
Қазақстан Республикасында мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарына және Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жоспарына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысында 5 жыл ішінде 1295 әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысаны, оның ішінде ағымдағы жылы 259 әлеуметтік маңызы бар құрылыс бейімделуі тиіс.
Бұл бағдарламаның мақсаты мүгедек адамдардың және халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтарының әлеуметтік және көлік инфрақұрылымына кедергісіз қолжетімділігіне жағдай жасау, сондай-ақ олардың қоғамға кірігуі және тұрмыс деңгейін арттыру болып табылады.
Қазіргі уақытта елімізде ғимараттар мен құрылыстарды жаңа салу, қайта жаңарту, күрделі жөндеу бойынша ауқымды бағдарламалар іске асырылуда. Бұл ретте, жаңа нысандарды жобалау сатысында немесе кеңістікті әмбебап ете отырып, күрделі жөндеу кезінде мүгедек адамдардың қажеттіліктерін ескеру қажет.
«Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңға сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар мемлекеттік стандарттарға сәйкес мүгедектерге ортақ пайдаланылатын көлік құралдарына, тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістік үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кедергісіз кіріп-шығуына, әуежайларда, теміржол вокзалдарында, автовокзалдарда, автостанцияларда, теңіз және өзен порттарында еркін бағдар ұстануы мен жүріп-тұруына жағдай жасауға міндетті.
Халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін ғимараттар мен құрылыстардың қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар бөлігінде ҚНжЕ 3.06.101-2012 талаптарына сәйкестікті бағалау ғимараттар мен құрылыстарға кіреберістерді, кіру тораптарын, ішкі коммуникацияларды, эвакуациялау жолдарын, тұратын үй-жайлар мен қызметтер көрсетуге арналған аймақтарды қоса алғанда, ғимараттар мен құрылыстардың функционалдық-жоспарлау элементтеріне, оларға бөлінген жер учаскелеріне қолданылады.
Бейімделуді жүргізу сапасын бақылауды құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың және «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының мамандары кіретін мониторингтік топтар жүзеге асырады, тексерулер аяқталғаннан кейін бұзушылықтар анықталған жағдайда оларды жою үшін ұсынымдар беріледі.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 83 бабына сәйкес әлеуметтік маңызы бар нысандарға қолжетімділік нормалары сақталмаған жағдайда, лауазымды тұлғалар әкімшілік жауаптылық тартады.