Құмырсқалар илеу салудан басқа қандай қызмет атқарады дейсiз ғой. Дәл осы сұрақтың жауабын көбi бiле бермейдi. Алайда, еңбекқор тiршiлiк иелерi ағаштарды зиянкес жәндiктерден қорғайды екен. Әсiресе, орманға тигiзер пайдасы мол. Қазiргi күнi Орлиногор орман шаруашылығында оларды көбейту жұмыстары жүргiзiлiп жатыр.
Орлиногор орман шаруашылығы 4 ауданға тиесiлi аумақта орналасқан. Яғни, Айыртау, Тайынша, Ақжар мен Уәлиханов аудандары. Оның жалпы көлемi 37 мың гектардан асады. 24 мыңнан көбi — орманды алқаптар. Өткен аптада бiз табиғаты көркем жерге барып, өрттiң алдын алу жұмыстарымен танысқан болатынбыз. Сол уақытта жергiлiктi орманшылармен бiрге құмырсқалардың тiршiлiгiне де куә болдық.
Табиғат, қоршаған орта, жан-жануарлар — барлығы бiр-бiрiмен өзара тығыз байланыс жасайды. Мұнда да сол жүйе. Әлемдегi ең еңбекқор жәндiктердiң илеуiнде қыж-қыж қайнаған тiршiлiк. Миллиондаған құмырсқа жаратылғалы берi ДНК-ларында сақталып қалған миссияны атқаруда. Олардың экожүйеге қосатын үлесi зор.
Тимофей Семёнов, «Орлиногор орман шаруашылығы» КММ директорының орынбасары:
— Орманда илеудiң көп болғаны жақсы. Себебi, құмырсқалар ағаштарға залал тигiзетiн зиянкес жәндiктермен қоректенедi. Осылайша жасыл желектiң дұрыс өсуiне үлестерiн қосады. Бiр илеу маңындағы 10-даған ағашты тазартады.
Сәуiр мен мамыр айлары құмырсқалардың ең белсендi кезi екен. Осыны пайдаланып орманшылар оларды көбейту шараларын жүргiзуде. Мамандар илеудiң үстiңгi бөлiгiн қапқа салып ап басқа жерге қояды.
Тимофей Семёнов, «Орлиногор орман шаруашылығы» КММ директорының орынбасары:
— Мұнда қарағай, көктерек пен қайың ағаштары өседi. Оларды зиянкес жәндiктерден қорғау мақсатында бұл шараны жыл сайын көктем мен жаз уақыттарында жүргiзiп тұрамыз. Жаңағы бiз апарған бөлiктен бiр жылдың iшiнде үлкен илеу пайда болады.
Сондай-ақ, мамандар, орманда қараторғайға арнап ұялар жасайды екен. Қараторғай да ағаштардағы құртпен қоректенiп, жасыл желектi зиянкестерден емдейдi. Жалпы, мұнда жылына 30-ға жуық ұя орнатылады.