«Күміс жас» жобасын іске асыру

«Күміс жас» жобасын іске асыру

Зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмыс іздеп жүрген 50 жастан асқан адамдар үшін Қазақстанда «Күміс жас» жобасы табысты іске асырылуда.

Жоба кәсіпкерлік субъектілерін қолдауды қамтамасыз етіп қана қоймай, 50 жастан асқан жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға бағытталған. Жоба шеңберінде жұмыс беруші жұмыссыздарды 3 жылға дейінгі мерзімге жұмысқа қабылдайды, оның барысында мемлекет жұмыс берушінің жалақыға арналған шығыстарын белгіленген жалақының 60-тан 70% - на дейін, бірақ 20 АЕК-тен аспайтын мөлшерде ішінара субсидиялайды.

Қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қызметкерге кемінде тағы бір жылға , ал зейнеткерлік жасқа дейінгі адамға - зейнеткерлікке шыққанға дейін  тұрақты жұмыс орнын беруі тиіс.

Ағымдағы жылы жоба аясында 332 үміткер жұмысқа орналасты.

Жұмысқа осылай орналасқан адамдардың бірі - Айыртау ауданының тұрғыны, 1963 жылы туған Данилов Сергей Григорьевич.

Ұзақ жұмыс іздегеннен кейін, осы жоба аясында 2023 жылғы ақпан айында «Трофимова Н.В.» ЖК-ға сатушы болып жұмысқа орналасты, қазір де  жұмысын жалғастыруда.

Жұмыс берушінің пікірі бойынша, Сергей Григорьевич жұмыс барысында өзін жауапты және тәртіпті қызметкер ретінде көрсетті. Алдағы уақытта  зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбек қызметін осы ұйымда жалғастыруды жоспарлап отыр.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына, оның ішінде «Күміс жас» жобасына қатысқысы келетін жұмыссыздар мен жұмыс берушілер тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына консультация алу үшін жүгіне алады немесе Электрондық еңбек биржасы порталында қатысу шарттарымен таныса алады.