Апаттың алдын алып, ағаштарды өрттен сақтау қажет. Қазiргi күнi жергiлiктi орман алқаптарында минералды жолақ жырту жұмыстары белсендi жүргiзiлiп жатыр. Сондай-ақ, Айыртау ауданындағы Орлиногор орман шаруашылығында күзет күшейтiлген. Мамандар Бүркiттi деп аталатын таудың басында тұрып, 37 мың гектар алқапты тәулiк бойы қадағалайды.
Орлиногор орман шаруашылығы 4 ауданға тиесiлi аумақта орналасқан. Яғни, Айыртау, Тайынша, Ақжар мен Уәлиханов аудандары. Оның жалпы көлемi 37 мың 273 гектарды құрайды. 24 мыңнан астамы — орманды алқаптар. Көктемнен күзге дейiн мұндағы күзет күшейтiледi. Себебi, жаздың аптабында орман өртiнiң қаупi артады. Оған қоса табиғат аясында демалушылардың қатары да көбейедi. Күзетшiлермен тiлдесу үшiн Бүркiттi деп аталатын мына таудың басына көтерiлдiк. Оның биiктiгi 372 метрдi құрайды. Әйтсе де төбеге шығу бiраз уақыт алады екен. Ара-арасында, тiптi, отырып демалуға тура келдi.
Бердiмұрат Баймұқан — тiлшi:
– Бiздiң көтерiлiп келе жатқанымызға шамамен жарты сағаттай уақыт болды. Бiрақ, таудың шыңына әлi жеткен жоқпыз. Ал күзетшiлер бұл шыңды 15-20 минуттың iшiнде бағындырады екен.
Бiз айтқан шың, мiне — мынау. Аталған нүктеде күзету қосыны орналасқан. Дәл осы орыннан 37 мың гектар жер алақандағыдай болып көрiнедi.
Айқын Рақымжанов 59 жаста. Орман тыныштығын күзетiп жүргенiне биыл 3 жыл. Ағамыз зейнет жасына таяса да, ширақтығы жастардан кем емес.
Айқын Рақымжанов — «Орлиногор орман шаруашылығы» КММ күзетшiсi:
– Бiз 2 тәулiкте бiр көтерiлемiз. Үйренiп алғаннан кейiн аса қиын емес. Басында жарты сағат болса, қазiр 20 минутта көтерiлемiз. Сосын, таудың бiр шетiнен толық аумақты бақылап үлгермеймiз. Сол себептi, бiр орында отырмай екi жаққа да жүрiп отырамыз. Оған 10-15 минут уақыт кетедi. Сол уақытта бүкiл территорияны қамтып отырамыз.
Қосында 3 күзетшi қызмет етедi. Мамандар осылайша дүрбiмен барлық аумақты жарты сағат сайын бақылап отырады. Түтiн шыққан бетте лезде өрт сөндiрушiлерге хабар бередi. Биыл Айыртау ауданында 4 рет орман өртi болды. Алайда, қырағы күзетшiлердiң арқасында от лезде өшiрiлiп, ағаштар апаттан аман қалды.
Егер де қызыл жалын бас көтерiп, үлкен көлемдi шарпымасын десек, алдын алу шараларын да ұмытпаған жөн. Сол себептi, қазiр мұнда өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары қызу жүрiп жатыр. Мамандар осылайша енi 4 метр, ұзындығы 520 км болатын жолақ жасайды. Бұл көктемге ғана. Шаруа жаз бен күз уақыттарында тағы қайталанад. Сондай-ақ, шаруашылықтың өзiнде де өрт сөндiру техникалары бар. Мамандар бұл машиналармен орманнан бөлек, ауылдағы үйлердi де қызыл жалыннан құтқаруға шығады екен.
Темiржан Сәкенов, «Орлиногор орман шаруашылығы» КММ директоры:
– Мамандар жазғы маусымда жергiлiктi тұрғындармен кездесiп, түсiндiру жұмыстарын жүргiзедi. Өрт қауiпсiздiгi жайлы нұсқаулықтар таратамыз. Сондай-ақ, әр аудандағы елдi мекендерде ерiктiлер жасағы бар. Олар хабар жеткен бетте жедел әрекет етiп, тiлсiз жауды ауыздықтауға қатысады.
Жалпы, Солтүстiк Қазақстан облысындағы орман алқаптарында биыл 36 мың 307 шақырым жерге жолақ жырту жұмыстары жүргiзiледi.