Соколов орман шаруашылығындағы еңбекқор жастар

Соколов орман шаруашылығындағы еңбекқор жастар

Аумақты тазарту, сыпырғыш жасау, тұқым дайындау мен оларды жерге сiңдiру. Бұл — Соколов орман шаруашылығы. Мұндағы шаруаға жасылелдiктер бiлек сыбана кiрiсiп кеткен. Олардың бүгiнгi мiндетi — қоршауды сырлау. Тимур Чернооглу — «Жасыл ел» жасағының мүшесi. Еңбекқор жас колледждердiң бiрiнде өрт инспекторы мамандығы бойынша бiлiм алуда. 2 апта iшiнде табиғатпен етене араласып, көп нәрсе үйренгенiн айтады. Сонымен қатар, өңiр жастарын қоршаған ортаны аялап, оны қорғауға шақырады.

Тимур Чернооглу, «Жасыл ел» жасағының мүшесi:

– Бiз бұтақтарды жинап, сыпырғыш жасаймыз. Осы жерде жарты күн жұмыс iстеймiз. Кейiн орманға барамыз. Жұмыс күнi аяқталған соң үйге қайтамыз. Жазғы демалысымды қызықты да пайдалы өткiздiм. Жалақым өзiме жетедi. «Алғашқы алған ақшамды қажетiме жұмсадым, ал екiншiсiн оқуыма төлемекшiмiн.

Зада Аманжолова — Соколов орман шаруашылығының орманды пайдалану iсi жөнiндегi инженерi. Маманның қызмет атқарып жүргенiне 15 жыл болыпты. Оның сөзiнше, жастар әр шаруаны ынтамен, ұқыпты орындайды екен.

Зада Аманжолова, Соколов орман шаруашылығының орманды пайдалану жөнiндегi инженерi:

– Бiр айлық ақылары — 75 мың теңге. Оның 50 пайызын — мемлекет, 50 пайызын Соколов орман шаруашылығы төлейдi. Жастар қандай жұмыс болса да бәрiн мұқият орындайды. Олар орманға барып, қайың тұқымын теруге, ағаш шығаруға көмектеседi. Шыршалы қылқанжапырақтылардың төменгi бұтақтарын алысады.

Ынталы жастар күнұзаққа дейiн қызмет етедi. Жұмыс уақыты сағат таңғы 9-дан кешкi 6 жарымға дейiн жалғасады. Мына жердегi ұл-қыздар қоршау сырлап жатса, қалған жұмысшылар тәлiмбақта еңбек етуде. Соколов орман шаруашылығында аталған арнайы аумақтардың саны — 4-еу. Көлемi 3 жарым гектар жердi алып жатыр. Қазiр қызметкерлер отырғызылған өсiмдiктердi суаруда.

Наталья Евсюкова, Соколов орман шаруашылығының ормандарды қалпына келтiру жөнiндегi инженерi:

– Сондай-ақ, жасылелдiктер қайың тұқымын жинаумен айналысады. Мәселен, Налобинодағы тәлiмбақтан бiр жазда 180 келi жинауымыз керек. Тұқым терiлiп, тексеруден өткен соң оны тәлiмбаққа қайтадан егемiз.

Келесi жылы жас көшеттер қазылып алынып, орманға отырғызылады. Айта кеткен жөн, «Жасыл ел» қозғалысына биыл 15 жыл толып отыр. Өңiрде «Жасыл ел» жасағының қатарындағы солтүстiкқазақстандықтардың саны 400-ден асады. Олардың денi орман шаруашылықтарында еңбектенiп жүр.

mtrk.kz