Жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде барлық елдерде Дүниежүзілік сайлау күні атап өтіледі. Бұл дата - 2005 жылы Будапештте (Венгрия) сайлау процестерін ұйымдастырушылардың Бас конференциясында сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде бекітілген және Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйғарымын алған мереке.
Ағымдағы жылы мереке 6 ақпан күні атап өтіледі.
Бұл күннің мақсаты – тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихымен тығыз байланысты еліміздің сайлау жүйесінің қалыптасу және даму кезеңдері туралы жұртшылықты ақпараттандыру, сайлаушылардың электоралдық белсенділігін арттыру және жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға деген ұстанымын қалыптастыру.
Дүниежүзілік сайлау күні жалпыға бірдей сайлауға қатысу құқығын және демократиялық азаматтық құқықтар мен бостандықтарды құрметтеуді білдіреді. Сайлау халықтық егемендікті іске асырудың, қоғамдық пікірді қалыптастыру мен білдірудің, мемлекеттік тетіктің жұмыс істеуінің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етудің негізгі құралы болып табылатыны сөзсіз.
Бүгінгі күнге Уәлиханов ауданы бойынша 1 аудандық, 10 округтік және 26 учаскелік сайлау комиссиялары жұмыс істеуде, комиссиялар құрамында барлығы 187 адам қамтылған.
2024 жылы сайлау комиссиялары Амангелді, Қарасу, Кішкенекөл ауылдық округтері әкімдерінің, Кішкенекөл ауылының №6 және 7 сайлау округтері бойынша аудандық мәслихат депутаттарының сайлауын және республикалық референдумды өз деңгейінде өткізді.
Сайлау комиссияларының құрамында сапалы қызметімен халықтың-сайлаушылар беделіне бөленген, тәжірибелі де білікті мамандар аз емес. Ауданымыздың №504 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Д.Нұрсейітова Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Ж.Токаевтың құрмет грамотасымен, №509, 513, 520 учаскелік сайлау комиссияларының төрайымдары Ш.Ибраева, Г.Мұхаметкаримова, Л.Пішенбаева Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Әбдіровтың құрмет грамотасы және алғыс хаттарымен марапатталған болатын.
Бүгінгі күні ауданның №502, 504, 507, 513, 520, 522, 523, 525, 526, 528, 530 учаскелік сайлау комиссияларының жұмысына оң баға беруге болады. Аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Г.Сагалиева «Сайлау органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» Қазақстан
Республикасы Орталық сайлау комиссиясының арнайы медалімен марапатталғаны – Уәлиханов ауданының барлық сайлау жүйесіне қамтылған комиссиялардың ортақ жемісі.
Бекітілген жоспарға сай аудандық сайлау комиссиясымен өткізген мәжілісінде Дүниежүзілік сайлау күніне арналған арнайы жұмыс жоспары талқыланып, бекітілді.
3-7 ақпан аралығында аудан бойынша Қазақстан Республикасының сайлау жүйесі мен сайлау заңнамасын насихаттауға бағытталған іс-шаралар мектептерде, ауылдық клубтар мен кітәпханаларда, басқадай ұйым-мекемелерде өткізілетін болады. Аудандық жоспарға сәйкес Дүниежүзілік сайлау күніне орай «Оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының Президентін сайлауы" атты сайлау, «Халықаралық сайлау күні», «Мен және менің дауысым», «Менің таңдауым» сынып сағаттарын, әңгімелер, дөңгелек столдар және шығарма байқаулары, викториналар, дебаттар өткізу жоспарлануда.
Ауданымыздың сайлау жүйесіне еніп отырған барлық сайлау комиссияларының мүшелерін кәсіби мерекемен құттықтай отыра, денсаулық, отбасы амандығын, қызметтеріне табыс тілейміз.
Аудандық сайлау комиссиясы