Баланың туылуына және бiр жасқа толғанына дейiнгi күтiмiне байланысты төленетiн жәрдемақыны ресiмдегiсi келетiн қазақстандықтар ендi тұрғылықты жерiне қарамастан, елiмiздiң кез келген ХҚО-ға жүгiне алады. Бұрын тұрақты тiркеудiң болуы және тiркелген жерi бойынша ХҚО-ға жүгiну — әлеуметтiк төлемдердi ресiмдеудiң басты талаптарының бiрi болған.
«Экстерриториалды қағидат тұрғылықты тiркеу орнына тәуелдi болмай, клиенттерiмiзге қозғалыс еркiндiгiн бередi. Оның арқасында қазақстандықтар баланың тууына және оның күтiмiне байланысты жәрдемақыны, тiркелген мекенжайына қарамастан, елдiң кез келген ХҚО-да бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлемдердi ресiмдей алады. Жыл соңына қарай бiз төлемдердiң басқа түрлерi бойынша да экстерриториалды қағидатты енгiзудi жоспарлап отырмыз», — дедi «Азаматтарға арналған үкiмет» басқарма төрағасының орынбасары Бiржан Жүнiсов.
Айта кетейiк, 2021 жылдың 8 айында баланың туылуына және оның бiр жасқа дейiнгi күтiмiне байланысты жәрдемақылар бойынша 300 мыңнан астам мемлекеттiк қызмет ресiмделген.