










Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шiлдедегi Қылмыстық кодексiнiң 190-бабында жазылған: «Алаяқтық, яғни бөтеннiң мүлкiн жымқыру немесе алдау немесе сенiмдi терiс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену».
Жауапкершiлiк бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуды не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын, не алты жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуды, не мүлкi тәркiленiп екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеудi не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруды қарастырылады.
Бұл ретте, аталған баптың 2, 3, 4-бөлiмдерiнде жазаның неғұрлым қатаң түрлерi бар алаяқтықтың ауырлататын белгiлерi көрсетiледi.
Қоғамдық қауiп аталған қылмыс алдау немесе сенiмдi терiс пайдалану жолымен жасалған кезде жәбiрленушiге материалдық залал келтiру арқылы меншiк құқығы бұзылғанын бiлдiредi.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының 2017 жылғы 29 маусымдағы №6 нормативтiк қаулысында: «Алаяқтықтың мiндеттi белгiсi кiнәлi адамның пайдакүнемдiк мақсатының болуы, яғни бөтен мүлiктi өзiнiң меншiгiне не оған құқықты өзiнiң пайдасына не басқа адамдардың пайдасына құқыққа қарсы өтеусiз айналдыруға ұмтылуы болып табылады. Алаяқтық алдау немесе сенiмдi терiс пайдалану жолымен жасалады, олардың ықпалымен меншiк иесi немесе мүлiктiң өзге иесi мүлiктi немесе оған құқықты басқа адамдарға өз еркiмен бередi.
Алдау бөтен мүлiктi жымқыру немесе бөтен мүлiкке құқықты иемдену мақсатында алаяқтық жасау тәсiлi болып табылады. Алдау меншiк иесiнде немесе өзге адамда мүлiктiң кiнәлi адамға және (немесе) басқа адамдарға берiлуiнiң заңға сәйкестiгi туралы қате түсiнiк туындататын кiнәлiнiң меншiк иесiне немесе мүлiктiң өзге иесiне шындыққа жанаспайтын көрiнеу жалған мәлiметтердi хабарлаудан не меншiк иесiне не мүлiк иесiне хабарлануға тиiс шынайы фактiлердi жасырудан құрылуы мүмкiн.
Алдау нәтижесiнде жаңылыстырылған меншiк иесi немесе мүлiктiң өзге иесi өзiнiң мүддесi үшiн жасаған әрекетттерiнiң негiздiлiгiне сенiмдi бола отырып, кiнәлi адамға мүлкiн өз еркiмен бередi.
Алаяқтықтың тәсiлi ретiнде сенiмдi терiс пайдалану кiнәлi адамның өзiнiң және меншiк иесiнiң немесе иелiгiнде мүлкi бар өзге адамның арасында туындаған сенiмдi қарым-қатынастарды пайдакүнемдiк пиғылмен бөтен мүлiктi немесе оған құқықты заңсыз алу мақсатында пайдалануына негiзделедi.
Мүлiк иесiнiң немесе өзге адамның алаяққа сенiм артуы әртүрлi мән-жайларға негiзделуi мүмкiн: жеке таныстығы, туыстарының және өзге адамдардың ұсынымы бойынша, кiнәлiнiң қызметтiк жағдайы және т.б.».
Сiзге жүгiнген кезде мұқият және сақ болыңыздар!
Аудан әкiмiнiң құқықтық мәселелер жөнiндегi кеңесшiсi
Б. Бектасова