Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау шеңберінде микрокредит беру

«Ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда микрокредит беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 20 желтоқсандағы №443 бұйрығымен бекітілген Ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда микрокредит беру қағидаларының 3-тармағына сәйкес ауылдық елді мекендердің (олардың әкімшілік бағыныстылығына қарамастан) және шағын қалалардың жеке және заңды тұлғалары ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау шеңберінде микрокредиттер алуға үміткерлер болып табылады:

            1) жұмыссыздар;

            2) жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеусіз кіріс алу мақсатында тауарларды өндіру (өткізу), жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті өз бетінше жүзеге асыратын тұлғалар және (немесе) жұмыс істемей тұрған жеке кәсіпкерлер;

            3) отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар;

            4) сату (айырбастау) үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру бойынша қызметті өз бетінше жүзеге асыратын, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұлғалар;

5) «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қызметін жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы кооперативтері;

            6) ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлер.

 

Осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген адамдарға микрокредит беру мақсатында ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау шеңберінде бюджеттік кредит мынадай шарттарда беріледі:

            1) жылдық сыйақы мөлшерлемесі 0,01 (нөл бүтін жүзден бір) пайызбен қайтарымдылық, қамтамасыздық, жеделділік және ақылылық қағидаттарымен 10 (он) жылға;

            2) бюджеттік кредиттің нысаналы мақсаты: жобаларды іске асыру үшін үміткерлерге микрокредит беру, оның ішінде ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда ауыл шаруашылығы техникасын және жабдықтарды сатып алу;

            3) негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдік кезеңі 28 (жиырма сегіз) ай мерзімінен аспайды;

            4) бюджеттік кредитті игеру кезеңі 12 (он екі) айды құрайды және жергілікті атқарушы органға бюджеттік кредит аударылған кезден бастап есептеледі.

 

Микрокредиттер үміткерлерге жеделділік, ақылылық, мерзімділік, қайтарымдылық, қамтамасыздық, нысаналы пайдалану қағидаттарын сақтай отырып мынадай шарттармен беріледі:

            1) микрокредит мерзімі – 5 (бес) жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит мерзімі – 7 (жеті) жылға дейін;

            2) микрокредиттің ең жоғары сомасы – 2500 (екі мың бес жүз) айлық есептік көрсеткішке дейін, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін – 8 000 (сегіз мың) айлық есептік көрсеткішке дейін.

            Бұрын алынған микрокредит бойынша міндеттемелерді толық орындаған үміткерлерге қайта кредит беру кезінде микрокредиттің ең жоғары сомасының мөлшері 8 000 (сегіз мың) айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды. Бұл ретте, микрокредиттер бағдарлама үміткерлерінің қайтарылған қаражаты есебінен беріледі, бірақ микрокредиттің ең жоғары мерзімінің 1/2 (екіден бір) бөлігінен ерте емес;

            3) номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 (екі жарым) %-дан аспайды;

            4) кепілдік қамтамасыз етудің болуы;

            5) негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең микрокредит беру мерзімі ұзақтығының 1/3 (үштен бірінен) аспайды;

            6) микрокредиттеуге мақұлдау алғаннан кейін Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелу.

 

Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау шеңберінде микрокредиттер алу үшін жобаларды іріктеудің негізгі критерийлері:

            1) жобаның басым бағыттарға сәйкестігі;

            2) тұрақты жұмыс орындарын құру;

            3) жеке тұлғалар үшін - жобаны іске асыру жоспарланып отырған ауылдық елді мекенде немесе шағын қалада тұрғылықты жері бойынша кемінде 12 (он екі) ай (микрокредит алуға өтінім беру күніне) тұрақты тіркеудің болуы;

            жеке кәсіпкерлер үшін/заңды тұлғалар үшін – жобаны іске асыру жоспарланып отырған ауылдық елді мекенде немесе шағын қалада жеке кәсіпкердің/заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеудің болуы;

            4) жаңа, бұрын пайдаланылмаған техниканы, жабдықты сатып алу.

 

 

Микрокредиттер мынадай мақсаттарға берілмейді:

            1) жеңіл автокөлік сатып алу;

            2) ауыл шаруашылығы жануарларын жақын туыстарынан сатып алу;

            3) кейіннен жалға беру үшін ғимараттарды, үй-жайларды, тұрғын үйлерді сатып алу және/немесе салу.

 

 

Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау шеңберінде микрокредит беру
Дата публикации
13 мая 2024