2016 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы (бұдан әрі – Заң) қолданысқа енгізілді.
Заңның 26-бабына сәйкес мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе мемлекеттік қызметтен босатылғаннан кейін «Б» корпусының мемлекеттік лауазымдарына қайтадан түсетін азаматтар іріктеудің мынадай кезеңдерінен өтеді:
– мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тестілеу;
– мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органда жеке қасиеттерін бағалау және қорытынды алу;
– «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасуға жалпы конкурс.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №12 бұйрығымен әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді және әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасуға кандидаттарды тестілеудің жаңа қағидалары, бағдарламалары және оны ұйымдастыру тәртібі (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілді.
Қағидаларға сәйкес «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына орналасуға кандидаттарды мемлекеттік тілді және Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестілеу (бұдан әрі – заңнаманы білуге тестілеу) үш бағдарлама бойынша өткізіледі.
Бірінші бағдарлама: 9 заң, 110 минут. Өту шегі – барлық нормативтік құқықтық актілер бойынша жалпы сұрақтар санының (135 сұрақ) кемінде 95-іне дұрыс жауап беру және әрбір нормативтік құқықтық акті бойынша кемінде 5 дұрыс жауап.
Екінші бағдарлама: 8 заң, 100 минут. Өту шегі – барлық нормативтік құқықтық актілер бойынша жалпы сұрақтар санының (120 сұрақ) кемінде 72-іне дұрыс жауап беру және әрбір нормативтік құқықтық акті бойынша кемінде 5 дұрыс жауап.
Үшінші бағдарлама: 6 заң, 80 минут. Өту шегі – барлық нормативтік құқықтық актілер бойынша жалпы сұрақтар санының (90 сұрақ) кемінде 45-іне дұрыс жауап беру және әрбір нормативтік құқықтық акті бойынша кемінде 5 дұрыс жауап.
Заңнаманы білуге тестілеуден өту шегінен жоғары нәтиже көрсеткен жағдайда кандидат 20 минут ішінде жеке қасиеттерді автоматтандырылған бағалаудан өтуге жіберіледі.
Жеке қасиеттерді автоматтандырылған бағалау шеңберінде кандидаттардың келесі құзыреттерінің даму деңгейі айқындалады: бастамашылдық, коммуникабельділік, талдамалық қабілет, ұйымдастырушылық, әдептілік, сапаға бағдарлану, тұтынушыға бағдарлану және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік.
Заңнаманы білуге тестілеу нәтижелері бойынша сертификат, ал жеке қасиеттерді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды беріледі.
Аталған құжаттар бір жыл бойы жарамды және мемлекеттік орган өткізетін үшінші кезең – әңгімелесу түріндегі жалпы конкурсқа қатысу үшін міндетті құжаттар болып табылады.