
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік-экономикалық және жеке құқықтары мен бостандықтарының толықтығына, оның ішінде әлеуметтік қорғауға, абилитацияға, оңалтуға, қоғамға кірігуге, сондай-ақ инфрақұрылым объектілеріне, ақпаратқа, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларға, спорттық жарыстарға және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге құқықтарға ие болады.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі № 242 Заңының 11-бабы 2-тармағына сәйкес елді мекендер, ортақ пайдалану орындары, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілері мүгедектігі бар адамдар және халықтың басқа да жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін оңтайлы жағдайлармен және қол жеткізу құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс.
Жоғарыда аталған заңның 70-бабы негізінде халықтың аз қозғалмалы топтары үшін объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін салынған объектілерді тапсыруға және пайдалануға қабылдауға қатысушылар (тапсырыс берушілер; инвесторлар; құрылыс салушылар; техникалық және авторлық қадағалауды жүзеге асыратын адамдар; іздестіру, жобалау, құрылыс-монтаж жұмыстарына мердігерліктің жауапты орындаушылары;) Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне (бұдан әрі - Әкімшілік кодекс) сәйкес айыппұл түрінде жауапкершілік көзделген.
Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету шеңберінде облыста әлеуметтік маңызы бар нысандардың бейімделуіне мониторинг жүргізіледі. Барлық аудандарда және Петропавл қаласында мониторингтік топтар құрылды. Осы топтардың жұмысы мемлекеттік нормативтерге сәйкес (ҚР БК 3.06-02-2012 «Халықтың мобильділігі төмен топтары үшін қолжетімділікті ескере отырып, ғимараттар мен құрылыстарды жобалау. Жалпы ережелер») нысандардың қолжетімділік дәрежесін бағалауды қамтиды.
Мониторингтік топтардың құрамына жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, мәслихат депутаттары, әкімдердің мүгедектігі бар адамдардың істері жөніндегі кеңесшілері енгізілді.
Мониторингтік топтар мүшелерінің немесе мүгедектігі бар адамдардың өтініштері негізінде уәкілетті әлеуметтік қорғау органы-Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек комитетінің департаменті (бұдан әрі-Департамент) нысандардың қолжетімділік нормаларға сәйкестігіне тексеру жүргізеді.
Бұзушылықтар анықталған жағдайда, Департамент нысандардың меншік иелеріне нұсқама береді. Әкімшілік кодекстің 83-бабына сәйкес нұсқамасын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген: лауазымды тұлғаларға - 50 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 120 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 400 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Жоғарыда аталған баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс - әрекет (әрекетсіздік) лауазымды адамдарға - 80 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 150 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне-250 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне-600 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.