Солтүстiк Қазақстан облысында сәуiрдiң 6-нан бастап өрттiң қауiптi кезеңi басталған болатын. Қазiргi таңда алқаптар мен орманда былтырдан қалған шөп қурап тұр. Тәжiрибе көрсеткендей, өрттiң шығуына адами фактор себепкер. Өйткенi қарапайым ережелер сақталмайды. Сондықтан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қарамағындағы 12 мемлекеттiк орман мекемесi өрттiң алдын алу шарасын ерекше бақылауға алған.
Орманда өрт болып жатқаны туралы ақпар келiп түстi. Мамандар бiрден арнайы киiмдерiн киiп, өрт сөндiруге арналған автокөлiкке мiнiп, оқиғаға орнына жүйтки жөнелдi. Бұл — орман шаруашылығы қызметкерлерiнiң бiр күндiк қызметiнен қысқаша көрiнiс. Табиғат жанашырлары кез-келген уақытта сақадай сай тұрады. Өйткенi орман өртiн болдыртпау — басты назарда,-дейдi олар. Бүгiнгi таңда Қызылжар орман шаруашылығының қызметкерлерi тәулiк бойы кезекшiлiк атқарып, жағдайдан хабардар етедi. Жалпы облыс бойынша 16 интерактивтi бейнебақылау жүйесi бар. Оның арқасында жұмыстар бiраз жеңiлдептi.
Қайрат Қалықов, «Қызылжар орман шаруашылығы» КММ директоры:
— «Кезекшiлiкте қазiргi таңда 4 адам қызмет етедi тәулiк бойы. Әр қызметкер өзiнiң ережесiн тиянақты орындап, жұмыстарын жасап жатыр. Бiздiң мемлекеттiк мекемеде бейнебақылау орнатылған. Бұл бейнебақылаудың арқасында бiз қала шеңберi бойынша қай жерде өрт қаупi бар екенiн байқап бақылап отырамыз. Бүгiнгi таңда техникалық жағдай өте жақсы. Тағы қосалқы автокөлiктер патрульдiк рейдке арнайы алайын деп жатырмыз».
Нұрбол Балғабеков, тiлшi:
— «Көктем жылынғаннан берi табиғат жанашырларының жұмысы өте қауырт. Өйткенi дәл осы кезеңде орман алқаптарында өрт қаупi өте жоғары. Сондықтан мамандар осылай арнайы техниканың көмегiмен орман маңын жыртып, жердi өңдейдi».
Қызылжар орман шаруашылығына қарасты «Куйбышев» шаруашылығының орманшысы Вячеслав Салтыков бұл салада 20 жылдан астам уақыт еңбек етедi. Айтуынша, ең iрi өрт 2002, 2003 жылдары тiркелген.
Вячеслав Салтыков, «Куйбышев орман шаруашылығы» КММ орманшысы:
— «Тұрғындар қарапайым ережерелердi сақтамайды. Сондықтан бiз бiр тәулiктiң iшiнде шамамен 20 рет алқаптарға шығып, қызыл жалынмен күресемiз. Әйтпесе, тiлсiз жау орманға кiрiп, iрi өрт оқиғасы тiркелуi мүмкiн. Сондықтан адамдарға айтарым, орманды қорғайық. Оған зиян келтiрмейiк».
Облыс әкiмi Құмар Ақсақалов кеше өткен әкiмдiк отырысында сабан қалдықтарын күйдiруге тыйым салуды тапсырды. Өйткенi, осының кесiрiнен орманға залал келтiрiлiп жатыр. Биылдың өзiнде 4 орман өртi тiркелiп, 5 гектар жасыл желек күйдi.
Василий Лобанчук, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлiм жетекшiсi:
— «Өткен жылы 16 орман өртi тiркелiп, 32 гектарда жасыл желек күйiп кеттi. Орманда өрт қауiпсiздiгi талаптары мен санитарлық қағидаларды бұзған тұлғалар 367 бапқа сай әкiмшiлiк жауапқа тартылатынын еске сала кетейiк. Былтыр осындай қауiпсiздiк талаптарын елемеген 4 адам жауапкершiлiкке тартылды. Бiз түсiндiру жұмыстарын жиi өткiзiп отырамыз.»
Айта кету қажет, 12 мемлекеттiк орман мекемесiндегi 16 өрт станциясында 26 өрт сөндiруге арналған автокөлiк бар. Олар қызыл жалынды ауыздықтауға кез келген уақытта шығуға әзiр.