
Халықтың табысының өсуін және ауылдық инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз ету жолымен ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту және жайлы өмір сүру ортасын құру мақсатында ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы №270 қаулысымен ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі – тұжырымдама) қабылданды.
Даму әлеуеті бар ауылдық елді мекендердің (бұдан әрі – АЕМ) тіршілігін қамтамасыз етуді жақсартудың негізгі құралдарының бірі «Ауыл – Ел бесігі» инфрақұрылымдық жобасын іске асыру болып табылатынын атап өту қажет.
Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде даму әлеуеті бар АЕМ-дегі объектілерді салу және реконструкциялау жөніндегі жобаларды «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша республикалық бюджеттен қаржыландыру жалғастырылатын болады:
білім беру (мектептердің жапсаржайлары, мектептер мен балабақшаларды реконструкциялау),
денсаулық сақтау (алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектілері),
мәдениет (клубтар, мәдениет үйлері, мұражайлар (музейлер), кітапханалар),
спорт (дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, спорт кешендері және спорт нысандары),
әлеуметтік қамсыздандыру,
инженерлік инфрақұрылым (су, жылу, газ, электр желілері мен жылу, электр нысандары және жабдықтар),
көлік инфрақұрылымы (кентішілік жолдар, көшелерді жарықтандыру).