Тамақтану сапасын бақылау жөнiндегi ведомствоаралық сараптамалық топтың қызметiн ұйымдастыру бойынша ұсынымдар

Тамақтану сапасын бақылау жөнiндегi ведомствоаралық сараптамалық топтың қызметiн ұйымдастыру бойынша ұсынымдар

1. Тамақтану сапасын бақылау жөнiндегi ведомствоаралық сараптамалық топ (бұдан әрi — Сараптамалық топ) тамақтану сапасын мониторингтеу жөнiндегi комиссиялардың (бракераждық комиссиялардың) қызметiнiң тиiмдiлiгiне жүйелi талдауды жүзеге асырады және балалардың тамақтануын тиiмдi ұйымдастыру жөнiнде шаралар қабылдайды.

Сараптамалық топтың мiндеттерi:

- бракераждық комиссиялар қызметiнiң мониторингi;

- балалардың тамақтануын ұйымдастыруды бақылау;

- өңiрдегi балалардың тамақтануын ұйымдастыру саласындағы өзектi мәселелердi шешуге жәрдемдесу;

- байқаушылар ретiнде қызметтердi, тауарларды жеткiзушiнi таңдау жөнiндегi конкурстық комиссияға қатысу;

- өңiрдiң бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру бойынша ұсыныстар әзiрлеу;

- балалардың дұрыс тамақтануын насихаттау және тамақтану мәдениетiн қалыптастыру мәселелерi бойынша бiлiм беру ұйымдарының қызметiне мониторинг жүргiзу;

- халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi өрескел бұзған қызметтердi жеткiзушiлердiң есебiн жүргiзу.

2. Сараптамалық топ адалдық, құзыреттiлiк, парасаттылық және ашықтық қағидаттарына сәйкес өз құзыретiне жатқызылған функцияларды орындайды.

3. Сараптамалық топ келiсiм бойынша әкiм аппаратының, бiлiм, денсаулық сақтау, қоғамдық даму iстерi жөнiндегi басқармалардың, мәслихат депутаттарының, қоғамдық кеңестердiң, саяси партиялардың, ата-аналар қоғамдастығының, сондай-ақ балалық шақ саласындағы үкiметтiк емес ұйымдардың өкiлдерiнен құрылады.

Топтың құрамы қажет болған жағдайда өзгеруi мүмкiн.

Сараптамалық топты бiлiм басқармасының басшысы басқарады.

Сараптамалық топтың төрағасы немесе төрағасының орынбасары жалпы басшылықты жүзеге асырады, оның қызметiн үйлестiредi және Сараптамалық топқа жүктелген мiндеттердiң орындалуына жауап бередi.

Сараптамалық топтың хатшысы Сараптамалық топтың мүшелерiн және шақырылғандарды отырыстың күнi, күн тәртiбi және басқа да мәселелер туралы хабардар етудi қамтамасыз етедi, Сараптамалық топтың мүшелерiне шешiмдердiң жобаларын және өзге де құжаттарды жiберудi жүзеге асырады.

Сараптамалық топ мүшелерiнiң саны кемiнде 7 адам, оның iшiнде ата-аналар қауымдастығынан кемiнде 3 адам болуы тиiс.

Комиссия құрамын жыл сайын жаңарту ұсынылады.

Сараптамалық топтың түрi:

- аудандық;

- қалалық;

- облыстық.

4. Сараптамалық топ өз қызметiн:

• Сараптамалық топтың отырысында қабылданатын және оның төрағасы бекiтетiн жоспарға;

• мониторингтiң жоспар-кестесiне сәйкес жүзеге асырады.

Ұйымдардың отырыстары мен мониторингiн Сараптамалық топ қажеттiлiгiне қарай, бiрақ тоқсанына бiр реттен сиретпей өткiзедi және егер оларға оның мүшелерiнiң 1/3 бөлiгi қатысса, заңды болып саналады.

Сараптамалық топ келесi бару жоспарына сүйене отырып, тамақтану сапасын ұйымдастыру бойынша мониторингтiң жоспар-кестесiн жасайды:

• қалалық / аудандық Сараптамалық топ оқу жылы iшiнде бiлiм беру ұйымдарының 100%-на барады (тоқсанына 25%);

• облыстық Сараптамалық топ оқу жылы iшiнде өңiрдiң бiлiм беру ұйымдарының кемiнде 28%-ына (тоқсанына 7%) барады.

Сараптамалық топтың шешiмi қатысушы мүшелердiң көпшiлiк дауысымен қабылданады және тамақтану сапасын бақылау жөнiндегi ведомствоаралық сараптамалық топтың актiсiмен ресiмделедi.

Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушi дауыс берген шешiм қабылданды деп есептеледi.

Бiлiм беру ұйымдарына барған кезде Сараптамалық топ бiлiм беру ұйымының басшысын, қызметтi жеткiзушiнi (бар болса) бiлiм басқармасының мониторинг жүргiзу туралы бұйрығымен таныстырады.

Сараптамалық топтың жұмыс нәтижелерi туралы бiлiм беру мекемесi, ата-аналар комитетi, қызметтi жеткiзушi (бар болса) хабардар етiледi.

5. Сараптамалық топ мынадай функцияларды орындайды:

• өңiрдiң бiлiм беру ұйымдарындағы балалардың тамақтануын ұйымдастыру үшiн өнiм ассортиментiнiң мониторингiн жүргiзедi. Бұл үшiн актiге сәйкес тиiстi құжаттама мәлiметтерiнiң дұрыстығын салыстырып тексеруге құқылы;

• нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкес келетiн тамақтану рационын сапалы жақсарту, бiлiм алушылардың және тәрбиеленушiлердiң қауiпсiз және теңгерiмдi тамақпен қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар қабылдайды, тамақтануды ұйымдастыру мәселелерi бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзiрлеуге қатысады;

• бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлер үшiн тамақ дайындау процесiнде пайдаланылатын тамақ өнiмдерiнiң сапасын куәландыратын тиiстi құжаттардың болуына мониторинг жүргiзедi;

• фото-бейнетiркеу құралдарын пайдалана отырып, терапевт қорытындысымен флюро тексеруден өткенi туралы анықтама болған кезде бiр өкiл қол жеткiзе отырып, ас блогын, қойма үй-жайларын, технологиялық жабдықты және т. б. көзбен шолып тексеру;

• қажет болған жағдайда Сараптамалық топ алдыңғы күндердегi бейнежазбаны (бар болса) қарауды жүзеге асырады;

• тамақтануды ұйымдастыру және сапасы бойынша балалардың, ата-аналардың (заңды өкiлдердiң) пiкiрiн зерделеу.

6. Сараптамалық топ:

• балалардың тамақтану сапасын бақылау жөнiндегi комиссия мүшелерiн тамақтандыруды ұйымдастыру мәселелерi бойынша олардың қызметi туралы тыңдауға;

• бұзушылықтар анықталған жағдайда халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттiк орган ведомствосының аумақтық бөлiмшелерiне тиiстi өтiнiшпен жүгiнуге;

• балалардың сапалы тамақтануын қамтамасыз ету және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi сақтау, тиiстi құжаттаманы жүргiзу жөнiндегi мiндеттердi орындау бойынша бiлiм беру ұйымының әкiмшiлiгiн тыңдауға;

- ата-аналардың (заңды өкiлдердiң) тамақтануды ұйымдастыру және оның сапасы туралы жұмысқа берген бағасын қамтитын шағымдарымен танысуға, олар бойынша түсiнiктеме беруге;

- қызметтердi, тауарларды жеткiзушiнi таңдау кезiнде конкурстық комиссияға бақылаушы ретiнде қатысуға құқылы.

7. Сараптамалық топтың мүшелерi өздерiне жүктелген мiндеттердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн дербес жауапты болады.

Сараптамалық топтың тамақтанудың ұйымдастырылуына және сапасына мониторинг жасаумен айналысатын мүшелерi актiлерде ұсынылған фактiлердiң дұрыстығы үшiн жауапты болады.

8. Сараптамалық топтың қызметiн регламенттейтiн қажеттi құжаттама:

- Сараптамалық топтың құрылуы туралы бұйрықтың көшiрмесi;

- Сараптамалық топтың бiр жылға арналған жұмыс жоспары;

- отырыстар хаттамалары;

- жоспар-кесте;

- мониторинг актiсi (ай сайынғы бақылау);

- жыл қорытындылары бойынша қызметтi талдау.

Тамақтану сапасын бақылау жөнiндегi ведомствоаралық сараптама тобының актiсi