
Қазақстан Республикасында мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар бағыттарының бірі кешенді қолжетімділік және кедергісіз орта болып табылады. Ұлттық жоспарды орындау шеңберінде мүгедек адамдарды әлеуметтік маңызы бар нысандар мен көлікке қолжетімділікпен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда.
Халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының тіршілік етуі үшін қолайлы орта жасау мақсатында облыс аумағында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған мамандандырылған такси қызметі жұмыс істейді. Осы қызмет аясында мүгедектер арбасын салу, оны түсіру және бекіту үшін арнайы құрылғылармен жабдықталған автокөліктер қолданылады. Қазіргі уақытта 6 машина пайдаланылады, оның 4-і мамандандырылған автокөлік және 2-уі «Әлеуметтік такси» машинасы. Ағымдағы жылдың басынан бері мемлекеттік бюджет есебінен мамандандырылған автокөлік қызметтерін 573 адам, «Әлеуметтік автокөлік» қызметін 339 адам пайдаланды.
Бұдан басқа, 2020 жылы жалпы сомасы 3 млрд.теңгеден асатын теміржол вокзалы мен оған іргелес аумақты қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Вокзал халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді, арбамен жүретін мүгедектерді екінші қабатқа көтеру үшін жеделсаты орнатылды, мүгедектерге арналған кресло-арбалармен жүріп-тұратын адамдар үшін билет кассасы бар, вокзал көрнекі ақпарат құралдарымен (белгілер, көрсеткіш стендтер) жабдықталған, нашар көретіндерге арналған тактильді жолақтар да бар. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін санитарлық бөлмелер толықтай жабдықталған, тірек-қимыл аппараты бұзылған жолаушыларды қолжетімділік жоқ орындарға (пойыз вагондары) дейін тасымалдау үшін мобильді көтергіш алаң сатып алынды. Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көтергіш алаң тұтқалармен бекітілген рельстермен және көтергіш пандустармен жабдықталған. Жүріп-тұруы шектеулі жолаушыларға арналған кезекші арбалар да бар.