
Қазақстанда 2022 жылғы 1 наурыздан бастап «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң қолданысқа енгізілді.
Осы Заң жануарларды қорғау, оларға қарау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамгершілікті нығайту және қоғамның ізгілік қағидаттарын сақтау, сондай-ақ жануарларға қарау кезінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.
Мыналар:
1) жануарларға ауырсыну мен физикалық қиналуды сезіне алатын тіршілік иесі ретінде қарау;
2) жануардың тіршілігі, саулығы мен амандығы үшін иесінің дербес жауапты болуы;
3) жануарларды қатыгездікпен қараудан қорғау;
4) халықты жануарларға адамгершілікпен және ізгілікпен қарауға тәрбиелеу жануарларға жауапкершілікпен қарауды реттеу қағидаттары болып табылады.
Заңда айқындалғандай, жануарға қатыгездікпен қарау – жануардың өліміне, мертігуіне немесе оның саулығына өзге де зиян келуіне алып келген немесе алып келуі мүмкін қасақана іс-әрекет.