Тамақтану сапасына мониторинг жүргiзу жөнiндегi комиссиялардың (бракераждық комиссиялар) мониторингтi жүзеге асыруы бойынша ұсынымдар

Тамақтану сапасына мониторинг жүргiзу жөнiндегi комиссиялардың (бракераждық комиссиялар) мониторингтi жүзеге асыруы бойынша ұсынымдар

1. Тамақтану сапасына мониторинг жүргiзу жөнiндегi комиссияның мiндеттерi:

  • ас блогындағы, асханадағы жұмыстың ұйымдастырылуын;
  • тамақ өнiмдерiнiң сапасын, оларды тасымалдау, жеткiзу, түсiру, сақтау шарттарын;
  • өнiмдердi өткiзу мерзiмдерiн;
  • тамақ дайындау сапасын;
  • тамақтың балалардың негiзгi тағамдық заттарға физиологиялық қажеттiлiктерiне сәйкестiгiн;
  • ас блогы қызметкерлерiнiң жеке гигиена ережелерiн сақтауын бақылау болып табылады.

2. Комиссия адалдық, құзыреттiлiк, парасаттылық, ашықтық қағидаттарына сәйкес өз құзыретiне жатқызылған функцияларды орындайды.

3. Комиссия төрағасы бiлiм беру ұйымының басшысы болып табылады.

Бракераждық комиссияның құрамы медицина қызметкерiн, әкiмшiлiк мүшелерiн, өндiрiс меңгерушiсiн, ата-аналар комитетi мен қамқоршылық кеңесiнiң өкiлдерiн мiндеттi түрде қоса отырып, бiлiм беру ұйымы басшысының бұйрығымен бекiтiледi.

Бракераждық комиссия мүшелерiнiң саны кемiнде 7 адамды, оның iшiнде осы мектептiң ата-аналар қауымдастығының iшiнен кемiнде 3 адамды құрауы тиiс. Комиссияның жекелеген мүшелерiнiң болмауы оның қызметiне кедергi болмайды.

Комиссия құрамын жыл сайын жаңарту ұсынылады.

1. Комиссия қызметiнiң циклограммасы:

Күн сайын медицина қызметкерi немесе жауапты тұлға:

  • тағамдардың және аспаздық өнiмдердiң сапасын органолептикалық бағалау журналына жазба енгiзе отырып, дайын тағамдардың сапасына органолептикалық бағалау жүргiзедi.

Комиссия күн сайын:

  • пайдаланылатын тамақ өнiмдерiнiң сапасына бақылауды жүзеге асырады (тамақ өнiмдерiнiң сапасын растайтын құжаттардың көшiрмелерi жеке папкада сақталады);
  • мәзiрдiң дұрыс жасалуын бақылауды жүзеге асырады;
  • тамақтану сапасының мониторингi актiсiн ресiмдей отырып, ас блогының қызметкерлерiне және (немесе) қызметтi жеткiзушiге алдын ала ескертусiз тамақтану сапасын тексерудi жүзеге асырады.

Тоқсан сайын комиссия жұмысының қорытындысы кейiннен олар бiлiм беру ұйымының педагогикалық кеңесiнде қарала және орта бiлiм беру ұйымының интернет-ресурсында орналастырыла отырып, ақпарат түрiнде ресiмделедi.

Әр жылдың мамыр, қаңтар айларында комиссия қызметiнiң қорытындысы жалпы ата-аналар жиналысында қаралады.

Бракераждық комиссия:

  • негiзгi өнiмдердi салу кезiнде мезгiлiмен қатысуы;
  • тамақ өнiмдерiнiң сапасын, олардың сапасын куәландыратын құжаттардың болуын бақылауды жүзеге асыруы (осы құжаттардың ксерокөшiрмелерi бракераждық комиссияның төрағасында сақталады);
  • тамақтардың шығуын, дайындалған тамақтану көлемiнiң бiр реттiк порция көлемiне және балалар санына сәйкестiгiн тексеруi;
  • дайын тамақты органолептикалық бағалауды (оның түсiн, иiсiн, дәмiн, консистенциясын, қаттылығын, шырынын және т. б. анықтау) «Дайын өнiмнiң бракераж журналына» органолептикалық бағалау нәтижелерiн енгiзе отырып жүргiзу әдiстемесiне сәйкес жүргiзуi, бағалауды комиссия мүшелерiнiң жеке қолдарымен растауы;
  • бракераж жүргiзу кезiнде «Технологиялық карталарға» сәйкес тағамдар мен аспаздық өнiмдердi дайындау технологиясы мен сапасына қойылатын талаптарды басшылыққа алуы;
  • өз функцияларын арнайы берiлетiн таза киiмде (халатта, комбинезонда, бас киiмде, аяқ киiмде және т. б.) жүзеге асыруы қажет.

2. Бракераждық комиссия қызметiнiң нәтижесi:

1) көрсетiлетiн қызметтi, тауарларды жеткiзушiлердiң кiнәсiнен балалар, ересектер уланған жағдайда, Қазақстан Республикасының Кәсiпкерлiк кодексiне сәйкес жүргiзiлген тексерулердiң нәтижелерi расталған кезде өнiм берушiмен Шартты дереу бұзу және өнiм берушiнi жосықсыз деп тану үшiн сотқа талап-арыз жiберу;

2) бұзушылықтар анықталған кезде бракераждық комиссия:

  • анықталған бұзушылықтар туралы қызметтердi, тауарларды жеткiзушiнi және бiлiм беру ұйымының басшысын хабардар етедi;
  • 1 (бiр) жұмыс күнi iшiнде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттiк орган ведомствосының аумақтық бөлiмшелерiне жоспардан тыс тексеруге бастамашылық жасау мақсатында тексеру актiсiмен қоса анықталған бұзушылықтарды көрсете отырып, өтiнiш жолдайды;
  • бұзушылықтарды жоюға 5 (бес) жұмыс күнiн ұсынады.

3) бұзушылықтар қайта анықталған кезде бракераждық комиссия:

  • қызметтердi, тауарларды жеткiзушiнi және бiлiм беру ұйымының басшысын анықталған бұзушылықтар туралы хабардар етедi;
  • 1 (бiр) жұмыс күнi iшiнде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттiк орган ведомствосының аумақтық бөлiмшелерiне анықталған бұзушылықтарды көрсете отырып және жоспардан тыс тексеруге бастамашылық жасау мақсатында тексеру актiсiн қоса бере отырып, өтiнiш жiбередi;
  • «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында тәуекел дәрежесiн бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрiнiң 2017 жылғы 27 маусымдағы № 463 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрiнiң 2017 жылғы 20 шiлдедегi № 285 бiрлескен бұйрығына сәйкес өрескел бұзушылықтар анықталған халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы аумақтық органдардың жоспардан тыс қайта тексеру нәтижелерiн алғаннан кейiн 3 (үш) жұмыс күнi iшiнде шартты бұзу және жеткiзушiнi жосықсыз деп тану үшiн сотқа талап арыз бередi.
  • сот шешiмiне дейiн тамақтану сапасын күнделiктi бақылауды ұйымдастырады.

Тамақтану сапасына мониторинг жүргiзу жөнiндегi комиссиялардың қызметiн талдауды және оқушылардың тамақтануын тиiмдi ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдауды бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган және Тамақтану сапасын бақылау жөнiндегi ведомствоаралық сараптамалық топ жүзеге асырады.

Тамақтану сапасына мониторинг жүргiзу актiсi