Жастардың рухани форумы «Домбыра – бірлік пен мәдениеттер диалогының тілі»

Жастардың рухани форумы «Домбыра – бірлік пен мәдениеттер диалогының тілі»

Ұлттық домбыра күні аясында түрлі діни және мәдени дәстүр өкілдерінің басын қосқан «Домбыра – бірлік пен мәдениеттер диалогының тілі» атты Жастардың рухани форумы өтті. Кездесудің басты мақсаты – жастар арасында конфессияаралық диалогты, өзара құрмет пен достықты нығайту болды.

Форумды ашқан ұйымдастырушылар бұл іс-шараның ашық пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге және дүниетанымы мен діни ұстанымына қарамастан жастарды біріктіретін ортақ құндылықтарды айқындауға арналған алаңға айналғанын атап өтті.

Форум барысында Ұлттық домбыра күнінің мәні мен символикасына ерекше назар аударылды. Қатысушыларға домбыраның тек музыкалық аспап қана емес, сонымен қатар ұрпақтар сабақтастығын, халық тарихын және рухани мұрасын сақтап келген қазақ мәдениетінің басты нышандарының бірі екені айтылды. Сондай-ақ домбыраның әрбір ішегі өзіндік үн шығаратындай, түрлі конфессиялар мен мәдениеттердің өкілдері де өз ерекшелігін сақтай отырып, өзара құрмет пен келісімге негізделген біртұтас қоғамның ажырамас бөлігі бола алатыны атап өтілді.

Форум бағдарламасы шығармашылық байқау өнер көрсетулерінен басталып, кейін қатысушылар аралас командаларға бөлініп, домбыраның тарихына, оның мәдени маңызы мен ұлттық мұраны сақтаудағы рөліне арналған зияткерлік сайысқа қатысты.

Іс-шараның қорытындысында әртүрлі конфессиялар мен мәдениеттердің жастарының ынтымағы, бірлігі мен өзара түсіністігін бейнелейтін импровизациялық күй орындалды.

Ұлттық домбыра күні мәдени мұраның адамдарды біріктіретін күшке ие екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, жастарды ынтымақтастыққа, өзара түсіністікке және жасампаздыққа үндеді. Форум соңында қатысушылар естелікке ортақ суретке түсті.