2017 жылдан бастап ел аумағында көктемде аң аулауға тыйым салынған. Алайда бұл браконьерлерге тоқтау салар емес. Облыста жыл басынан заңсыз аң аулаушыларға қатысты 10 хаттама толтырылды. Бiздiң түсiрiлiм тобы табиғатты қорғаушылармен рейдке шығып келдi.
Қызылжар өңiрi — табиғаты көркем, сирек кездесетiн аң-құстарға бай өлке. Мысалы, облыс аумағында ақ құтан мен қызылжемсаулы қарашақаз құсын кездестiруге болады. Көктемде жыл құстары оралысымен қорықшылар рейдтер ұйымдастырып, оларды қорғауға алады. Өкiнiшке орай, заңды белшесiнен басып, аң аулауға шығатындар аз емес. Александр Шитов орман шаруашылығында 1998 жылдан берi жұмыс iстеп келедi. Тәжiрибесi мол қорықшы браконьерлердi бiрден ажырата алады.
Александр Шитов, «Булаев орман шаруашылығы» КММ маманы:
— Бiздiң өлкемiзде сирек кездесетiн жануарлар — орман сусары мен мәрмәр шүрегей құс бар. Олар Қызыл кiтапқа енгiзiлген. Мәселен, қызылжемсаулы қарашақазға жем берiп, өсiрiп жатырмыз, содан соң ақ қаздармен солтүстiкке қарай ұшып кетедi.
Александр Васильевичтiң кеңесiнiң арқасында бiздiң түсiру тобы түлкi, елiк, кәмшат және борсықты байқай алды. Қорықшылардың мiндетiне жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және құс-жануарлар санын есептеу кiредi. Күн демей түн демей, Табиғи ресурстар басқармасының ведомствосындағы мамандар тәртiп бұзушылармен күреседi.
Әр рейдте заңсыз аң аулауға келгендер қолға түседi, дейдi мамандар. Бұл жолы табиғатты қорғаушылар қаз атуға келгендердi ұстады. Ендi олар 5 АЕК мөлшерiнде айыппұл төлейтiн болды. Одан бөлек, ТЖ кезiнде карантиндiк режимдi бұзғаны үшiн және уәкiлеттi органдарға бағынбағаны үшiн де жазаға тартылады.
Ерлан Тәшiмов, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлiм басшысы:
— Екi адам заңсыз түрде екi қазды атып алған. Осы дерекке байланысты материалдар жиналып жатыр. Естерiңiзге сала кетсек, аң аулау маусымы 15 ақпаннан тоқтатылды. Кез келген жабайы құсты аулауға тыйым салынған.
Қорықшылар өлкенiң жан-жануарға толы ғажайып табиғатын сақтап қалу мақсатында аңшыларды рұқсатсыз аң аулауға шықпауға шақырады. Аң аулау маусымы шiлденiң бiрiнен ашылмақ.