Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес, бiржолғы зейнетақы төлемi — тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында салымшы (алушы) БЖЗҚ-дан алатын мiндеттi зейнетақы жарналары және (немесе) мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары есебiнен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының сомасы.
Зейнетақы жинақтары — салымшының (зейнетақы төлемдерiн алушының) БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында есептелетiн, зейнетақы жарналарын, инвестициялық кiрiстi, өсiмпұлды және өзге де түсiмдердi қамтитын ақшасы.
Салымшының жеке зейнетақы шотына түскен кезде зейнетақы жарналарына жеке табыс салығы (ЖТС) салынбайды. Салық зейнетақы жинақтары төлемiн алған кезде салынады.
Бiржолғы зейнетақы төлемдерiнiң сомаларына салық салу тәртiбiн айқындау мақсатында Салық кодексi «Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес бiржолғы зейнетақы төлемiнен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және төлеу ерекшелiктерi» көрсетiлген 351-1-бабымен толықтырылды.
Салық кодексiне сәйкес, БЖЗҚ салық агентi ретiнде зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес есептелген бiржолғы зейнетақы төлемiн алушының және (немесе) уәкiлеттi оператордың банк шотына аударған кезде ЖТС есептейдi. ЖТС бiржолғы зейнетақы төлемiнiң сомасына Салық кодексiнiң 320-бабында белгiленген мөлшерлемелердi (10%) қолдану арқылы есептеледi.
БЖЗҚ Салық кодексiнiң 351-1-бабының 2-тармағына сәйкес салымшы таңдап алған, келесi екi тәсiлдiң бiрi бойынша жеке табыс салығының сомасын ұстап қалуды және мемлекеттiк бюджетке аударуды жүргiзедi:
1) Салық кодексiнiң 351-бабында көзделген тәртiппен бiржолғы зейнетақы төлемiн жүзеге асыру күнiнен кешiктiрмей, бiр-ақ рет;
2) зейнетке шыққан кезде он алты жылдан аспайтын мерзiм iшiнде ай сайын тең үлестермен (БЖЗҚ белгiлеген зейнетақы төлемдерi кестесi бойынша).
Салымшының ЖТС төлеу тәсiлiн таңдау жөнiндегi шешiмi оның уәкiлеттi операторға берген өтiнiшiнде көрсетiлуге тиiс.
Салымшы ЖТС-ты бiр-ақ рет ұстап қалу туралы өтiнiш берген жағдайда БЖЗҚ бiржолғы зейнетақы төлемiн жүзеге асырған кезде ЖТС-ты бiржолғы зейнетақы төлемi сомасынан бiрден ұстап қалатын болады.
Мысалы:
• салымшының ЖЗШ-сындағы зейнетақы жинақтарының сомасы = 8 500 000 теңге
• зейнетақы жинақтарының ең аз жеткiлiктiлiк шегi = 3 500 000 теңге
• бiржолғы зейнетақы төлемiне қолжетiмдi сома= 8 500 000 — 3 500 000 = 5 000 000 теңге
• бiржолғы зейнетақы төлемi түрiндегi есептелген табыс = 5 000 000 теңге
• ұстап қалынатын және бюджетке аударылатын ЖТС сомасы= 5 000 000*10%= 500 000 теңге
• төлем көзiнен ұсталған ЖТС шегерiлген бiржолғы зейнетақы төлемi түрiндегi табыс сомасы= 5 000 000 — 500 000 = 4 500 000 теңге.
Салымшы ЖТС-ты ай сайын тең үлестермен ұстап қалу туралы өтiнiш берген кезде БЖЗҚ бiржолғы зейнетақы төлемiн жүзеге асыру кезiнде ЖТС сомасын ұстамай, мемлекеттiк бюджетке аудармай есептейтiн болады. Есептелген ЖТС-ты ұстап қалу және аудару жеке тұлға зейнетақы жасына жеткен кезде БЖЗҚ белгiлеген зейнетақы төлемдерi кестесi бойынша он алты жылдан аспайтын мерзiм iшiнде тең үлестермен жүзеге асырылатын болады.
Мысал:
• салымшының ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтарының сомасы = 8 500 000 теңге
• зейнетақы жинақтарының ең аз жеткiлiктiлiк шегi = 3 500 000 теңге
• бiржолғы зейнетақы төлемi түрiндегi есептелген табыс = 5 000 000 теңге
• есептелген ЖТС сомасы= 5 000 000 * 10%= 500 000 теңге
• төлем көзiнен ЖТС ұсталмайтын бiржолғы зейнетақы төлемi түрiндегi табыс сомасы = 5 000 000 теңге.
Егер салымшы бiрiншi тәсiл — ЖТС-ты дереу толық көлемде төлеу туралы шешiм қабылдаса, онда ол өтiнiште алуға болатын соманы 10% мөлшерiндегi ЖТС-ты шегере отырып көрсетуi тиiс. Егер салымшы ЖТС төлеу мерзiмiн ұзартуды пайдалану туралы екiншi тәсiлдi таңдаған болса, онда ол өтiнiште алуға сұраныс жасалған соманы ЖТС-ты шегерусiз көрсетуi қажет.
БЖЗҚ беретiн үзiндi көшiрмеде салымшыға ыңғайлы және өз бетiнше таңдау жасау үшiн екi сома да көрсетiлген. Салымшы көрсететiн, алуға болатын сома БЖЗҚ-дан оның уәкiлеттi операторда ашылған арнайы шотына түседi.