
Бүгін 26 қараша күні Qyzyljar Table Tennis Center жанында аудандық және Петропавл қаласының спорт бөлімдері, сондай-ақ балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің жетекшілері мен жаттықтырушыларының қатысуымен семинар-кеңес ұйымдастырылды.
Жиынның басты тақырыбы – жастардың әлеуметтік желілер арқылы деструктивті діни ағымдарға тартылу қауіптері. Бұл бағыттағы баяндаманы Дін істері басқармасының экстремизмнің алдын алу және оңалту жұмысы бөлімінің басшысы, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Н. Нұрмағамбет ұсынды.
Қатысушыларға радикалды топтардың ықпал ету тетіктері, онлайн-манипуляция әдістері түсіндіріліп, жасөспірімдер мен жас спортшыларды ықтимал қауіптен қорғауға арналған практикалық ұсынымдар берілді. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен педагогтардың қауіп белгілерін дер кезінде байқап, алдын алу шараларын жүргізудегі маңызды рөлі ерекше атап өтілді.
Ағымдағы жылдың басынан бері спортшылар мен жаттықтырушыларға арналған 80-нен астам профилактикалық іс-шара өткізіліп, жалпы 1600-ден астам адам қамтылды.