Этникалық қазақтарға «Ата жолы» картасын ұсыну

Этникалық қазақтарға «Ата жолы» картасын ұсыну

2023 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін арнайы құжат - «Ата жолы» картасын дайындады. Бұл карта белгілі бір құқықтар мен артықшылықтар береді.

 «Ата жолы» картасы тарихи отанмен байланысты күшейтуге және шетелдегі отандастарды қолдауға бағытталған.

 «Ата жолы» картасы шетелдегі этникалық қазақтар үшін Қазақстанда бизнес жасау мақсатында көшіп келушілерге немесе қажет ететін кәсіптері бар адамдарға беріледі.

«Ата жолы» картасының иегері мынадай артықшылықтарға ие болады:

  • жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасына кіру және болу;
  • бизнеспен айналысу мүмкіндіктері;
  • білім беру бағдарламаларына қолжетімділік (әр түрлі білім беру бастамалары мен бағдарламаларына қатыса алады).

«Ата жолы» картасын алу үшін өтініш берушінің тұрақты тұратын немесе азаматтығы бар елде тіркелген жұмыс істеп тұрған бизнесі немесе сұранысқа ие мамандығы болуы тиіс.

Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін сұранысқа ие мамандықтар тізбесі:

- денсаулық сақтау саласында;

- жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларында;

 -  цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі саласында;

- педагогикалық ғылымдар;

- креативті индустриялар саласында.

«Ата жолы» картасы он жылға дейінгі мерзімге беріледі, алайда, ол өтініш берушінің ұлттық паспортының қолданылу мерзіміне байланысты шектелетінін ескерген жөн.

«Ата жолы» картасының қолданысы:

  1. «Ата жолы» картасының иегері Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін;
  2. Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тартылған не ол күшін жойған жағдайда;
  3. он жыл өткеннен кейін, бірақ азаматтығы бар ел паспортының қолданылу мерзімінен аспайтын мерзімге тоқтатылады.

2023 жылдан бері СҚО әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына этникалық қазақтар «Ата жолы» картасын алу мәселесі бойынша  жүгінген жоқ.