Меню

Страницы

Статья

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің білім басқармасы қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің білім басқармасымен (бұдан әрі - Басқарма) бірлесіп Басқарма қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді.

Талдау нәтижелері бойынша 23 сыбайлас жемқорлық тәуекелі (кейс) анықталып, 72 ұсыным әзірленді. Ұсынымдар білім беру саласындағы қызметті жетілдіруге, қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруға, процестерді цифрландыруға, ішкі бақылауды күшейтуге және адами фактордың ықпалын барынша азайтуға бағытталған.

Талдау шеңберінде персоналды басқару, тәртіптік практика, білім беру ұйымдары басшыларының бос лауазымдарына конкурс өткізу, қызметтік іссапарлар, қаржы-шаруашылық қызмет, еңбекақы төлеу, сыйақы беру және материалдық көмек көрсету, мемлекеттік сатып алу, сондай-ақ мектепке дейінгі және орта білім беру саласындағы жекелеген процестер, тамақтандыруды ұйымдастыру, басшыларды ротациялау мен аттестаттау, қорғаншылық және қамқоршылық мәселелері қамтылды.

Кадр саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуын бақылаудың жеткіліксіздігіне, тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алып тастау кезінде кең дискрециялық өкілеттіктердің болуына, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындау кезіндегі конкурстық рәсімдердің жеткілікті деңгейде цифрландырылмауына байланысты тәуекелдер анықталды. Атап айтқанда, тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алып тастау кезінде объективті өлшемшарттардың болмауы мемлекеттік қызметшілерге қатысты әртүрлі тәсіл қолдануға мүмкіндік береді, ал конкурстарды негізінен қағаз форматында өткізу шешімдерді субъективті қабылдау тәуекелін туындатып, кандидаттарды іріктеу рәсімдерінің ашықтығын төмендетеді.

Қаржылық қызмет пен бюджет қаражатын пайдалану мәселелеріне де жеке назар аударылды. Білім беру ұйымдарының жекелеген қызметкерлерінің бірнеше лауазым бойынша еңбек қызметін жүзеге асыруы және олардың жиынтық еңбек жүктемесінің заңнамада белгіленген шектен асып кету фактілері анықталды. Бұл жұмыс уақытын есепке алуға бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетіп, бюджет қаражатын негізсіз жұмсауға алғышарттар жасайды. Сонымен қатар сыйақы беру рәсімдерінің жеткіліксіз ашықтығы және қызметкерлерге материалдық көмек көрсетуге қатысты бірыңғай ішкі өлшемшарттардың болмауы белгіленді.

Талдаудың елеулі бөлігі мемлекеттік сатып алу мен білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру мәселелеріне арналды. Сатып алу құжаттамасын қалыптастыруға, әлеуетті өнім берушілерге қойылатын біліктілік талаптарын белгілеуге, сатып алу рәсімдерінің күшін жоюға, сондай-ақ конкурс нәтижелеріне қатысты сот талқылауы ұзаққа созылған жағдайларда тамақтандыруды ұйымдастырудағы құқықтық айқынсыздыққа байланысты тәуекелдер анықталды. Осы бағыт бойынша алдын ала және ведомстволық бақылауды күшейту, сатып алу құжаттамасының сапасын арттыру және әлеуметтік маңызы бар сатып алуларды нормативтік реттеуді жетілдіру жөнінде шаралар ұсынылды.

Мектепке дейінгі білім беру саласында «INDIGO» ақпараттық жүйесі арқылы бос орындарды бөлу кезінде тәуекелдер анықталды. Қолданыстағы функционал бос орындардың мәртебесін қолмен өзгертуге және оларды автоматты бөлуге қолжетімділікті шектеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте негіздерді цифрлық растау және автоматтандырылған бақылау тетіктерінің болмауы лауазымды тұлғалардың дискрециялық өкілеттіктерін сақтап, азаматтардың мемлекеттік қызметке қолжетімділігін негізсіз шектеу тәуекелін туындатады.

Білім алушыларды тегін тамақтандыруды ұйымдастыруды зерделеу кезінде тамақ алу фактісін растау үшін пластикалық карталарды пайдалануға байланысты тәуекелдер анықталды. Мұндай тетік картаны басқа тұлғаның пайдалану мүмкіндігін және көрсетілген қызмет туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер енгізу тәуекелін толықтай жоққа шығармайды. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкелуі мүмкін. Ұсынылған шаралардың бірі ретінде білім алушыларды биометриялық сәйкестендіру жүйесін кезең-кезеңімен енгізу және көрсетілетін тамақтану қызметтерінің цифрлық есебін жетілдіру ұсынылды.

Сонымен қатар талдау барысында білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау және аттестаттау, сондай-ақ қорғаншылық пен қамқоршылықты белгілеу мәселелері қаралды. Ротация кезеңінде білім беру ұйымының бірінші басшысының міндетін атқаратын тұлғалардың құқықтық мәртебесін және аттестаттаудан өту тәртібін айқындаудағы құқықтық айқынсыздықты жою, сондай-ақ қорғаншылық және қамқоршылық саласында шешімдер қабылдау кезіндегі ішкі рәсімдерді жетілдіру қажеттілігі анықталды.

Сыртқы талдау қорытындысы бойынша әзірленген ұсынымдар анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға, білім беру саласындағы нормативтік және ұйымдастырушылық реттеуді жетілдіруге, кадрлық және сатып алу рәсімдерінің ашықтығын арттыруға, бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылауды күшейтуге, мемлекеттік қызметтерді одан әрі цифрландыруға және басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде адами фактордың ықпалын барынша азайтуға бағытталған.

Дата публикации
03 сентября 2026
Дата обновления
03 сентября 2026
Тип

Сейчас читают

16 октября 2026
БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын кесте бойынша төлеу: төлем мөлшері қалай есептеледі және қайда жүгіну қажет?
09 октября 2026
Түйткілді тақырыптағы сұхбат!
05 октября 2026
Ақпараттық хабарлама

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы