«Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсiбi министрiлiгi, ҚР Әдiлет министрлiгi және Отбасы банкiмен («Бәйтерек» холдингiнiң еншiлес ұйымы) бiрлесiп, жеке тұлғаларға арналған жылжымайтын мүлiк кепiл шартын тiркеу бойынша Мемлекеттiк қызметке Blockchain технологиясын енгiздi.
Ендi ипотеканы ресiмдейтiн қазақстандықтар кепiл шартымен baspana.otbasybank.kz порталындағы жеке кабинетiнде таныса отырып, оған ЭЦҚ көмегiмен қол қоя алады. Жылжымайтын мүлiкке құқық ауыртпалығын мемлекеттiк тiркеу туралы нәтиже хабарлама түрiнде банк сайтындағы және eGov порталындағы жеке кабинеттерге келiп түседi.
«Бұрын азаматтар кепiл шартын тiркеу үшiн банктен құжат алып, оны ХҚО-ға апаруы тиiс болатын. Халыққа қызмет көрсету орталығында ол шарт тiркелген соң, клиент ауыртпалық туралы анықтаманы алып, тiркелген шартпен бiрге оны банкке ұсынатын. Ендi Blockchain технологиясының арқасында бұл процесс автоматтандырылды. Банк пен ХҚО арасында жүрудiң қажетi болмайды, қажеттi құжаттарды банк ХҚО-ға өзi жiбередi» — дедi «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясының Басқарма Төрағасы Әдiл Қожықов.
Жылжымайтын мүлiк кепiл шартын онлайн тiркеу қызметiн автоматтандыру — банк клиенттерiне бұл процестi 3 күннен 1 күнге дейiн қысқартуға мүмкiндiк бередi. Отбасы банк тарапынан жылжымайтын мүлiк кепiлiнiң шарттарына қол қоюға және тексеруге жұмсалатын операциялық шығындар да қысқарады.
«Отбасы банкiнде Blockchain қолдану арқылы кепiлдi онлайн тiркеу мүмкiндiгi екi апта бұрын қосылды. Клиенттерiмiз бұл мүмкiндiктi көптен берi күттi. Бұған қарыз алушының «несие тарихы» дәлел. Онлайн қызметтi iске қосудың алғашқы күнi банкте көп балалы ананың «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша кредит ресiмдеуi өттi. Оның қосалқы қарыз алушысы — басқа қалада тұратын қызы. Ол келiп, қажеттi құжаттарға қол қоя алмады. Сондықтан банк қызметкерлерiнiң жаңа қызметтi бiрiншi болып сынап көру ұсынысына клиентiмiз бiрден келiсе кеттi. Қажет болғаны — тек электрондық цифрлық қолтаңба. Бүгiнде бiз осындай 100-ге жуық кепiл шартын тiркедiк», — деп түсiндiрдi Отбасы банкiнiң Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Blockchain жүйесi — бұл деректердi үшiншi тұлғаларға беру мүмкiндiгiн толығымен жоққа шығаратын жеке-жеке блоктардан тұратын тiзбек жүйесi. Бұл жолданатын деректердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.
Азаматтарға арналған үкiмет аталған инфрақұрылымды барлық банкке ұсынуға әзiр. Қазiр бiрнеше банк тарапынан осы жобаға қосылу бойынша жұмыстар жүргiзiлiп жатыр.