
1.1. Функциялардың тиісінше айқындалмауы
Бүгінгі күні жануарларды (қаңғыбас иттер мен мысықтарды) аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру күрделі мәселелердің бірі болып табылады.
2022 жылғы 2 наурызда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) күшіне енді. Заңды әзірлеуші – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі (ЭГТРМ). Мамыр айында ЭГТРМ жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қызметті реттейтін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді бекітті.
Қазіргі уақытта осы қызметті жүзеге асыру облыстың жергілікті атқарушы органы құрған мемлекеттік кәсіпорындардың, яғни ветеринариялық станциялардың құзыретіне кіреді.
Қолданыстағы «Ветеринария туралы» ҚР Заңына сәйкес жалпы функция Ветеринария басқармасы мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарына тән емес.
Жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметінің негізгі міндеті – жануарлар мен адамға ортақ ауруларды емдеу және олардың алдын алу.
Жергілікті деңгейде уәкілетті орган болып НҚА әзірлейтін, иттер мен мысықтарды стерилизациялауды, бірдейлендіруді, аулауды және жансыздандыруды ұйымдастыратын облыстардың ветеринария басқармалары белгіленді.
Заңның 9-бабына сәйкес жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларының, үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларының жобалары әзірленді. Қазіргі уақытта әділет органдарында тіркеу рәсімі жүргізіліп жатыр. Облыстық мәслихат сессиясында бекітілетін болады. Осы Заңның күшіне енуіне және нормативтік құқықтық актілердің болмауына байланысты ветеринариялық қызмет қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою жөніндегі қызметті тоқтатты. Заң үй жануарларын жансыздандыруға тыйым салады (Заңның 15-бабы 1-тармағын қоспағанда) және оларды арнайы панажайларда, жануарларды уақытша ұстау пункттерінде ұстауды көздейді. Жергілікті атқарушы органдар «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру үшін қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және ұстау тұрғысында бірқатар күрделі мәселелерге тап болды.
Біріншіден, облыс субвенциялық болып табылады және жергілікті бюджетте панажайлар мен ұстай тұруға арналған пункттер салуға және ұстауға бос қаражат жоқ. Республикалық бюджеттен қаражат бөлінген жоқ. Сондықтан өз кезегінде адамдардың денсаулығына зиян келтіруі және жұқпалы аурулардың көзі болуы мүмкін қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау мәселесі ашық күйінде қалып отыр.
Екіншіден, облыс аумағында заңмен бекітілген функцияларды жүзеге асыратын 14 аудандық ветеринариялық станция жұмыс істейді. Ветеринар мамандар күн сайын ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бірдейлендіру және мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі іс-шараларды жүргізуге қатысады. Аулау – бұл көп уақытты қажет ететін процесс және сәйкесінше мамандарға артық жүктеме. Штатты қосымша кеңейту үшін қаржы қаражаты жоқ. Ветеринариялық станциялар инфрақұрылым мен қаржыландыру болмағандықтан, қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын реттеу бойынша іс-шараларды жүргізуге дайын емес.
Үшіншіден, Петропавл қаласында ғана сыйымдылығы ветеринариялық қызмет аулаған қаңғыбас иттер мен мысықтарды қабылдауға және ұстауға мүмкіндігі жоқ 3 жеке панажай бар, ал облыс аудандарында ондай панажайлар мүлде жоқ. Осылайша, ауланған қаңғыбас иттер мен мысықтарды орналастыруда және ұстауда қиындықтар бар.
Төртіншіден, ЭГТРМ қаржы қаражатын бөлу үшін есептеулер жүргізуге қажет иттер мен мысықтарды азықтандыру нормативтерін әзірлеген жоқ.
Бұдан басқа, ЭГТРМ иттер мен мысықтарды есепке алуға арналған ақпараттық жүйені әзірлеуге бірыңғай тәсіл жоқ. Бұл жұмыс облыстардың жергілікті атқарушы органдарына берілді.
Әр облыстың ақпараттық жүйені өздігінен әзірлеуі мынадай бірнеше себептерге байланысты дұрыс емес деп санаймыз:
Үй жануарының жеке нөмірі деректер базасында автоматты түрде жасалады және он бес символдан тұрады, олар мынадай белгілерден тұрады: бастапқы үш символ – стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымның ISO кодына сәйкес Қазақстан Республикасының коды (үш сан – 398), төртінші символдан бесінші символға дейін – жануардың түрін білдіретін сандық код, алтыншы символдан он бесінші символға дейін – бірегей реттік нөмірі. Белгілі бір нөмірлін жануар Солтүстік Қазақстан облысында да, басқа облыстарда да тіркелуі мүмкін, бұл мал басын есепке алудың бұзылуына, өңірлер арасында жануарлардың орын ауыстыруының және оларды есепке қоюдың мүмкін болмауына әкеп соғады.
Шешу жолдары:
Қалыптасқан жағдай қаңғыбас иттер мен мысықтар популяциясының өсуіне әкеп соқтырады, сондықтан шұғыл шешім қабылдау қажет.
ЭГТРМ заңды жүзеге асыруды толығымен ветеринария басқармасына жүктеді (панажайларды есепке алу, асыранды иттер мен мысықтарды есепке алу, жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық инспекторлардың куәліктерінің тізілімін жүргізу және т.б.).
Ұсынымдар: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы функцияны аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне беру мәселесін қарау туралы хат жолдау.
1.2. Құқықтық олқылық
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының 2018 жылғы 15 қазандағы № 140 бұйрығымен (бұдан әрі – Бұйрық) бекітілген Ауыл шаруашылығы, жабайы жануарлардың және құстардың аса қауіпті ауруларына күдік туғанда және пайда болған жағдайда жедел хабарлама және іс-әрекеттер жасау рәсімдеріне қатысты мынадай ұсыныс бар. Демек, Бұйрықтың 3-тармағында жануарлардың аса қауіпті ауруларының пайда болу жағдайлары туралы жедел хабарламалар ұсыну тәртібі реттелген.
3-тармақтың 1) тармақшасында тізбеге енгізілген жануарлардың аса қауіпті аурулары анықталған жағдайда, ветеринариялық қызметпен айналысатын жеке және заңды тұлғалар, жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінің ветеринариялық дәрігерлері, сондай-ақ жануарларды ұстайтын және пайдаланатын мемлекеттік органдар, шекарадағы және көліктегі мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар бұл туралы жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымның (ауылдық, поселкелік округтердегі ветеринариялық пункттер) тиісті мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық дәрігеріне хабарлайтыны көзделген. Содан кейін (2) тармақша) жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымның мемлекеттік ветеринариялық дәрігері ауданның (қаланың) мемлекеттік бас дәрігеріне және мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторына немесе олардың орынбасарларына жедел хабарлама ұсынады.
Өз кезегінде, соңғылары облыстың, астананың және республикалық маңызы бар қалалардың мемлекеттік бас дәрігері мен мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бас инспекторына немесе олардың орынбасарларына жануарлардың аса қауіпті ауруларына күдік туындағаны жөнінде жедел хабарлама ұсынады (3) тармақша). Одан әрі (4) тармақша) облыстың, астананың және республикалық маңызы бар қалалардың мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бас инспекторы немесе олардың орынбасарлары эпизоотологиялық бірлікті эпизоотологиялық зерттеу актісін алғаннан кейін жануарлардың аса қауіпті ауруларына күдік туындағаны бойынша алдын ала диагнозды көрсете отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бас инспекторына немесе оның орынбасарларына күдік туындағаны жөнінде жедел хабарлама ұсынады.
Бұл тармақта облыстың мемлекеттік ветеринариялық бас дәрігерінің аудандық қызметтерден жедел хабарлама алғаннан кейінгі әрекеті реттелмеген. Бұл ретте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР 2019 жылғы 28.10 № 268-VI Заңына сәйкес «Ветеринария туралы» ҚР 2002 жылғы 10.07 № 339 Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, соған сәйкес бақылау-қадағалау функциялары ветеринария саласындағы уәкілетті органға берілді. Осының негізінде жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелері, яғни аудандар мен Петропавл қаласының ветеринария бөлімдері таратылды, демек аудандарда мемлекеттік ветеринариялық бас дәрігерлер жоқ.
Бұрын Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы мәселе бойынша хат жолданды.
Ұсыныс: ҚР АШМ-ға ұсыныс енгізу:
- Қағидалардың 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларынан «ауданның (қаланың) мемлекеттік ветеринариялық бас дәрігері және олардың орынбасарлары» деген сөздерді алып тастау.
1.3. Артық әкімшілік тосқауылдардың болуы.
1.3.1. «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1-тармағы 2) тармақшасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 9 ақпандағы № 7-1/86 бұйрығымен бекітілген Шектеу іс-шараларын және карантинді белгілеу немесе алып тастау қағидаларына сәйкес облыстың аумағында орналасқан екі және одан көп ауданда жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда, тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша карантинді немесе шектеу iс-шараларын белгілеу туралы шешімдер қабылдау облыстың жергілікті атқарушы органының құзыретіне кіреді.
Бұрын Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы мәселе бойынша хат жолданды.
Ұсыныс: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 9 ақпандағы № 7-1/86 бұйрығымен бекітілген Шектеу іс-шараларын және карантинді белгілеу немесе алып тастау қағидаларына өзгеріс енгізу.
Мысал ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 239 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағында шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді жүзеге асыру қағидаларына сәйкес коронавирус пандемиясы кезеңінде карантин немесе шектеу іс-шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің құзыретін алуға болады.
1.3.2. Қазіргі уақытта ветеринариялық препараттар мен вакциналар конкурс, аукцион немесе баға ұсыныстарын сұрату тәсілдерімен сатып алынатын жалпы тауарларға жатқызылды. Бұл ретте көбінесе мемлекеттік сатып алу нәтижелері бойынша тапсырыс беруші вакциналар мен ветеринариялық препараттарды жұмыс тәжірибесі, тиісті үй-жайлары, тасымалдауға арналған арнайы көлігі және биологиялық қасиеттерін сақтау үшін басқа да жағдайлары жоқ өнім берушілерден сатып алады. Сайып келгенде, вакцина соңғы тұтынушыға жеткенше жарамсыз болып, қасиеттерін жоғалтуы мүмкін және мұндай препаратты қолдану тиімсіз, бұл вакциналау бойынша ветеринариялық іс-шаралардың бұзылуына және аурудың өршуіне әкеп соғады.
Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамамен әлеуетті өнім берушілерге қанда да бір арнайы талаптар белгілеуге тыйым салынған, өйткені бұл аясын шектеу болып табылады.
Ветеринариялық препараттар – жануарлар ауруларының профилактикасына, диагностикасына және оларды емдеуге арналған, қаннан, қан плазмасынан, сондай-ақ жануарлардың ағзаларынан, өсімдіктерден, минералдардан синтез әдістерімен немесе биологиялық технологиялар қолданыла отырып алынған заттар. Өз кезегінде вакциналар – өндірілуін, сатып алынуын, сатылуын және пайдаланылуын мемлекет қатаң бақылауы тиіс биологиялық қару.
Ветеринариялық препараттарды сатып алу рәсімі «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңымен регламенттелген тәсілдермен жүзеге асырылады. Бұл ретте шыққан жері белгісіз ветеринариялық мақсаттағы сапасыз бұйымдар мен ветеринариялық атрибуттарды сатып алу қаупі бар, осылайша мұндай препараттарды қолдану жануарлардың саулығына және жалпы эпизоотиялық жағдайға теріс әсер етуі мүмкін.
Бір көзден сатып алуға болатын тауарлардың тізімін кеңейту қажет. Бұл шара сатып алу мерзімін едәуір қысқартуға, сондай-ақ тауарды адал өнім берушілерден сатып алуға мүмкіндік береді, бұл жануарларды вакциналау бойынша жұмысты жедел және сапалы жүргізуге көмектеседі. Осы тауарларды жалпы қабылданған тәсілдермен сатып алу бүтіндей ветеринариялық қауіпсіздікке әсер етуі мүмкін.
Ұсыным: «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының 39-бабы 3-тармағын мынадай мазмұндағы тармақпен толықтыру: «Жануарлар ауруларының алдын алу және емдеу үшін вакциналар мен ветеринариялық препараттарды сатып алу», жоғарыда көрсетілген тауарларды мемлекеттік сатып алу өндірушілермен немесе ресми дилерлермен тікелей мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу арқылы бір көзден жүзеге асырылуы тиіс.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің алдында «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының 39-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, атап айтқанда, ветеринариялық препараттарды, ветеринариялық мақсаттағы бұйымдар мен атрибуттарды тікелей өндірушіден немесе ресми дилерлерден «бір көзден алу» тәсілімен сатып алуға бастамашылық ету.
1.3.3. «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының «Монополияға қарсы органның ұқсас тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіруді жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жоқтығы туралы қорытындысының болуы жөніндегі талап ұлттық қауіпсіздік органдарының, сайлау комиссияларының қызметін қамтамасыз ететін ұйымдардан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қолданылмайды» делінген 39-бабы 3-тармағы 27) тармақшасына сәйкес бұл талап артық, өйткені «Ветеринария туралы» ҚР Заңының 10-бабы 1-тармағы 14) тармақшасына сәйкес «жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы мен диагностикасына арналған ветеринариялық препараттарды, олардың профилактикасы мен диагностикасы жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, ветеринариялық препараттарды сақтауды және тасымалдауды (жеткізуді), жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы мен диагностикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралар жүргізуді ұйымдастыру» жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді.
Ұсыным: «жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы мен диагностикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралар жүргізу» мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде монополияға қарсы органның қорытындысының болуы жөніндегі талапты алып тастауды ұсынамыз.
1.4. Құқықтық олқылық.
Бүгінгі күні «Ветеринариялық анықтама беру» және «Ветеринариялық паспорт беру» мемлекеттік қызметтерін «Электрондық үкімет» порталы арқылы көрсету қолжетімсіз. «Басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі» және «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйелері басқа ақпараттық жүйелермен (жеке және заңды тұлғалардың, сот органдары мен мемлекеттік кірістер органдарының дерекқорымен) интеграцияланбаған. «Ветеринариялық паспорт беру» мемлекеттік қызметін көрсетуге өтініш берген кезде лицензиарлар тізімінде көрсетілетін қызметті беруші – облыстардың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар (аудандар мен Петропавл қаласының ветеринариялық станциялары) жоқ. «Ветеринариялық анықтама беру» мемлекеттік қызметін көрсетуге өтініш берген кезде лицензиарлар тізімінде көрсетілетін қызметті берушілердің қате деректері көрсетілген. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне «ББАЖ» АЖ-сін қолдана отырып, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты қадағалау процестерін жетілдіру мәселесі жөніндегі ұсыныстар, сондай-ақ «ББАЖ» АЖ-нің жұмыс істеуі кезіндегі күрделі мәселелер жолданды (хаттардың көшірмелері қоса беріліп отыр). Сонымен қатар ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне «Ветеринариялық анықтама беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметін автоматтандыруға қатысты ұсыныстар жолданды (хаттың көшірмесі қоса беріліп отыр).
«Ветеринариялық паспорт беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметін толығымен электрондық форматқа көшіруді ұсынамыз. Көрсетілетін қызметті алушы толық құжаттар топтамасын ұсынған жағдайда, жауапты ветеринариялық дәрігер «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесінде ауыл шаруашылығы жануарының жеке нөмірін тексеріп, мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі – ветеринариялық ұйымның уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы ветеринариялық паспортты рәсімдейді (хаттың көшірмесі қоса беріліп отыр).
Ұсыныс: тиісті мемлекеттік органдарға жоғарыда көрсетілген ұсыныстармен хат жазу.
2.1. Персоналды басқару, соның ішінде кадрлар алмасушылығы.
Талданатын кезеңде жұмысқа қабылданған қызметкерлердің үлестестігі анықталған жоқ. Бірінші басшының ауысуы, сәйкесінше «командалық ауысу» фактілері анықталған жоқ.
Тәртіптік тәжірибеге мониторинг жүргізу барысында, лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамау арқылы тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар бөлімінің бас маманы Б.А. Өмірзақов, ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар бөлімінің бас маманы В.Н. Кузурман және ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар бөлімінің жетекші маманы Ө.С. Сейдахметов басшының 2022 жылғы 05.01 № 1-т/ж бұйрығымен ескерту түрінде тәртіптік жауаптылыққа тартылғаны анықталды. Бұл жаза қолдану мерзімі өткеннен кейін алып тасталды.
Көтермелеу тәжірибесінің қолданылуына қатысты қызметкерлерге мемлекеттік мерекелерге орай, сондай-ақ жыл қорытындысы бойынша сыйлықақы беру бұйрықтары зерделенді. Барлық бұйрықтар Қазақсьтан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы № 1127 қаулысымен бекітілген Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының жұмыскерлеріне сыйлық беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу ережесінің нормаларына сәйкес келеді. Осы Ережелерге сәйкес басшының бұйрығымен «Мемлекеттік қызметшілерге сыйлық беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу туралы» ереже бекітілді.
Сыйлықақы беру кезінде қызметкерлердің құқықтары бұзылмайды, барлық төлемдер мемлекеттік қызмет саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес және басқарма мен бөлім басшыларының ұжымдық пікірінің негізінде жүргізіледі.
Әкімшілік-құқықтық бөлімнің бас маманы тоқсан сайын құқықтық статистика органдарына басқарманың барлық қызметкерлері мен ветеринариялық станция директорларына қатысты олардың әкімшілік жауаптылыққа тартылуын тексеру үшін сұрау салу жолдап тұрады.
Нәтижесінде қызметкерлердің қолданыстағы заңнамада лауазымды адамдар үшін белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен тыйымдарды бұзғаны туралы мәліметтер анықталған жоқ.
2.1.1. Кадрлардың алмасушылығы.
Сонымен қатар талдау барысында аудандық ветеринариялық станциялардың 14 директорының ішінде 2012 жылдан бастап (аудандық ветеринариялық станциялар құрылған сәттен бастап) ветеринариялық станция директоры лауазымында жұмыс істейтіндері:
- Шал ақын ауданының ветеринариялық станциясы – 2012 жылдан бастап 10 жылдан аса;
- Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның ветеринариялық станциясы – 2012 жылдан бастап 10 жылдан аса;
- Тайынша ауданының ветеринариялық станциясы – 2012 жылдан бастап 10 жылдан аса;
- Ақжар ауданының ветеринариялық станциясы – 2014 жылдан бастап 8 жылдан аса;
- Жамбыл ауданының ветеринариялық станциясы – 2015 жылдан бастап 7 жылдан аса;
- Аққайың ауданының ветеринариялық станциясы – 2015 жылдан бастап 7 жылдан аса,
бұл директорлардың дамуға деген ынтасы мен ұмтылысының жоғалуына әкеп соқтырады. Бұл ынталандырудың төмендеуіне, жұмыста жаңа тәсілдердің болмауына және заттардың барлық кемшіліктерімен бірге қазіргі жағдайына дағдылануға әкеп соғуы мүмкін, бұл да сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне алып келуі мүмкін.
ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы № 70 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау жүргізу, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларында басшыны алмастыру туралы норма жоқ, Қағидаларға квазимемлекеттік сектор басшыларын ротациялау туралы толықтыру енгізуді ұсынамыз.
Ұсыным: Мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын мысалға ала отырып, Ұлттық экономика министрлігіне Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау жүргізу, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларына квазимемлекеттік сектор басшыларын ротациялауды жүргізуге қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс жолдау.
2.2. Мүдделер қақтығысын реттеу.
Талданатын объект қызметкерлерінің жеке істерін зерделеу барысында, мүдделер қақтығысы, сондай-ақ жақын туыстардың, ерлі-зайыптылар мен жекжаттардың бірге қызмет ету (жұмыс істеу) фактілері анықталған жоқ.
2.3. Мемлекеттік қызметтер көрсету.
2.3.1. Бүгінгі күні Басқарма мемлекеттік қызметтің бір түрін көрсетеді, ол: «Ветеринария саласындағы қызметпен айналысуға лицензия беру».
Талданатын кезеңде 1 мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Басқарманың фойесінде көрсетілетін қызметті алушының өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы бар, онда электрондық-цифрлық қолтаңбасы бар кез келген адам ветеринария саласы бойынша ғана емес, кез келген басқа да мемлекеттік көрсетілетін қызметті ала алады. Көрсетілетін қызметті алушыға қолайлы болуы үшін бұрыш интернет желісіне қосылған және көп функциялы құрылғы (принтер, сканер, көшіргіш аппарат) орнатылған дербес компьютермен жабдықталған.
2.4. Рұқсат беру функцияларын іске асыру.
2.4.1. Талдау барысында «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ветеринария саласындағы қызметпен айналысуға арналған лицензия бірінші санаттағы рұқсаттарға жататындығы және қолданыстағы заңнамаға сәйкес электрондық форматта берілетіні анықталды.
2.5. Бақылау-қадағалау функцияларын іске асыру.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР 2019 ж. 28.10 № 268-VI Заңына сәйкес «Ветеринария туралы» ҚР 2002 ж. 10.07 № 339 Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, соған сәйкес бақылау-қадағалау функциялары ветеринария саласындағы уәкілетті органға берілді.
2.6. Өзге де мәселелер: азаматтардың өтініштері:
2021 жылдың 2-тоқсанында СҚО әкімдігінің ветеринария басқармасына 11 өтініш келіп түсті, оның ішінде жеке тұлғалардан 10, заңды тұлғадан 1 өтініш келіп түсті, оның ішінде ветеринария мәселесі бойынша 1 өтініш.
2021 жылдың 3-тоқсанында СҚО әкімдігінің ветеринария басқармасына 13 өтініш келіп түсті, оның ішінде жеке тұлғалардан 12 өтініш, заңды тұлғадан 1 өтініш түсті, оның ішінде ветеринария мәселесі бойынша 10 өтініш.
2021 жылдың 4-тоқсанында СҚО әкімдігінің ветеринария басқармасына 19 өтініш келіп түсті, оның ішінде жеке тұлғалардан 14 өтініш, заңды тұлғадан 5 өтініш түсті, оның ішінде ветеринария мәселесі бойынша 14 өтініш.
2022 жылдың 1-тоқсанында СҚО әкімдігінің ветеринария басқармасына 26 өтініш келіп түсті, оның ішінде жеке тұлғалардан 6 өтініш, заңды тұлғадан 20 өтініш түсті, оның ішінде ветеринария мәселесі бойынша 5 өтініш.
2022 жылдың 2-тоқсанында СҚО әкімдігінің ветеринария басқармасына 26 өтініш келіп түсті, оның ішінде жеке тұлғалардан 3 өтініш, заңды тұлғадан 23 өтініш түсті, оның ішінде ветеринария мәселесі бойынша 23 өтініш.
Барлық өтініш белгіленген мерзімде қаралды. Талданатын кезеңде азаматтардың өтініштері бойынша тәртіптік жауаптылыққа тартылған Басқарма қызметкерлері болған жоқ. Басқарма аппаратында өтнішітерді қарау жөніндегі жұмыс Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік орган қызметінің «ашықтығы мен айқындығы» мақсатында Басқарма фойесінде азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асыру үшін ашық аймақ құрылды.
2.7. Мемлекеттік сатып алу:
Артық әкімшілік тосқауылдардың болуы
2021 жылғы 31.12 жағдай бойынша мемлекеттік сатып алудың бекітілген жылдық жоспары 1 573 497,1 мың теңгені құрады, жоспар тармақтарының саны – 271. Мемлекеттік сатып алудың 2021 жылға арналған жоспарына айына екі реттен асырмай өзгерістер уақтылы енгізілді. Ведомстволық бағынысты ұйымдармен шарттарға қосымша келісімдер жасау, ветеринариялық іс-шаралар жүргізу үшін қосымша қаржы бөлу себебінен жыл бойы жоспар тармақтары көбейді.
2021 жылдың қорытындысы бойынша өнім берушілермен жалпы сомасы 1 521 637,2 мың теңгеге 268 затқа 179 шарт жасалды, оның ішінде:
тікелей шарт жасау арқылы бір көзден алу тәсілімен — 107 шарт, өткізілмеген сатып алу бойынша бір көзден алу тәсілімен — 22 шарт, баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен — 45 шарт, конкурс тәсілімен — 4 шарт, тұрғынжай сатып алу бойынша – 1 шарт.
2022 жылғы қаңтар айында Басқарманың мемлекеттік сатып алудың 2022 жылға арналған жылдық жоспары уақтылы әзірленіп, бекітілді, ол жалпы сомасы 1 443 246,3 мың теңге 169 тармақтан тұрады және мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырылды.
ҚР Мемлекеттік сатып алу веб-порталында Мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына өзгерістер уақтылы енгізілді. Мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына енгізілген өзгерістерді есепке алғанда, 2022 жылғы 1 шілдеде жалпы көлемі 1 529 334,6 мың теңгені құрайды.
2022 жылғы 01 шілдедегі жағдай бойынша өнім берушілермен жалпы сомасы 1 430 120,5 мың теңгеге 95 шарт жасалды, оның ішінде: тікелей шарт жасау арқылы бір көзден алу тәсілімен – 65 шарт, өткізілмеген сатып алу бойынша бір көзден алу тәсілімен – 9 шарт, баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен – 19 шарт, конкурс тәсілімен – 2 шарт.
2021 жылы бейбәсеке тәсілмен тікелей шарт жасау арқылы бір көзден алу тәсілімен 107 шарттың 77 шарты ведомстволық бағынысты ветеринариялық станциялармен «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 39-бабы 3-тармағы 27) тармақшасы («мемлекеттік органның дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) бір жүз пайызы мемлекетке тиесілі, тиісті өкілеттіктері Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында белгіленген акционерлік қоғамдардан және шаруашылық серіктестіктерден; өзі Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес басқаруды жүзеге асыратын, тиісті өкілеттіктері Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында белгіленген мемлекеттік кәсіпорындардан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы») негізінде жасалды.
2022 жылғы 01 шілдедегі жағдай бойынша тікелей шарт жасау арқылы бір көзден алу тәсілімен 65 шарт жасалды, оның ішінде 59 шарт ведомстволық ветеринариялық станциялармен, 6 шарт басқа өнім берушілермен жасалды, оның ішінде: жылу және электр энергиясы бойынша көрсетілетін қызметтер, ақпараттық қызметтер (ЭҚАЖ, МОИП-на ілеспе қызмет көрсету), мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру.
2021 жылмен салыстырғанда, 2022 жылы бейбәсеке тәсілмен өткізілген мемлекеттік сатып алу үлесінің кемуі 60,7% құрады. Бұл статистика өткізілетін мемлекеттік сатып алудың ашықтығын көрсетіп отыр. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алуды баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен өткізу тауардың сапасына әсерін тигізеді.
«Ветеринария туралы» ҚР Заңының 35-бабы аясында, сондай-ақ «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының 39-бабы 3-тармағы 27) тармақшасымен шарттардың негізгі үлесі ведомстволық бағынысты мемлекеттік ветеринариялық ұйымдармен жасалады. Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын ескере отырып, мемлекеттік сатып алуды жоспарлау мәселесі тұрақты бақылауда. Мемлекеттік сатып алу рәсімін жүзеге асыру кезінде үлестестік фактілері орын алған жоқ.
Жұмыс тобы мемлекеттік сатып алу шарттарын бәсекелі тәсілмен жасау тәжірибесін жалғастыруға кеңес береді.
Ветеринариялық препараттарды, ветеринариялық мақсаттағы бұйымдар мен атрибуттарды сатып алу Ветеринария басқармасының функцияларына кіреді. Бұл рәсім «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңына сәйкес регламенттелген тәсілдермен жүзеге асырылады. Бұл ретте шыққан жері белгісіз ветеринариялық мақсаттағы сапасыз бұйымдар мен атрибуттар сатып алу қаупі бар, осылайша мұндай препараттардың қолданылуы жануарлардың саулығына, тіпті тұтастай эпизоотиялық жағдайға зиянын тигізуі мүмкін.
Бір көзден сатып алуға болатын тауарлардың тізбесін кеңейту қажет. Мұндай шара сатып алу мерзімін анағұрлым қысқартуға, сондай-ақ тауарды адал өнім берушілерден сатып алуға мүмкіндік береді, бұл жануарларды вакциналау жұмысын жылдам әрі сапалы жүргізуге жағдай жасайды. Осы тауарларды жалпы жұртшылық қабылдаған тәсілдермен сатып алу бүтіндей ветеринариялық қауіпсіздікке ықпал етуі мүмкін.
Ұсыным: Жоғарыда жазылғанның негізінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының 39-бабына өзгерістер енгізу қажет, атап айтқанда, ветеринариялық препараттарды, ветеринариялық мақсаттағы бұйымдар мен атрибуттарды «бір көзден алу тәсілімен» тікелей өндірушіден немесе ресми дилерлерден сатып алу.
2.8. Ақпараттық жұмыс.
Басқарманың сенім телефоны: 42-57-14, Facebook и Instagram әлеуметтік желілерінде ресми парақшалары, https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-.veterinary интернет-ресурсы жұмыс істейді.
Сондай-ақ басқарманың ғимаратында мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары бар стенд орналастырылған, шағымдар мен ұсыныстарға арналған жәшік бар. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін ғимарат көтергіш платформамен және шақыру түймешігімен жабдықталған.
Бұқаралық ақпарат құралдарында Басқарманың қызметі туралы жағымсыз жарияланымдар жарияланған жоқ.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағына сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілерінде негізгі міндеті тиісті ұйымның және оның жұмыскерлерінің Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету болып табылатын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің функцияларын атқаратын құрылымдық бөлімшелер айқындалады.
Бүгінгі күні облыстың ветеринариялық станцияларында комплаенс-қызметтер құрылды.
2.9. Шаруашылық жүргізу құқығындағы ведомстволық бағынысты мемлекеттік кәсіпорындардың (ветеринариялық станциялардың) қызметін ішкі бақылау.
Заңнамаға ветеринариялық қызметтің вертикалін құруды көздейтін өзгерістердің енгізілуіне байланысты, ветеринариялық қызметтің әрекеттегі құрылымы қайта ұйымдастырылды.
Аудандар мен Петропавл қаласының 14 ветеринариялық станциясы, ауылдық округтердегі 173 ветеринариялық пункт облыстық коммуналдық меншікке өтті.
«Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы» КММ (бұдан әрі – Басқарма) туралы ереженің 2-тармағына сәйкес ветеринариялық станциялар мемлекеттік органның қарамағында.
Осы кәсіпорындардың Жарғысына сәйкес Басқарма басқару органы болып табылады (5-тармақ), өз кезегінде оның мынадай өкілеттіктері бар (19-тармақ):
- Басқарманың құрылымдық бөлiмшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдары басшыларының мiндеттерi мен өкiлеттiктерiн айқындайды;
- қолданыстағы заңнамаға сәйкес Басқарманың қызметкерлерi мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшыларын қызметке тағайындайды және қызметiнен босатады;
- Басқарма қызметкерлерi мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшыларын көтермелеу мәселелерiн шешедi және тәртiптiк жазалар қолданады;
- Басқарманың бұйрықтарына қол қояды, сондай-ақ Басқарма қызметкерлерi мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары орындауға мiндеттi нұсқаулар бередi;
- мемлекеттiк органдарда, өзге де ұйымдарда Басқарманың атынан өкiлдiк етедi;
- Басқармада мемлекеттiк сатып алу туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етедi;
- ерлер мен әйелдердiң тең құқықтары мен тең мүмкiндiктерiнiң мемлекеттiк кепiлдiктерi туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етедi.
Жұмыс тобы көрсетілген өкілеттіктер аясында осы бағытта Басқарманың қызметіне талдау жүргізді.
Демек, басқарма бөлімдері ветеринариялық станциялардың қызметіне ішкі бақылау жүргізеді және әдістемелік көмек көрсетеді.
Профилактика және бірдейлендіру бөлімі жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасы және диагностикасы, жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралар жоспарларын, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу іс-шараларының жоспарын әзірлейді. Осы жоспарлар орындау үшін ведомстволық бағынысты ұйымдарға мәлімделеді. Осыдан кейін бөлім ветеринариялық станциялардың ветеринариялық іс-шараларды жүргізу барысына мониторинг және бақылау жүргізеді. Аталған іс-шараларды өткізуге бюджеттен бөлінген қаражаттың пайдаланылуына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді және тағы басқалары.
Ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар бөлімі ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар саласындағы шараларды іске асыру және олардың нысаналы индикаторларға қол жеткізуі бойынша ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметін жалпы үйлестіруді жүргізеді. Бөлім ветеринариялық станциялармен бірлесіп сібір жарасы көмінділері мен мал қорымдарының жай-күйін есепке алуды жүргізеді. Бөлім жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін, алып қоймай залалсыздандырылған (зарарсыздандырылған) және қайта өңделген жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын иелеріне өтеуге құжаттарды қабылдауды ұйымдастырады.
Қаржыландыру және бухгалтерлік есеп бөлімі ветеринариялық станциялар өткізетін мемлекеттік сатып алу кезіндегі жергілікті қамту үлесіне ішкі бақылауды жүзеге асырады. Ведомстволық бағынысты ұйымдардың теңгеріміндегі негізгі құралдардың болуына және ағымдағы жай-күйіне мониторинг жасайды. Қаржылық есептіліктің уақтылы және сапалы ұсынылуын бақылайды.
Әкімшілік-құқықтық бөлім атқарушылық тәртіпке ішкі бақылауды, заңнама нормаларына өзгерістер енгізу тұрғысында түсіндіру жұмысын, хаттамалық тапсырмалардың орындалуын, құжат айналымының жүргізілуін бақылауды жүзеге асырады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша комплаенс қызмет мамандарының қызметіне әдістемелік сүйемелдейді және үйлестіреді. Салалық медиа-жоспардың орындалуын бақылайды, ветеринариялық станция директорларының жеке істерін жүргізеді. Қызметке тағайындау, қызметтен босату және аттестаттау бойынша конкурстық рәсімдерді ұйымдастырады. Жұмыс тобы жалпы басқарманың ведомстволық бағынысты ұйымдармен жұмысы әдістемелік және практикалық көмек көрсету тұрғысында ретке келтірілгенін анықтады. Осының барлығы өңірдің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, эпизоотиялық салауаттылықты сақтау, халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аса қауіпті аурулардан қорғау сияқты өңірдің ветеринариялық қызметі жұмысының негізгі мақсатына қол жеткізуге ықпал етеді.
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын ішкі бақылау қызметі ведомстволық бағынысты ұйымдарда мемлекеттік қызмет көрсету сапасына ішкі бақылау жүргізеді. Ветеринариялық станциялардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнаманы сақтауын тексереді. Ведомстволық бағынысты ұйымдармен мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын жақсарту тұрғысында үйлестіру және консультациялық жұмыс жүргізеді.
Осы бағытта сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.
Жалпы, жоғарыда көрсетілген фактілер сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына әкеп соқтыруы мүмкін, соған байланысты жұмыс тобы бірқатар ұсынымдар берді.
Жалпы ұсынымдар:
- Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы функцияны аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне беру мәселесін қарау туралы хат жіберу;
- уәкілетті органға «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға өзгерістер енгізу, атап айтқанда, ветеринариялық препараттарды «бір көзден алу тәсілімен» тікелей өндірушіден немесе ресми дилерлерден сатып алу мүмкіндігін қарау туралы хат жолдау;
- «Ветеринариялық паспорт беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметін толығымен электрондық форматқа көшіру, тиісті мемлекеттік органдарға көрсетілген ұсыныстармен хат жазу;
- мемлекеттік сатып алу шарттарын бәсекелі тәсілмен жасау тәжірибесін жалғастыру, «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының 39-бабына өзгерістер енгізу, атап айтқанда, ветеринариялық препараттарды, ветеринариялық мақсаттағы бұйымдар мен атрибуттарды «бір көзден алу тәсілімен» тікелей өндірушіден немесе ресми дилерлерден сатып алу;
- «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңында «жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы мен диагностикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралар жүргізу» кезінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде монополияға қарсы органның қорытындысының болуы жөніндегі талапты алып тастау туралы ұсыныс енгізу.
- «Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау жүргізу, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларына» өзгерістер мен толықтырулар енгізу, Мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын мысалға ала отырып, Квазимемлекеттік сектор басшыларын ротациялауды жүргізу тәртібі деген баппен толықтыру туралы ұсыныс енгізу.
Ветеринария басқармасының
басшысы Б.А. Әлжанов
СҚО кәсіпкерлер палатасы
кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау
жөніндегі бөлімінің бастығы А.Ж. Кеңбейілов
Ветеринария басқармасы
әкімшілік-құқықтық бөлімінің
басшысы А.Т. Джетекенов
Ветеринария басқармасы
ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар
бөлімінің басшысы Н.Е. Тараканова
Ветеринария басқармасы
профилактика және бірдейлендіру
бөлімінің басшысы Қ.С. Қазанов
Ветеринария басқармасы
қаржыландыру және бухгалтерлік есеп
бөлімінің басшысы Г.Н. Мәмбетова
Ветеринария басқармасы
әкімшілік-құқықтық бөлімінің
бас маман-заңгері С.А. Қалиев